Accessibility links

Қазақстан университеттерінің білім сапасы рейтингі шығарылды

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Қазақстанның білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан салыстырмалы әлеуметтік зерттеу институты өткізген рейтингтің нәтижесі бойынша көпсалалы жоғарғы оқу орындары арасында білім сапасы жоғары ретінде алдыңғы қатарда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті аталды.

- Бұл рейтинг өткізілгенде БАҚ-рында берілген жоғарғы оқу орындары туралы ақпараттар пайдаланылды, - деді журналистермен өткен брифингте Қазақстанның білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова.

Рейтингтің нәтижесін жариялаған министр Б.Әйтімова техникалық салада Қарағанды мемлекеттік техникалық университеттің алдыңғы қатарда көрінгеніне таң қалғандығын айтып, бұл салада басқа оқу орындары алдыңғы қатарға шыға ма деп үміттеніп едім деді министр Әйтімова:

- Менің ойлауымша, Алматылық техникалық жоғарғы оқу орындары алға шыға ма деп едім. Шынымен де Қарағанды озып кеткеніне таң қалдым. Бұл рейтингті салыстырмалы әлеуметтік зерттеу институты дұрыс өткізді деп санаймын.

Жоғарғы оқу орындарының білім беру сапасын көрсететін рейтинг қортындысы бойынша оңтүстік өңірдегі жоғарғы оқу орындары соңғы қатардан көрінді. Білім және ғылым министрі Б.Әйтімова бұл рейтинг жоғарғы оқу орындары арасында бәсекелестік туғызып, оқу сапасын көтеруге мүмкіндік туғызады деп санайды.

- Осыдан кейін төменгі деңгейдегі оқу орындарына ешқандай шара қолданбаймыз. Болашақта аттестация болады, сол кезде көреміз. Ал, мына рейтинг олардың арасында бәсекелестік туғызады. Алдыңғы қатарға шыққандарға қарап басқалары өзіндегі оқу сапасын көтеруге тырысатын болады, - деді ҚР білім және ғылым министрі Б.Әйтімова.

Білім және ғылым министрлігі мен салыстырмалы әлеуметтік зерттеу институты өткізген жоғарғы оқу орындарының рейтингі туралы мәлімет жастар қоғамы арасында әртүрлі пікір тудырып отыр. «Айбат» жастар қозғалысының өкілі Жанбота Қарашолақов Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің алдыңғы қатардан көрінгеніне өзінің шүбәланатынын айтады.

- Мен күмәндімін бұл рейтингке. Еуразия универсиетінің білім беру сапасы жақсы дегенге сенбеймін. Мен онда оқығанмын. Онда студенттерге жақсы жағдай жасалмаған. Бюрократия орын алған оқу орны. Ал, рейтинг өткізілгенде, студенттер арасында ешқандай сауалнама жүргізілген жоқ. Егер олардың пікірін сұрағанда - Еуразия универсиетінің студенттері айтар еді.

Ал Қазақстан Жастар Конгресінің мүшесі Мадияр Қожахмет бұл әділ өткізілген рейтинг дейді:

- Мен Еуразия университетінде оқыдым. Мен сенемін ол университеттің білім беру сапасы жоғары екендігіне. Мен сол оқу орнын тәмамдап қызмет істеп жүрмін. Жалпы, рейтинг барлық саланы қамтыды деп сенемін.

Министр Б.Әйтімованың пікірінше, осы рейтинг арқылы мектеп бітіріп жатқан талапкерлерге жоғарғы оқу орынын таңдауға мүмкіндік туып отыр.

- Міне, талапкерлер мектеп бітіріп жатыр. Біз оларға ымдамаймыз, тура айтамыз - қай оқу орнының деңгейі жоғары екендігін, - дейді министр.

Жастар Ассоциациясының өкілі Асылзат Әуесбаева талапкерлердің оқу орнын таңдауға бұл рейтинг үлкен мүмкіндік туғызады деп санамайды.

- Рейтинг өткізіле берсін. Бірақ, жастарға оқу орнын таңдауға мүмкіндік туғызады деген пікір дұрыс емес. Ана оқу орны жаман, мына оқу орны жақсы дегенмен келіспеймін.

«Айбат» жастар қозғалысының мүшесі Жанбота Қарашолақов қазіргі талапкерлер қалтасына қарай оқу орынын таңдайды дейді.

Қазақстанның Білім және ғылым министрі Б.Әйтімова ханым берген деректерге сүйенсек, салыстырмалы әлеуметтік зерттеу институтымен бірлесіп өткізілген осы рейтингке республика бойынша 110 жоғарғы оқу орнының 90-ы қатысып, 20-ы одан бас тартыпты.
XS
SM
MD
LG