Accessibility links

Қазақстанда «Қазкосмос» ұлттық компаниясы құрылды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Жаңа ұлттық компания жерді ғарыштан зерттеу аппараттарын шығару және басқа да ірі жобаларды жүзеге асырмақ. Жобаларға қаржы бюджеттен бөлінеді. Бұл туралы Азаттық радиосына Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Өтембаев хабарлап отыр.

Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Өтембаев мырза «Қазкосмос» ұлттық компаниясын құру осы жылдың қаңтарында қабылданған Қазақстанда ғарыштық қызметті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасында қаралғанын айтады. Ал, бұл бағдарламаны орындайтын жаңадан құрылған «Қазкосмос» ұлттық компаниясы болады дейді. Сондай-ақ ол экология саласына сырттан зерттеу жасалатынын және бұл салаға қажетті мамандар дайындалатынын айтады.

Парламент сенатының депутаты Уәлихан Қайсаров Қазақстанда мұндай шаралар әлдеқайда ертерек қолға алынуы керек еді деп есептейді. Сенатор Қайсаровтың пікірінше, бұл саладағы жұмыстардан жуық жылдарда пайда табу мүмкін емес. Ал, Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев жаңадан құрылған «Қазкосмос» ұлттық компаниясының болашағынан үмітті.

- Байланыс жүйесінде біз басқалардың жер серіктерін пайдаланбауымыз қажет, оларға көп қаржы төлемеуіміз керек. Өйткені, оның барлығы жоғары технологиялар, олар қымбат. Сондықтан өз жер серіктерімізді шығаруымыз керек, - дейді депутат З.Алшымбаев.

Ал, Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметкері Нұрлан Қалқа ғарыштық қызмет жөніндегі ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже әзірленіп бекітілгенін және үкімет басшысының бұл бағытта біраз жұмыс атқарылғанына маңыз беріп отырғанын айтады.

Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Өтембаев мырзаның айтуынша, «Қазсат» ғарыш аппараты биылғы жылы желтоқсанда ғарышқа ұшырылады деп жоспарланған. Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали болса, Қазақстанның ғарыш саласын дамытуға жұмсаған қаржысы қайтарымды болады дейді.
XS
SM
MD
LG