Accessibility links

Қазақстанда маусым айында ілкі туристік кластер құрылады


Қазақстан үкіметінде Алматы облысында туристік кластер жасау бағдарламасы қаралып жатыр. Оны маусым айында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы туристік қызметті реттеу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Евгений Никитинский мәлімдеді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, келген әр турист орта есеппен 700 доллар тастап кетеді екен. Туризм саласының мамандары есептегендей, егер бәрі ойдағыдай болса 2005 жылы Қазақстан туризм арқасында 42 миллион доллар табыс табуға тиіс. Бірақ, қайсібір экономистер туризм саласында ұран көп болғанымен, нақты жұмыс әлі жасалған жоқ деген пікірде.

Туристік қызметті реттеу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Евгений Никитинский айтып өткендей, кластер жасау үшін, жол жөнделеді, коммуникация байланыс, тамақтану нысандары жасалады.

Үкіметтен Астанада туризм орталығын ашуды сұраған мамандығы экономист, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Уалихан Қайсаров, Қазақстанда туризм саласын дамыту керек деген ұран көп болғанымен, атқарылып жатқан жұмыс жоқтың қасы деп отыр:

- Премьер келген кезде туризм және экологияны жақсарту керек, деген. Бірақ, туризм жақсарған жоқ, құр сөз, түк істеліп жатқан жоқ.

Туризм саласының мамандары есептегендей, егер, бәрі ойдағыдай болса 2005 жылы Қазақстан туризм арқасында 42 миллион доллар табыс табуға тиіс екен. Сенатор Уалихан Қайсаров туризмнен түсетін ақшаны 100 есеге көбейтуге болады дейді. Ол үшін депутат нақты екі ұсыныс жасап отыр:

- Зымыран ұшқанын көру үшін, мыңдаған адам жинауға болады. Әркімнен 10-20 мың доллар алуға болады. Мысалы - аңшылық. Араб Әмірліктерінен қаншама адам әкелуге болады. Бірақ, бізде олар үшін инфрақұрылым әлі жасалмаған.

Туристік қызметті реттеу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Евгений Никитинский айтып өткендей, туристік салаға бюджеттен және жеке инвесторлардан қаржы салынады. Егер, республикалық маңыздағы жол болса, онда қаржы бюджеттен, ал, нысандарға жеке компаниялардан алынады дейді ол.

Бірақ, әзірге туризмнен түсетін табыс үлкен емес. Экономика саласы ретінде ол тек 2002 жылы қолға алынған. Соның кесірінен туризм саласының дамуы баяу болған дейді сарапшылар. Қазақстанға кіретіндердің көбі туристік емес, іскерлік сапармен келеді. Территориясы үлкен Қазақстанда туристерді орналастыратын небәрі 320 нысан бар дейді мамандар. Оның өзі қонақ үйлерді қосып есептегенде. Қазақстанда 4-5 жұлдызды алып ғимараттар салынғанымен бұқаралық туризмге қажет 3 жұлдызды қонақ үйлер жоқтың қасы дейді туристік компания өкілдері.

«Алма тревел адженси» компаниясының менеджері Марина Виниченконың айтуынша, Қазақстанда демалыс орындарына баратын жолдар реттелмеген. Арнайы көлік жоқ. Болған күннің өзінде, сол тасымал мәселесіне байланысты, жолдама бағасы қымбаттап кетеді дейді ол.

Қазақстанда шет елдік қонақтардың ықыласын аударатын нысандардың бар екенін насихаттайтын жарнамалау акциялары жеткіліксіз деген пікір бар. Ал, туризмді дамытуға бөлінетін қаражат қонақ үй салмақ түгіл, халықаралық көрмелерге қазақстандық делегацияларды қатыстырудан артылмайды дейді туристік компания өкілдері.

«Алма тревел адженси» компаниясының менеджері Марина Виниченконың пікірінше, туристерді қызықтырудың тағы бір амалы - жарнаманы көбейту керек, өйткені, табиғаты сұлу жерлер туралы ақпарат жоқтың қасы, ал, туризм туралы мамандандырылған журналдар мүлде жоқ дейді ол.

Қазір шенеуніктер Қазақстанның сыртқы істер министрлігімен визалық жұмыстар төңірегінде келісссөздер жүргізуде. Егер, дамыған елдердегідей визаларды шет елдік азаматтарға әуежайларда беретін болсақ, туристердің ағымы көбейетіні белгілі дейді мамандар. Бұл сөзге мысалға көршілес Қырғызстанды келтіріп, ол елде әуежайдан шықпай-ақ 50 доллар төлеп, виза алуға жағдай жасалғанын айтады.
XS
SM
MD
LG