Accessibility links

Баспасөзге шолу. 25 мамыр 2005 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Сәрсенбілік газеттерде Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының ашылуы орталық тақырыпқа негіз болыпты. Бұл орайда, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынастар жайы да қозғалыпты. Сондай-ақ, бірқатар басылымдар Қазақстандағы заңсыз мигранттар жайына да назар аударыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті өзінің сәрсенбілік санының басты тақырыбын «Ынтымақтастық негізі тереңде жатыр» деп атапты. Бұл мақалада мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Әзірбайжан Республикасына жасаған ресми сапары жөнінде айтылыпты. Бакуден жолдаған мақаласында газет тілішісі Әлисұлтан Құнанбайұлы қос ел басшылары екі елдің ынтымақтастығын дамытуды көздейтін мәселелерді әңгімелескен.

Мақала авторының жазуынша, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы өзара тауар айналымы соңғы екі жылда екі жарым есеге артқан. Мысалы, 2003 жылы 106,5 миллион доллар болса, өткен жылы 303,2 миллион долларды құраған.

Екі ел басшыларының кездесулері қортындысында Қазақстан мен Әзірбайжан ынтымақтастығын дамытуды көздейтін алты түрлі құжатқа қол қойылған. Ең маңыздысы - Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан арасындағы стратегиялық әріптестік және одақтастық туралы шарт болмақ деп жазады газет тілшісі.

Республикалық-қоғамдық «Айқын» газеті де өзінің сәрсенбілік санында Қазақстан президентінің Әзірбайжан еліне сапары туралы көлемді мақала жариялапты. Газет тілшісі Кәмшат Сатиева екі ел арасындағы келісім-шарттардың маңыздылығына тоқталыпты. Сондай-ақ газетте екі ел басшыларының Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына қатысты айтқандары жазылыпты.

Қазақстан басшысы Қазақстанның көп векторлы мұнай саясатын жүргізуді тиімді деп санайтындығын, болашақта Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырынан тыс Қазақстан-Қытай мұнай құбырын да пайдалануды жоспарлап отырғандығын білідіріпті.

«Экспресс-К» газеті болса өзінің сәрсенбілік санында Алматы қалалық ІІБ басқармасының көші-қон полициясының дүйсенбі күні Алматы қаласында салынып жатқан түрлі құрылыс нысандарда заңсыз жұмыс істеп жүрген Өзбекстанның 250-дей азаматын ұстап, Өзбекстанға қайтарғаны туралы жазыпты. Заң қызметкерлері Өзбекстан азаматтарын 3 автобусқа тиеп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Черняевка атты шекара бекетіне жеткізбек.

Одан соң Қазақстан жағы заңсыз мигранттарды Өзбекстан шекарашылары қолына тапсырады. Газет тілшісі Вероника Кинтоптың жазуына қарағанда, бүгінгі күні Алматы қаласында 43 мың шетел азаматтары тіркелген екен. Бұлардың 18 мыңы өзбектер көрінеді.

«Айқын» газеті де сәрсенбілік санында осы заңсыз көші-қон мәселесіне назар салыпты. Газет тілшісі Әндіжандағы оқиғадан соң Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның мықтап бекігенін айта отырып, кеше ғана Қазығұрт бекетінде «Камаз» жүк көлігін тексергенде оның ішінен 62 тәжік азаматы шыққанын жазады. Олар өздерінің Ресейге бет алғандарын айтыпты.
XS
SM
MD
LG