Accessibility links

Баку-Тбилиси-Жейхан құбырының әзірбайжандық бөлігі іске қосылды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сәрсенбі күні Әзірбайжан астанасында Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының негізгі бастау алатын бөлігі салтанатты түрде ашылды. Бұл рәсімге Қазақстан, Түркия, Грузия және Әзербайжан президенттері қатысты.

Алдымен сөз алған Түркия президенті Неджет Сезер:

- Бұл мұнай жолы Шығыс-Батыс энергетикалық бағытындағы ең маңызды бір бөлік болып қалмақ. Бұл - 21-ғасырдағы Жаңа Жібек Жолы. Бұл жол аймақтық экономикалық тұрақтылыққа кепілдік береді, - деді.

Түркия басшысының сөзін қолдай сөйлеген Әзербайжан президенті Илхам Әлиев:

- Мұнай факторы және бұл ғасыр келісіміне қол қою соңғы жылдардағы Әзірбайжан дамуында үлкен рөл ойнады. Бұл келісімнің іске асуы еліміздің одан әрі өркендеуіне, жаңалануына негіз болмақ. Мен жақын арада Әзербайжанның экономикасы бақуат елге айналатындығына кәміл сенемін, - деді президент Илхам Әлиев.

Бұл мұнай құбыры жолының маңызы жөнінде кейбір деректерді айтсақ та жетіп қалар. Каспий теңізінен Жерорта теңізіне дейін жалғасатын бұл бағытпен 4 млрд доллар шамасындағы мұнай ағызылмақ. 1760 шақырымға созылатын бұл құбыр жолымен Орта Азия елдерінен өндірілетін мұнай Батыс Еуропа елдеріне жетпек.

Жермен, тау-таспен, сумен өтетін 1760 шақырымдық күрделі жобаны бас болып қолдап отырған және демеушілік жасап отырған АҚШ екендігі мәлім.

Сонда, АҚШ-тың Таяу Шығыс елдерінен алатын мұнайы аздық етіп отырғаны ма деген сауал туындайды. Әрине, ол мұнайдың өзі де аз емес. Бірақ, мұндағы АҚШ-тың негізгі мақсаты - сарапшы-талдаушылардың пікірінше - Ресейдің бұрынғы одақтас, көршілес елдерге деген энергетикалық билігін, өктемдігін барынша азайта түсу болса керек. Дегенмен, талдаушылардың топшылауынша, бұл мұнай құбыр жолының, қауіпсіздікке қоса, өзге де экономикалық, геостратегиялық мән-мазмұны аз болмаса керек.

Бұл құбыр жолы құрылысына «Бритиш петролеум» халықаралық концорсиумы жетекшілігіндегі 11 компания қатысқан. Жалпы, Әзербайжандағы ол үлкен жұмысқа батыстық компаниялар Совет Одағы құлағаннан кейін 3 жыл өткеннен соң өзара келісіммен кіріскен.

Баку-Тбилиси-Жейхан бағытымен енді Бакуден Тбилиси арқылы Түркиядағы Анадолы аймағындағы Ерзурум қаласына дейін қосымша табиғи газ құбыры да салынбақ. Ал бұл қос жобадан түсетін табыс та аз болмайды дейді сарапшылар. Грузия академиясынан экономист Твалчрелидзенің тілшімізге айтуынша, бұрынғы президент Шеварднадзенің кезінде жасалған Баку-Тбилиси-Жейхан жобасы қазірдің өзінде өз жемісін бере бастаған.

- Бұл жоба нәтижесінде іске асырылған құрылыстың өзінен Грузиядағы жылдық жалпы өнім 2 пайызға ұлғайды. Сондықтан, қазірдің өзінде бұл жобаның Грузия және өзге аймақтарға айтарлықтай табыс әкелетіндігі анық болып қалды, - дейді грузин экономист-ғалымы.

Ғалымның айтқанындай, Грузия энергия қуаты жағынан Ресейге барынша тәуелді екендігі шындық. Міне, сондықтан өз аумағынан Қазақ, Әзери мұнай-газын өткізу арқылы ғана энергия қуатын тегін алып, Грузия Мәскеудің экономикалық қыспағынан біршама босанбақ ниетте.

Бұл арада айта кететін бір жағдай, мамандардың шамалауынша, әзери мұнай қоры болжамдағы көлемнен түмендеу болып отыр. Дегенмен, АҚШ Әзірбайжанды Таяу Шығыс елдеріне балама ел ретінде тағы бір мұнай өндіруші аймақ қатарына қосады. Баку-Тбилиси-Ерзұрум газ жолы жобасында Ресейдің 10 пайыз үлесі бар. Бұл аз емес, әрине. Сондықтан, ол жолды Әзербайжанның негізгі экспорттық жолына қосуды Ресей өткен жылдың өзінде айтып қойған.

Енді, бұл жобаға қосылатын Қазақстанның үлесі қандай болмақ? Ресми мәліметке қарағанда, Қазақстан 2015-жылға қарай, жылына 150 млн тонна мұнай өндірмек. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мамырдың 24-і күні Бакуде:

- Сол өнімнің бір бөлігін БТЖ құбырымен ағызамыз. Оның алғашқы бөлігі Ақтаудан су астымен Бакуге жетеді, - деді.

Бірақ, президент И.Әлиевтің әкімшілік кеңсесінің жетекшісі Мехдиевтің сәрсенбі күні айтуынша, бұл жобада Қазақстанның қатысуы жөніндегі құжат әлі дайындалу үстінде екен.

Қазақстан өзімен мәңгі көршілес Ресей, 1 жарым млрд халқы бар Қытай және АҚШ-пен жұлдызы қарсы Иранмен өзара энергетикалық байланысының болашағын ойлаймын деп біршама уақытты жіберіп алған дген пікірлер де айтылып жүр. Қалай болғанда да, Қазақстан басшысы Назарбаев Бакудегі бұл салтанатқа қатысты.

2009 жылға қарай, БТЖ жобасы толықтай өз күшіне енген кезде, ол құбырмен тәулігіне 1 млн баррель мұнай батысқа қарай ақпақ.
XS
SM
MD
LG