Accessibility links

Алматыға Түркияның «Жібек жолы» жәрмеңке-пойызы келді

  • Досан БАЙМОЛДА

Сәуірдің 23-і күні Түркияның Стамбұл қаласынан шығып, көне Жібек жолы бойымен бес мемлекет - Иран, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан жері арқылы 10560 километр жол жүрген «Жібек жолы» атты көрме-жәрмеңке пойызы мамырдың 27-сі күні Алматыға келді.

Көне «Жібек Жолын» қайта жаңғырту мақсатында жолға шыққан бұл пойыз Түркияның 20-дай ірі, 80-ге жуық шағын фирма, компанияларының экспортқа шығаратын тауарларын алып келіпті. Осы іс-шараның ашылу рәсіміне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Түркия үкіметінің басшысы Режеп Ердоған қатысты. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған президент Назарбаев:

- Бұл пойыз кезінде біздің ата-бабаларымыз достық пен сауданың тату қарым-қатынасын жүргізген жол бойымен көне «Жібек жолын» қайта жаңғыртып келіп отыр, - деп атап көрсетті.

Түркияның үкімет басшысы Режеп Ердоған өз сөзінде бір кездері түріктердің ата-бабалары қоныс тепкен атажұртқа келіп, осындай игі іс шараны өткізіп жатқандарына қуанышты екендігін жасырмады. Ол сондай-ақ екі ел арасындағы сауда, тауар айналымының өсіп бара жатқандығын биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш бір миллиард АҚШ долларынан асатындығын айтты.

Осы көрме-жәрмеңкені ұйымдастырушы «Форум» атты фирманың өкілі Рашид Улкю мырзаның айтуынша «Жібек жолы» жобасының екі түрлі мақсаты бар. Біріншіден, бұл көне «Жібек жолы» бойындағы түркі тектес бауырлас халықтардың сауда, мәдени байланыстарын нығайтуды көздесе, екіншіден, бұл Қазақстан мен Түркия және басқа елдер арасындағы жүк тасушы контейнердің қысқа мерзімде жеткізілуіне жағдай жасай алмақшы. Жібек жолын қалпына келтіру жобасына Түркия үкіметі 2,6 млн доллар жұмсаған. Барлығы 19 вагонда 4 мыңдай тауар түрлері қойылған екен.

Стамбұлдан шыққан пойыз 39 күн жүріп Алматыға келіп отыр. Жолда Анкарада, Иранның Табриз, Тегеран, Машхад қалаларында болып, одан соң Түркіменстанның астанасы Ашхабад, Тәжікстан астанасы Душанбе қалаларында болған. Қырғызстан мен Өзбекстандағы оқиғаларға байланысты бұл елдерде пойыз тоқтамай жүріп өткен. Алматыда екі күн болып пойыз-жәрмеңке Астана қаласына барады. Ал мамырдың 31-і күні Түркияға қайтады.
XS
SM
MD
LG