Accessibility links

Советтік саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағы


Зейнеткер Сайдолла Мәженұлы Сүлейменовтің әке-шешесі 1937 жылы "халық жауы" атанып, атылған екен. Оларға Сәкен Сейфуллин мен Асылбек Абдуллин деген азамат үйлеріне қонды деген кінә қойылған. Бұл туралы Сайдолла Сүлейменов ақсақал Азаттық радиосына әңгімелеп берді.

Ресми деректерге сүйенсек, саяси қуғын-сүргін жылдарында тек Қазақстанның өзінде 22 мың ғылыми, мәдени, басқару саласының зиялылары қатал қуғын-сүргінге ұшыраған.

Сайдолла Сүлейменов 1937 жылы әке-шешесін кеңес өкіметі халық жауы деп ұстап әкеткенде алтыда, ал қарындасы төрт жаста болыпты.

- Әке-шешеммен бірге анамның әкесі де "халық жауы" деп ұсталды. Қаншама жыл тар жол тайғақ кешуге қарамай-ақ күресіп, өмірден өз орынымды таптым, екі жоғары дәрежелі білім алдым, - дейді Сайдолла ақсақал.

Алайда, ол кейін әке-шешесіне қатысты құжаттар қайта тексеріліп, онда оларға тағылған айыптардың жалған болғаны анықталғанын айтады. Жастай әке-шешеден айырылған Сайдолла Сүлейменов бастан өткерген қиындықтарын айтудың өзі ауыр дейді. Ол туған қарындасынан 1943 жылы айырылғанын, оған тұрмыстың ауырлығы себеп болғанын айтады. Оның айтуынша, қарындасы аштан көз жұмыпты. Ал "халық жауы" атанып атылған әке-шешесі 1958 жылы ақталған екен.
XS
SM
MD
LG