Accessibility links

Баспасөзге шолу. 27 мамыр 2005 жыл


Жұма күнгі газеттерде жабылып қалған “Республика. Деловое обозрение” басылымына қатысты және жастар туралы мақалалар басылыпты.

Республикалық “Асар” партиясының төрайымы Дариға Нұрсұлтанқызы “Central Asia Monitor” басылымына берген сұхбатында оппозициялық бағыттағы “Республика. Деловое обозрение” апталығының төңірегіндегі қалыптасқан ахуалға байланысты өз ойын білдіріпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Дариға Нұрсұлтанқызы Қазақстан Журналистер Конгрессінің, жабылып қалған “Республика. Деловое обозрение” апталығына көмектесуге әзір екендігін мәлімдепті.

Осы мақсатта ол, өзі басшылық ететін Қазақстан Журналистер Конгресі атқару комитетінің Мәдениет, ақпарат және спорт Министрілігіне хат жазып жібергендігін де хабарлапты. Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева Қазақстанда оппозицияның бар болғандығына оң қарайтындығын, оның билікті қалғытып жібермес үшін керек екендігін атап өтіпті. Сондай-ақ Дариға Нұрсұлтанқызы оппозициялық басылымдардың оның отбасы мен өзін сынға алып жатқандығына түсіністікпен қарайтындығын да тілге тиек етіпті.

“Алма-Ата инфо” басылымында жарық көрген Владимир Воеводтың мақаласы да жабылып қалған “Республика. Деловое обозрение” апталығының төңірегінде қалыптасқан ахуалға арналыпты. Мақала авторының айтуынша, “Республика. Деловое обозрение” апталығы Қазақстандағы басқа тәуелсіз газеттерге қарағанда ең көп қысымға ұшырап келе жатқан басылымдардың бірі.

Автор өз мақаласында “Республика, Деловое обозрение” апталығының қазақстандықтардың сүйікті басылымына айналғандығына тоқталып, әсіресе оны “билік басындағы шенеуніктер жібермей оқиды” деген тұжырым жасапты. Газет тілшісінің сараптмасына сүйенсек, “Республика. Деловое обозрение” апталығына байланысты ресми билік тарапынан қысым күшейген сайын, оның беделі керісінше күшейе түседі.

Жастар тақырыбы да апта соңында жарық көрген мерзімді басылымдардың назарынан тыс қалмапты. Атап айтқанда 27 мамыр күні жарық көрген “Новое поколение” апталығында жарық көрген “Қайтып оралмағандар” атты мақалада, “Болашақ” бағдарламасы бойынша шет елде білім алып шыққан он сегіз президенттік стипендия иегерлерінің өз Отанына қайтып оралмайтындығы туралы баяндалыпты.

Газет тілшісінің хабарлауынша, олардың 15-і американдық диплом алғандар, екеуі Германияда, ал біреуі Англияда жоғарғы оқу орнын бітіргендер. Мақалада мемлекет қаржыландырған “Болашақ” бағдарламасымен шет елде білім алып келген степендианттардың, келісім-шарт бойынша өз Отанына келіп жұмыс істеуі қажеттілігі, алайда олардың шет елде жұмыс істеуге қалып қойғандығы да сөз болыпты. Мақала авторы оның себебін “Болашақ” бағдарламасымен шет елде оқуға, көбінісе байшікештердің балаларының ғана қол жеткізе алатындығымен байланыстырыпты.

“Жас қазақ” басылымында жарық көрген “Жас ұрпағым, жарым ес” атты Қазыбек Құттымұратұлының мақаласында биылғы жылдың 1 қаңтарында Орал қаласында 101 жасөспірім маскүнемдер санына, 301 жас нашақорлардың есебінде тұрғандығы баяндалыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, бұл сан жыл өткен сайын көбейіп келе жатыр. Автор өз мақаласында мектеп оқушыларының арасында сұрау салғанда, олардың 20-25 процентінің өз мектептерінде жоғарғы сынып оқушылары тарапынан қорқытып ақша алу оқиғаларының бар екендігін айтқандығы туралы деректі де мысалға келтіртіпті.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген Бақыткүл Мәкімбайдың мақаласында жастардың “Қаһар” қозғалысы туралы сөз болыпты. Мақала авторының айтуынша соңғы кездері ресми биліктің оппозицияға ғана емес, сонымен бірге демократиялық көзқарастағы жастардың “Қаһар” қозғалысына байланысты қысым көрсетуі де күшейіп кеткен. Ал, жастардың “Қаһар” қозғалысының белсенділерінің бірі Бақытжан Төреғожина құқық қорғау орындарының оларды сотқа беріп жатқандығын хабарлапты.

“Жас Алаш” басылымының соңғы санындағы Мұхтар Жанұзақұлының “Қаһардың ақиқаты” атты мақаласында ең алдымен жастардың бұл ұйымы туралы материалдың “Компромат kz” сайтында жарық көргендігі айтылыпты. Автор өз мақаласында аталмыш материалда “Қаһар” жастар ұйымын Мұхтар Әблязовтың қаржыландырып отырғандығы туралы дерекетің келтірілгендігін, алайда Мұхтар Әблязовтың “Мегаполис” апталығына берген сұхбатында мұндай ақпаратты теріске шығарғандығына айрықша назар аударыпты.

Ал, жұма күні жарық көрген “Қазақ әдебиеті” газетінің соңғы санында жас ақын Бақытжан Алиярдың өлеңдер топтамасы жарық көріпті.
XS
SM
MD
LG