Accessibility links

Баспасөзге шолу. 28 мамыр 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Оппозициялық басылымдар алдағы президенттік сайлаудың әділ өтетіндігіне күмән келтіріпті. Саясаткер Болат Әбілов егер алдағы президент сайлауы әділетсіз өтсе, Қазақстандағы біріккен оппозицияның халықты алаңға алып шығатындығына уәде беріпті.

Жабылып қалған “Республика. Деловое обозрение” апталығы, енді “Ассанди таймс” деген атпен жарыққа шықты. Аталмыш басылымда жарық көрген мақалада автор Мұхаметжан Әділов Қазақстандағы президент сайлауының әділ өтпейтіндігі бүгінгі уақыттан-ақ анық сезіле бастады деген қорытынды жасапты.

Мақала авторының айтуынша, ресми билік алдағы президент сайлауының әділетсіз өтетіндігін жақсы білгендіктен, қазіргі кезден бастап-ақ осы сайлаудан кейін орын алуы ықтимал оқиғалардың алдын алатын шаралардың қамын қарастыра бастаған. Жоғарыда айтылған сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы, Қазақстандағы ресми биліктің шұғыл түрде қоғамның наразылығын білдіру үшін митингілер мен шерулер өткізуге тиым сала бастағандығын мысалға келтіріпті.

Қазақстанның саяси алаңында болып жатқан соңғы оқиғаларды қорытындылай келіп, автор өз мақаласында, егер де демократиялық күштерден президенттік сайлауға түскелі отырған бірегей кандидат, алдағы президенттік сайлауға қатысудан бас тартса, бұл оппозиция тарапынан жасалынған мықты қадам болар еді деген ойын білдіріпті. Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, осындай қадамға бару арқылы ғана Мемлекет басшысының қарсыластары оның алдағы жеңісінің әділетсіз екендігін әшкерелей алады.

“Алма-Ата инфо” басылымына берген сұхбатында саясаткер Болат Әбілов егер де алдағы президент сайлауы әділетсіз өтсе, билік ол үшін қатты өкінетін болады деген ойын білдіріпті. Саясаткер Болат Әбілов мұндай жағдайда Қазақстандағы біріккен оппозицияның халықты алаңға алып шығатындығына уәде беріпті.

“Жас Алаш” басылымының сенбі күнгі санында жарық көрген ақпараттар ағымында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Еуразия” журналына берген сұхбатында, «Орталық сайлау комиссиясы заң бойынша президент сайлауы 2006 жылдың желтоқсан айында өтеді деп отыр. Олардың ұстанымына сенбеуге негіз жоқ» деп айтқан сөздері беріліпті.

Өзбекстандағы орын алған қанды қырғынның болғанына екі апта өткендігіне де сенбі күнгі жарық көрген басылымдар айрықша назар аударыпты. “Жас Алаш” басылымында жарық көрген Руслан Ерболұлының мақаласында Өзбекстанда бейбіт тұрғындарға оқ атылғанымен, ресми Астана ол жақтағы қазақтардың жағдайына алаңдаушылық танытқан жоқ деген сын айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, бұл жағдайға байланысты Президенттің қасындағы Демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия да жұмған ауыздарын ашпай қойған.

“Айқын” басылымында жарық көрген Сейсен Әмірбекұлының саяси сараптама мақаласында Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың “Әндіжан оқиғасынан” кейінгі сапарының Қытайға арналғандығы хабарланыпты. Автор өз мақаласында Қытайдың Өзбек билігін қорғай сөйлегендігіне тоқталып, осындай қадам арқылы Қытай өздеріне одақтастар іздей бастады деген ойын білдіріпті.

Мақалада мысалға келтірілген ТМД мемлекеттер институтының Орта Азия және Қазақстан жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Андрей Грозиннің айтуынша, Қытай билігі көрші елдерде түрлі-түсті төңкерістердің болғандығын қаламайды. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, қазір Батысқа қарсы күштеу, әміршілдік саясатты қолдайтын Ресей, Өзбекстан және Қытай үштігінің құрылғандығын аңғаруға болады.

Ал, “Ақ жол Қазақстан” басылымында жарық көрген Шалқар Естеннің мақаласында Әндіжандағы оқиғаға қатысты Өзбекстанда адамдарды қудалау, қамауға алудың басталғандығы туралы айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Әндіжан облысының прокуроры Баһадүр Декханов лаңкестік әрекеттерді ұйымдастыруға қатысты деген күдікпен қазірдің өзінде 97 адамның тұтқынға алынғандығын мәлімдеп үлгеріпті.

Оның хабарлауынша, 52 тұтқын қылмысқа тікелей қатыстылығы анықталған соң қамауға алынған. Автор өз мақаласында Өзбекстандағы оқиғаларды жіті бақылып отырған, Еуропалық Одақтың халықаралық тәуелсіз тергеу жүргізу қажеттілігін алға тартып отырғандығын, алайда бұған ел президенті Ислам Кәрімовтың үзілді-кесілді қарсылық білдіргендігін де тілге тиек етіпті.

“Экспресс К” басылымы болса Өзбекстандағы орын алған оқиғаны Батыстың бұқаралық ақпарат құралдарының қатты сынға алғандығына тоқталып, Өзбекстандағы жергілікті баспасөздің тек ел президенті Ислам Кәрімовтың көзқарасымен сәйкес келетін пікірлерді беріп жатқандығын хабарлапты.
XS
SM
MD
LG