Accessibility links

Қазақстанда 200 студент мемлекеттік қызмет мектебінен тәжірибеден өтіп жатыр


Мұндай жоба әлемде тек Қазақстанда ғана іске асырылып отыр дейді мемлекеттік қызмет мектебінің ректоры Арын Орсариев. Ал, студенттер мұндай мектептен тәжірибеден өту болашақта мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге, тәжірибе алуға мол мүмкіндіктер беретінін айтады.

Мемлекеттік қызмет мектебі жобасының іске асырылуына 2003 жылдың 5 қарашасында мемлекеттік қызмет агенттігі мен Қазақстан жастары конгресінің ынтымақтастық жасау туралы келісім-шартқа отыруы негіз болған.

Мемлекеттік қызмет мектебінің ректоры Арын Орсариевтің айтуынша, студенттерді мемлекеттік қызметте тәжірибеден өткізу жобасы жастардың және мемлекеттің мүддесін көздейді.

- Бұған ұқсас жоба әлемде жоқ. Бірқатар елдерді бұл жобамен таныстырдық. Олардың көбі айтарлықтай қызығушылық танытып отыр, - дейді Арын Орсариев.

А.Орсариевтің айтуынша, мемлекеттік қызмет мектебінен тәжірибеден өту үшін оқу орындарының студенттері конкурсқа түседі, тест тапсырады және әңгімелесу өткізіледі.

- Бұл жастардың мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуына дайындық және студенттің өз мамандығы бойынша тәжірибеден өтуіне мүмкіндік. Студентер оқудан қол үзбей жүріп, тәжірибеден өтеді. Көптеген жастар мемлекеттік қызметтің қыр-сырын біле бермейді. Оның оң жақтарымен қатар өз қиындықтары да бар. Мәселен, мемлекеттік қызметте еңбекақы айтарлықтай жоғары деңгейде емес. Еңбек уақытының мерзімі жиі сақталмайды. Бірақ, сонымен бірге, үйренетін оң жақтары да көп, - дейді Мемлекеттік қызмет мектебінің ректоры А.Орсариев.

Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің студенті Әсия Дүйсекеева мемлекеттік қызмет мектебіне конкурс арқылы түскенін, онда үш ай бойы тәжірибеден өту көзделгенін айтады.

- Үш ай бойы әртүрлі министрлікте тәжірибеден өтудемін және бұл мені өте қызықтырады. Мен министрліктер жұмысымен таныстым. Мемлекеттік қызметтің қандай болатынын түсіндім. Әзірге қай салаға баратынымды шешкен жоқпын. Бірақ, мемлекеттік қызметте істеу – мақсатым, - дейді Әсия.

Ирина Қожамұратова да мемлекеттік қызмет мектебінен тәжірибеден өтіп жүр. Ол мұндай мектепке түсу үшін үлкен конкурстан сүрінбей өту керектігін айтады. Мемлекеттік қызмет мектебі жобасы бойынша тәжірибеден өтуші Ғалиянұр Мусина болашақта халықаралық қатынастар саласының маманы болмақ. Ол мұнда өзінің біраз тәжірибе жинақтағанын айтады. Айнұр Сапарбекова да бірнеше мемлекеттік мекемеде тәжірибеден өтіп келе жатқанын және өзіне ұнағанын айтады.

Мемлекеттік қызмет мектебінен тәжірибеден өтушілерге үш айлық мерзімнен кейін диплом берілмек екен. Ал, тәжірибеден өтуші студенттермен кездесуде Мемлекеттік қызмет агенттігінің төрағасы Ғабидолла Абдрахимов:

- Қазақстан Президентінің халыққа биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметті дамыту, коррупциямен күрес проблемасына маңыз берілгені кездейсоқ емес және мақсат - кәсіби үкімет, кәсіби мемлекеттік қызметшілер қалыптастыру, - дейді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет мектебінің тыңдаушылары, яғни жоғары оқу орындарының студенттері, Астана қаласы бойынша 12 министрлікте және үш бұқаралық ақпарат құралында тәжірибеден өтіп жатыр. Көптеген жастар жұмысқа шақыру алыпты.

Астана қаласы бойынша тәжірибеден өткен 7 жас маман жұмысқа орналасқан екен. Аталған мектеп Қазақстанның барлық облысында қолдау тапқан. Болашақта мемлекеттік қызмет мектебі банк, бизнес саласында тәжірибеден өту ісін қолға алуды жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG