Accessibility links

«Отан» партиясының бас кеңсесі Астанаға көшіп келді


Мамырдың 30-ы күні «Отан» партиясының орталық аппараты Алматыдан Астанаға көшіп келді.

Бас пәтерін Алматыдан Астанаға көшіріп, қоныс аударып келген «Отан» партиясы жетекшілерін осындағы Еуразия университетінің студенттері мен үрмелі аспаптар ансамблі кернейлетіп-сырнайлатып қарсы алды. «Отан» партиясының төрағасы міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов жиналған жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде бұл көштің мәнін былайша түсіндірді:

- Біздің көшіп келуімізге себеп, біздің халқымыз астанасы - Астанада. Орталық біздің органдар - Астанада. Біздің Президентіміз әрі партиямыздың басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы - Астанада.

«Отан» партиясының саяси кеңесінің мүшесі Әміржан Әлпейісов «Отан» партиясы алдағы сайлауларда биліктің барлық бұтақтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау үшін «Отан» партиясының атқару комитеті Алматыдан Астанаға көшіп келуге мәжбүр болғандығын айтады. Сонымен бірге, ол партия ұйымының жергілікті шенеуніктерге сүйенетінін де жасырмайды.

- Саяси партия билікке ұмтылады. Кез-келген партия өзінің барлық мүмкіншілігін пайдаланады. Біз де өзіміздің мүмкіндігімізді пайдаланамыз, ол әкімшілік ресурс дегенімізбен, олардың көбі «Отан» партиясының мүшелері. Енді, олар өздерінің партиясына көмектеспегенде, кімге көмектеседі? Себебі, біз өзіміздің сол әкімшілікте істейтін мүшелеріміз арқылы өзіміздің алға қойған мақсаттарымызға жетуге тырысамыз, - деді «Отан» партиясының саяси кеңесінің мүшесі Әміржан Әлпейісов.

«Отан» париясының Қазақстан Парламентіндегі фракциясының жетекшісі Әмзебек Жолшыбеков қазіргі таңда Парламент Мәжілісіндегі 77 депутаттың 51-і Отан партиясының мүшесі болса, жергілікті мәслихат депутаттарының 80-90 пайызы отандықтар екенін, ал Астана мәслихатындағы 25 депутаттың біреуі ғана басқа партиядан екендігін атап өтті.

- Партиямыздың басшылығы, жергілікті жердегі ұйымдары сенат пен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлауға дайындалып жатыр. Ел сыйлайтын, халық танитын азаматтардың төңірегінде әңгіме жүргізіп жатыр. Жергілікті мәслихаттардың құрамының басым көпшілігі барлық облыстарда Алматы және Астана қалаларында басым бөлігі «Отан» партиясының мүшелері, - деді Ә.Жолшыбеков.

Тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің президенті Дос Көшім, жақында сарапшылар тобының Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өткізілген жергілікті мәслихаттардың депуттары сайлауында бақылаған жайттарды айтты.

- Дәл сол баяғы жағдай тағы да қайталанды. Кей жерлерде әкімшілік тұтқа-тетіктерді пайдалануда бұрынғыдан да асып түсу оқиғалары кездесті. Әкімдер сайлау комиссиясына нұсқау беріп, соның орындалуын қадағалап жүрді, - деді Дос Көшім.

Саясаткер Болатхан Тайжанның айтуынша, билік қолдағы құрылымдардың бәрін пайдалану арқылы саяси күресте ештеңеден де аянбайтындықтарын көрсетіп отыр.

- Оппозицияны ешқандай электронды ақпарат құралына жібермей, митинг, кездесулер өткізсе, оның соңын тәртіпсіздіктер мен бұзақылыққа ұластырып жіберіп отыр, - дейді саясаткер.

Астана қалалық «Отан» партиясының төрағасы, қала әкімінің 1-ші орынбасары Сансызбай Есіловтің айтуынша, «Отан» партиясының атқару комитетінің қалыпты жұмыс жасауына барлық жағдай жасалған. Оған Жоғарғы Соттың жанындағы сот үкімдерін орындау жөніндегі сот әкімшілігі комитетінің ғимараты босатып берілді.
XS
SM
MD
LG