Accessibility links

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Астана қаласының тұрғыны 76 жастағы Дилена Товаровская советтік қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы.

1953 жылдан бері кешегі Ақмола, бүгінде Астана қаласында тұрып жатқан 76 жастағы Дилена Товаровскаяның әкесі Борис Товаровский «Известия» газетінде экономикалық бөлімнің бастығы, ал анасы Полина Лазерова Мәскеудегі кітапханалардың бірінің меңгерушісі болып қызмет істеген екен. Саяси қуғын-сүргін басталғанда Диленаның әкесін "халық жауы" деп ұстап, атып тастапты. Алайда, отбасы 12 жыл бойы оны тосып, хабар күтумен болыпты.

- Мәскеудегі белгілі Третьяков галереясына жақын маңда бір кездері «Известия» газетінің тілшілер бекеті болған. Әкемді бірден осы қызмет орнында атып тастапты. Ал бізге 12 жыл бойы әкемді 10 жылға сотталған деп хабарлап келді. Бұл сөздер менің өмірімнің соңына дейін жанымда сақталатын шығар. Анамды да әкемнен соң көп ұзамай халық жауы деп ұстап әкетті. Бұл 1937 жыл болатын. Мен ол кезде 6 жасқа толмағам, кішкентай сіңлім емшекте, ал үлкен ағам 10 жас шамасында болатын, - дейді Дилена Товаровская өткенді еске алып.

Диленаның кішкентай сіңлісін Мәскеудегі әкесінің апайы қарауына алады. «Неге екенін қайдам, әкемнің апайы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жоқ» дейді ол. Ал, ағасын Архангельскідегі, Диленаның өзін Смоленскідегі балалар үйіне жөнелтеді. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау 1953 жылы Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін басталды. Алдымен әкесі ақталады. Ал анасы ұзақ уақытқа дейін ақталмайды. Ол «Отанын сатқандардың әйелдері» отырған Ақмола лагерінде – «АЛЖИР» түрмесінде айдауда болады.

- Ал мені 1953 жылы тұтқындады. Маған «халық жауының қызы» деген үкім шығарылды. Сібірде жұмыс істедім. Бұл жұмысы өте ауыр лагерь болатын. Онда біз орманда ағаш кестік. Тек Сталин қайтыс болғаннан кейін бізді лагерьден босатты. Мен Мәскеуге оралдым. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірдім. Сөйтіп, Қазақстанға 1953 жылы шешеме келдім. Анам ақталғанымен, ол кездері сыртқа шығу құқығын пайдалана алмады. Міне, сол 1953 жылдан бері Қазақстанда тұрып жатырмын. Күйеуім және қызым қайтыс болған, - дейді советтік саяси қуғын-сүргін құрбаны Дилена Товаровская.

«Халық жауының қызы» деген айыппен сотталған Дилена 1953 жылы ақталыпты. Медициналық институтта жұмыс істеген оның медицина ғылымдарының кандидаты атағы бар. Бүгінде зейнеткер ол өзінің талапшыл адам емесін, қандай зейнетақы және жеңілдік болса соны қанағат ететінін айтты.

Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімнің бас сарапшысы Василий Видрук саяси қуғын-сүргін жылдарының толқыны Қазақстанға әртүлі ұлт өкілдерін әкелгенін айтады.

- Саяси қуғын-сүргін жылдарында Советтер одағының миллиондаған азаматы зардап шекті. Бұл қасірет қазақстандықтарды да айналып өткен жоқ. Тек Қазақстанда мәдениет, ғылымның 22 мың өкілі қатал қуғын-сүргінге ұшырады. Алматыда 1938 жылы Кеңестер Одағының Жоғарғы сотының әскери алқасының көшпелі сессиясының екі апта ішіндегі жұмысында 639 мемлекет қайраткері ату жазасына кесілген, - дейді В.Видрук.

Оның айтуынша, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» 1993 жылы Қазақстанда заң қабылданғаннан бері прокуратура органдары 20 мыңнан аса мұрағаттық қылмыстық істер зерттепті. Бас прокуратураның баспасөз қызметкері Әлім Хайдаров сталиндік репрессия жылдарында 4 миллионға жуық адамға әртүрлі, оның ішінде ату жазасына дейін үкім шығарылғанын айтады.

Сондай-ақ, ол 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарды ақтау жөніндегі Президент Жарлығын қолданудағы талдау жұмысы 103 адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын көрсетті. Президент Жарлығын орындау кезінде прокуратура органдарына аталған санаттағы 92 адамнан арыз түсіпті. Олардың барлығы ақталды дейді Бас прокуратураның баспасөз қызметкері Әлім Хайдаров.
XS
SM
MD
LG