Accessibility links

Әндіжан құрбандарының бейіті басына Азаттық тілшісін апарған адамды өлтіріп кетті


Әндіжанда қаза тапқандарды жерлеу кезінде бейіт басына Азаттық радиосының тілшісін алып барған адамды белгісіз біреулер өлтіріп кетті.


Өзбек билік басылары Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласында болған толқуларды басу кезінде 173 адам опат болды деп қайта-қайта мәлімдеп отырғанымен де, адам хұқтары белсенділері құрбандардың саны бұл айтылғандардан әлдеқайда көп – бір мыңнан асатындығы туралы айтып келеді. Алайда, қаза тапқандардың нақты саны қанша болатындығы әлі күнге айқын емес, ал әндіжандықтар қаланың сыртында құрбан болғандарды жаппай жерлеу рәсімдері күн құрғатпай өтіп жататыны турасында айтып отырады.

Азаттық радиосының тілшісі жұма күні сондай бір жерлеу рәсімінде болған еді. Ал бір күннен кейін тілшіні бейіт басына алып барған адамды белгісіз біреулер ұрып-соғып өлтіріп кеткендігі анықталған.

Әндіжан тұрғындары қаланың сыртындағы Боғишамол ауданындағы бейіт басында өзбекстандықтар "қанды жұма" деп атап кеткен 13 мамыр оқиғасынан кейін апта бойына құрбандарды жаппай жерлеу рәсімдері жалғасқанын айтып жүр. Осындай қаралы жиындарда бейіт қазушылардың бірі Азаттық радиосының тілшісіне Боғишамолда соңғы бірнеше күннің ішінде адамдарды көмудің көбейіп кеткендігін айтып берген. Қауіпсіздігіне алаңдайтын себепті, өз есімін айтқысы келмеген ол жер қойнына берілген мәйіттер мұсылман дінінің шарттарына сәйкес ақ матаға, демек, кебінге оралып жерленгендіктерін көзіммен көрдім дейді.

Дегенмен де, құрбан болғандарды жерлеу барысында олардың бәрінде бірдей мұсылмандық шарттар қатаң сақталды деуге келмейді дейді ол. Бейіт қазушы өзі және өзі сияқты басқа да қызмет көрсетушілерге әрбір қазылған молаға бір мәйіт емес, бірнеше адам денесін бірге көмуге бұйрық берілген кездер болғандығын айтады. Ол сондай-ақ алғашқы күндері құрбан болғандардың денелерін жерлеуге әкелген кезде билік өкілдері мола қазып, мәйіттерді көму жұмыстарын атқару үшін көршілес жатқан ортодокс дініндегі орыс бейітінің мұсылман емес қызметкерлерін пайдаланауға, солардың күшімен тезірек мәйіттердің бетін жасыруға тырысты дегенді айтқан.

- Алғашқы 48 адамның денесі осы жерде көмілді. Мұнда әр молаға екі адамның мәйітін жатқыздық. Олар, демек, билік өкілдері, әр мүрдені бөлек-бөлек жерлеуге бізге мүмкіндік бермеді. Әлгілер орыс зиратынан бейіт қазушылар алып келді, сөйтіп, олар бізге көмектесті, - дейді қабір қазушы.

"Ерік" оппозициялық партиясының Әндіжандағы аймақтық жетекшісі Исройлжон Холдоров Боғишамол бейтіндегі жаппай жерлеу рәсімдеріне қатысқан санаулы ғана оппозиция мүшелерінің және тәуелсіз адам хұқтары белсенділерінің бірі. Ол Азаттық радиосына берген сұхбатында, Өзбекстан билігінің өкілдері құрбан болғандарды жерлеу кезінде түрлі айла-шарғыға барғандығын айтып берген.

- Біз бейіт басында көптеген мола қазушылармен сөйлестік. Олар осы бейіт басына өлген адамдардың мәйіттері үлкен үш МАЗ жүк машинасымен әкелінгендігін айтты. Бұл жердің бейіт қазушылары оларды көмуге қатыстырылмай қойған екен. Машинамен әкелінген мүрделерді көмуге басқа бейіттердің жұмысшылары пайдаланылыпты.Олардың айтуынша 37 моланың әрқайсысында екі мәйіттен жерленген, демек, сол 37 молада 74 адам жерленген деуге болады.

Боғишамол бейітіндегі әр моланың басында рет саны, нөмірі жазылған. Кейбір қабірлердің мәйіт көмілген соң, артынан қайта ашылғандығын байқауға болады. Азаттық радиосының тілшілері көршілес облыстың тұрғындарынан сұрастырып білгендей, кейбір молаларды онда көмілгендердің туыстары келіп қазып ашып, марқұмдардың денелерін барлық тиісті шарттарымен қайта жерлеу үшін үйлеріне алып кетеді екен:

- Осыдан екі күн бұрын мен моладан мәйітті қазып әкетіп бара жатқан адамдарды көрдім. Олар әлгі құрбан болған адамның жақын туыстары болатын, - дейді куәлардың бірі.

13 мамырда Әндіжандағы халық толқулары үкіметтік әскерлердің күш қолдануымен басып-жаншылғаннан бері, сонда қаза болғандардың туыстары жақындарын жерлеу мен қайта жерлеу рәсімдерін осы уақытқа дейін жалғастырып жатқандары кездеседі. Әндіжанға көрші аймақтардың біріндегі қоғамдық қауымдастықтың мүшесі, егде тартқан бір адам өзінің жерлеу рәсімдеріне қатысуға күн сайын шақырылатынын Азаттық тілшісіне айтып берді:

- Біз жаназа шығарып, жерлеу рәсімдерін атқару үшін көп жерге барамыз. Біз оларға Құран оқып, құрбандардың жаны жаннатта болуын тілейміз.

Боғишамол бейітінде болғаннан бір күн өткен соң, Азаттық радиосының тілшісі өзін сонда ертіп барған Журабов деген адамды белгісіз екі адамның ұрып-сабап өлтіріп кеткендігін білген. Әзірге бұл оқиғаның мән-жайы толық белгілі бола қоймаған. Марқұм болған Журабовтың жасы алпысты жаңа ғана алқымдапты.

Әндіжан тұрғындары Боғишамол бейітінде жаппай жерлеудің жалғасуы 13 мамырдың қанды оқиғасынан бері болып жатқан бір ғана көрініс емес дегенді айтады. Соңғы кездері жалғыз Әндіжан аймағы емес, бүкіл Өзбекстанда адам хұқтары белсенділерін, оппозиция өкілдерін жаппай тұтқындау да жиілеп кеткен. Тек кейінгі екі-үш күннің ішінде "Бірлік" партиясының 27 мүшесі ұсталғанын айтады осы партия жетекшісі Васила Иноятова.
XS
SM
MD
LG