Accessibility links

Қазақстанда күніне 70 адам темекінің зардабынан қайтыс болады


Ресми деректер бойынша, Қазақстанда жыл сайын 25 мың адам темекінің кесірінен өмірімен қоштасады екен.

21 жастағы Еділдің темекі тартқанына 5 жыл болыпты. Алайда, ол темекінің зияны туралы әзірге ойланғысы келмейді.

- Зиян екенін елдің бәрі біледі. Бірақ, өз басым оның зиянын сезіп жүрген жоқпын.

Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда Еділ секілді темекіқұмарлардың саны Қазақстанда 4 миллион адам көрінеді. Жыл сайын осы темекі тартқыштардың 25 мыңы шылымның кесірінен қайтыс болады дейді мамандар. Республикалық медициналық колледжінің емдеу ісінің меңгеруші-дәрігері болып істейтін Айжан Тәттібекова көзге айқын көрінбегенімен, темекінің адам ағзасында зиянын тигізбейтін мүшесі жоқ екендігін айтады.

- Темекі адамның жүрегіне де, қан тамырларына да, өкпе-бауырына, бүйрегіне де үлкен зиян тигізеді.

Сейсенбі, мамырдың 31-күні, «Дүниежүзілік темекіге қарсылық күніне» орай, Алматыдағы республикалық медицина колледжінде өткен «Медицина колледжі темекі шегуге қарсы” атты шараға қатысқан осы оқу орны студенттерінің пікірталас клубы, жастар арасындағы шылым шегуді азайту үшін, Алматы қаласы әкімшілігінің темекіге қарсы арнайы бағдарламасына өз толықтыруларын ұсынып отыр. Пікірталас клубтың мүшесі Ерлан Бейсенбаев студенттердің ұсыныстары жөнінде былай дейді:

- Темекінің құрамындағы никотин адам ағзасына еніп, ағзаның біртіндеп темекіге тәуелділігін қалыптастырады. Міне, сол тәуелділіктен құтқару үшін мектептерде арнайы психолог-мамандар кеңес беріп отырса, сонымен қатар, ай сайын темекінің зияны жөніндегі түрлі статистикалық мәліметтер беріліп отыратын бүгінгідей темекіге қарсы іс-шаралар өткізіліп тұрса деген нақты ұсыныстары бар арнайы бағдарлама жасадық.

Студенттердің шылым шегуге қарсы белсенді тобы, сонымен қатар, қала әкімшілігіне темекі тартқан жасөспірімдердің ата-аналарын әкімшілік жауапқа тартуды, түрлі айыппұл салуды, ал шылым шеккен студенттерге оқу орны тарапынан түрлі шаралар қолдану секілді ұсыныстар жасап отыр. Шылым шегуді азайтуға бағытталған мұндай ұсыныстарға жастардың өздері қалай қарайтындығын білмек болып оларға микрофон ұсынған едік.

- Әй, қайдам, темекі шегетіндер тыңдамайды ғой. Айтсаң, үйреніп кеттік дейді.

- Сонда не істеу керек?

- Білмеймін, бәлкім темекіні адам өзі қоюы керек шығар. Адам өз еркімен қоймаса, үкіметтің шараларынан ештеңе шықпайды. Темекі тартатындарға шара қолданғанымен, бәрібір тығып шегетін болады.

Темекі тартуды азайту үшін елдегі темекі зауыттарын жабу керек деген де ұсыныстар айтылып қалды. Алайда 21 жастағы Еділ бұл оймен өзінің еш келіспейтіндігін айтады.

- Біріншіден, мыңдаған адам жұмыс орнынан айырылады. Екіншіден, менің темекі тартқанымнан өзімнен басқа ешкім зиян көрмейді.

Кей деректерге қарағанда, 2005 жылдың қаңтар айының 1-інен мамыр айының 31-іне дейінгі аралықта, Қазақстанда 12308 адам темекінің салдарынан көз жұмған көрінеді. Яғни, әрбір 20 минут сайын 25 қазақстандық темекінің құрбаны болып кетеді. Соған қарамастан, мамандардың айтуынша, елде темекі тартатындардың саны азаяр емес. Дүкенші болып істейтін Мәрзия күніне орта есеппен 100 қорап шылым сататынын айтады.

- Күніне 10 блок темекі сатамын.

- 1 блокта неше темекі қорабы бар?

- Әр блокта 10 қорап бар. Көбіне жастар алады, қазір үлкендерге қарағанда темекі шегетін жастар көп.

Қазір Алматы қаласының әкімшілігі темекіге қарсы күресудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын жасаған. Бұл мемелекет тарапынан қолға алынған іс. Биылғы темекімен күрес күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен, “Денсаулық саласының мамандары темекіге қарсы” деген ұран аясында өтуде. Оның өзіндік себептері бар.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ұлттық орталық мамандарының мәліметі бойынша, Қазақстанда дәрігерлердің 26 пайызы темекі шегетін көрінеді. Сондықтан, шылым шегумен күресті ең алдымен, дәрігерлердің өзінен бастау керек дейді медицина ғылымдарының докторы Жанкентхан Абылайұлы:

- Дәрігерлердің ішінде 30 пайызға дейіні шылым шегіп, арақ ішетіндер деп айта аламын. Дәрігерлер бұл дертпен күресуі үшін олардың өздері бұдан аулақ болуы керек. Мысалы, өз басым шылым шекпеймін, арақ ішпеймін.

Кейбір деректерге қарағанда, бүгінде Қазақстанда тұрғындардың 20 пайыздан астамы, 4 млн-ға жауық жан темекіге әуес екен. Дәрігерлердің айтуынша, жыл сайын Қазақстанда темекіден 25 мың адам көз жұмады, яғни, күн сайын орта есеппен 70 адам темекінің зардабынан о дүниеге аттанады.
XS
SM
MD
LG