Accessibility links

Баспасөзге шолу. 1 маусым 2005 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Сәрсенбі күні Қазақстанда жарық көрген бірқатар басылымдарда Қазақстандағы тастанды балалар мен оларды шетел азаматтарының көптеп асырап алып жатқандығына қатысты мақалалар басылыпты. Сондай-ақ, есірткі тасымалы мен арам ақшаны айналымға салумен күрес тақырыбы да қозғалыпты.

«Егемен Қазақстан» газетінде журналист Қапез Қожахметовтың «Тастанды балалар тағдыры алаңдатады» атты көлемді мақаласы жарияланыпты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстанда тастанды балалар саны 2003 жылы 4715-ке жетіп, оның 1022-сін шетел азаматтары асырап алған екен.

Автор өткен 2004 жылы тастанды балалар саны 4397 болып, оның 1022-сін шетел азаматтары асырап алғанын, бұл тастанды балалардың көбі қазақ балалары екендігін ресми деректерге сүйеніп жазады. «Жетімін жылатпаған, жат жұртқа жесірі мен ұрпағын телміртпеген ел едік, енді келіп балаларымызды шетел азаматтарының асырап алуына жол беріп отырмыз неге?» деген сауал қояды мақала авторы.

Осы балалар тағдырына қатысты «Айқын» газеті сәрсенбілік санында «Шетелге әкетілген балалардың тағдыры депутаттарды толғандырса заңды өзгертер еді» деген мақала жариялапты. Мақала авторы Қарлығаш Зарыққанқызы парламент депутаттары шұлғи мақұлдаған «Неке және отбасы туралы» заңның 78-бабында шетелдік азаматтардың Қазақстаннан бала асырап алуға толық құқық берілгеніне өзінің таңқалысын жасырмайды.

Статистикалық деректерге жүгінген мақала авторы, 1999-2004 жылдары арасында шетелдіктердің Қазақстаннан 3775 бала әкеткендігін, осы балалардың 3200-дейі бүгінгі күні АҚШ-та өсіп жатқандығын айтады. Бірақта сарапшылар бұл тек ресми дерек, нақты көрсеткіш бұдан әлденеше есе көп болуы керек деген пікір білдіреді деп жазады автор.

«Ол олма, парламент алдында осы мәселені талай рет көтерген мәжіліс депутаты Аманкелді Айталы қазақтың қаракөз балаларының әлемнің 15-тей елінде жәутеңдеп жүргенін қанша рет айтса да оған құлақ асып отырған ешкімнің болмауы өте өкінішті» деп аяқтайды Қарлығаш Зарыққанқызы.

Қазақстанда шығатын бірқатар басылым өздерінің сәрсенбілік санында сондай-ақ есірткі тасымалы, арам ақшаны айналымға салу мәселесіне көңіл аударыпты. «Литер» газеті Қазақстанда арам ақшаны айналымға салуға қарсы күресетін жаңа құрылым құрылғалы отырғанын хабарлапты.

«Кір жуғыш қара машина» атты мақалада автор Ольга Медведева 2002 жылдан бері қаржы полициясы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан азаматтарға қатысты 359 қылмыстық іс қозғағанын, салық төлеуден жалтарған 494 істі ашып, қылмыстық іс қозғағанын жазады. Мақала авторының жазуына қарағанда, жуырда құқық қорғау орындары тарапынан ұсталған шымкенттік есірткі бароны Мұқамедияров есірткі саудасына банктердің жылдам ақша аударым қызметін пайдаланып келген болса, ешкімге елеусіз күйде, тұрақты мекен-жайы жоқ кезбе батысқазақстандық бір азаматтың атынан Швейцария банкілерінің біріне бір миллондай долларды қалай аударғанын қазір заң орындары анықтап жатыр екен.

Ал Қазақстандағы «ЧайнаБанк» күніне 300-ден аса валюталық операциялар жүргізіп, Қазақстаннан Қытайға тәулігіне 2,5 миллион доллардың қаржысын аударып отырады, яғни арам ақша заңды айналымға еніп жатуы мүмкін деген күдікте жоқ емес деп жазады Ольга Медведева. Сондықтан да Қазақстанның бас прокуратурасының қарамағында қаржылық барлау қызметі деген жаңа мекеме құрылғалы отыр, оның негізгі мақсаты - Қазақстандағы күмәнді фирма, компаниялардың қаржылық іс-әрекеттерін бақылау болмақ дейді мақала авторы.

«Экспресс-К» газеті өзінің сәрсенбілік санында Астана қаласындағы жастар арасындағы есірткі пайдалану, есірткі саудасы тақырыбына бір мақаласын арнапты. Автор Андрей Мамонтовтың жазуына қарағанда бүгінгі күні Астана қаласында 133 көңіл ашар клуб-кафелер бар екен, олардың 17-сі «түнгі клубтар» деп аталады.

Астана қалалық есірткіге қарсы күрес басқармасы мамырдың 20-сынан бастап осы клуб, кафелердегі жағдайға бақылау жасап, жастар өздерін қалай ұстайтындығын зерттеу мақсатында «Мак-2005» атты іс-шарасын жүргізген. Алғашқы он күннің ішінде заң адамдарды есірткі саудасымен айналысушы 6 адамды ұстап, олардан 24 грамм героин, морфи секілді есірткілерді тәркіледі деп жазады мақала авторы.
XS
SM
MD
LG