Accessibility links

Сыбайлас жемқорлықпен күресудің кезекті науқан басталды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыстарға қатысты шаралар жаңа қарқынмен басталды. Бас прокуратура ішкі істер министрлігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлескен шаралар өткізе бастаса, Жоғарғы сот судъялардың арасындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі съезд өткізуге дайындалып жатыр.

Қазақстанның Бас прокуратурасының баспасөз қызметінің жетекшісі Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша, маусымның 1-інде кешкісін Бас прокурордың орынбасары Әбдрашит Жүкенов Ішкі істер министрлігі мен Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі басшыларымен шұғыл кеңес өткізген. Онда жалған ақша жасау жөніндегі қылмыстық фактілерінің 90 пайызға жуығы ашылмай қалатындығы айтылыпты.

- Қылмыстарды ашу көрсеткіші 10-12 пайыз деңгейінде қалып, сотқа жіберілетін істердің көрсеткіші одан да төмен болып отыр, - дейді Сәулебек Жәмкенұлы.

Мамырдың 20-сында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздің Кеңесінің отырысында да сыбайлас жемқорлықтың ашылуы төмен деңгейде екендігін айтты. Сол кеңес отырысында мәселе көтерген Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдрахманов қылмыс әлемінің тек шабақтары ғана ұсталып жүр деп мәлімдеді.

Президент өткізген отырыста «Ембімұнайгаз», «Анако» компанияларының салықтан жалтарып, миллиондаған сомаларды бюджетке бөлмегені, «Би-Джи-Қарашығанақ», «Оренсал», «Голд Продукт» компанияларына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны айтылды. Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова болса, бұл шаралар биліктің сайлау алдындағы халықтың көзін алдау үшін жасап отырған саяси ойынының бірі деп есептейді.

Президент өткізген бас қосуда баяндама жасаған Қазақстанның Бас прокуроры Рашид Түсіпбековтің айтуынша, кеден комитетіне автоматтандыру құрылғыларын алуға 1 миллиард 600 миллион теңге жұмсалған. Оның 482 миллион теңгеден басқасы орындаушы «Акцепт» компаниясының қалтасында қалған.

Ал «Акцепт» компаниясының құрылтайшыларының бірі ретінде - денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың аты аталды. Отырыста премьер-министр Даниал Ахметов тергеу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлерін қызметінен босата тұру туралы ұсыныс енгізді. Ал бейсенбі күні Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласқанымызда, министрдің хатшысы министр Ерболат Досаевтың қалыпты жұмысын жалғастырып жатқандығын айтты.

Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдрахманов болса, қалталы жандардың қашанда құрықтан сытылып кете алатындығын, торға тек мал, тақтай ұрлағандар ғана тұтылатындығын айтады.

- Досаев секілділер Үкімет құрамында көп. Өкініштісі сол - ондайларға қолымыз жетпейді. Соны білгендіктен, олар алшаң басып жүр, - дейді Серік Әбдрахманов.

Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова Президенттің командасындамын деген адам ешқашан да жерде қалмайды деген пікірде. Бас Прокуратураның баспасөз қызметінің жетекшісі Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша Бас прокурордың орынбасары Әбдрашит Жүкенов өткізген шұғыл кеңесте жалған ақша жасаушылардың қылмыстық істерінің ашылмауына ведомстволық бақылаудың жоқтығы, тексерудің сапасыздығы салдарынан орын алғаны айтылды.

Нәтижесінде, ешқандай лауазым иесіне шара қолданылмай жұмыстарындағы кемшіліктер көрсетіліп, оларды шешудің жолдары айтылған. Ал, мамырдың 20-сында Қауіпсіздік Кеңесінің бас қосуын өткізген Президент Нұрсұлтан Назарбаев бюджетпен айналысатындардың барлығы қызмет лауазымын асыра пайдаланған жағдайда қызметтерінен босатылуы тиіс деген болатын.
XS
SM
MD
LG