Accessibility links

Алматыда сот орындаушылары оппозициялық газетті тәркіледі


Маусымның 2-іне қараған түні Алматыдағы баспаханалардың бірінде басылып жатқан оппозициялық «Сөз» газетінің тиражын Алматы қалалық экономикалық сот қызметкерлері тәркілеп алып кетті.

Газет редакциясы мұны заңсыз деп бағалап, бейсенбі күні арнайы мәлімдеме таратып, Алматы қалалық прокуратурасына, Ішкі істер басқармасына және қаржы полициясы департаментіне арыз жолдады.

Маусымның 2-сі күні өз оқырмандарына жетпей қалған «Сөз» басылымның бұл саны газет редакциясы, бұған дейін қабылданған сот шешіміне сәйкес, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетіне үлкен мөлшерде айыппұл төлегеннен кейін баспаханадан басылып шыққан еді.

- Газетті таратумен шұғылданатын жігіттер газет дайын болған кезде, түнгі сағат 2-лер шамасында дабыл қақты. Сол кезде сот орындаушылары келіпті де газетті кәмпескелеп, алып кетіпті. Біз ұлттық қауіпсіздік комитетіне сот шешімі бойынша 5 миллион теңге төлеуіміз керек болған. Біз бұл айыппұлды бөліп-бөліп, ең соңғысын өткен сейсенбі күні төлеп біткенбіз. Сөйтсек, енді ұлттық қауіпсіздік комитеті бізге «сендер бұл ақшаны өз есеп-шоттарыңнан емес, басқа есеп-шоттан аудардыңдар» деп кінә тағып отыр. Ал, біздің есеп-шот ол кезде тұтқындалған болатын, - дейді «Сөз» газетінің редакторы Шәріп Құрақбай.

Газет редакциясының ұжымы бұл орайда басылым тиражын тартып алған экономикалық сот қызметкерлері заңды бұзды дегенді айтып отыр. Осыған байланысты олар бейсенбі күні Алматы қалалық прокуратурасына, ішкі істер басқармасына және қаржы полициясының департаментіне арыз жазып, заң бұзғандар жауапқа тартылсын деген талап қойды.

- Сот шешімін орындадық, оларға не керек енді? Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзі заңды білмейтін болып шықты. Себебі, 5 миллион теңгені бұл комитетке бере алмаймыз екен, өйткені бұл мемлекеттік мекеме. Сол себептен, олар бізден ақша ала алмайды. Ал сот кезінде олар осы 5 миллион теңгені Астанадағы балалар үйіне береміз деген. Енді олар балаларды да алдап отыр, - дейді Шәріп Құрақбай.

Ал, Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров бұл мәселеге байланысты Азаттық радиосына былайша жауап береді:

- Бұл іске біздің қатысымыз жоқ, бұл тек сот шешіміне байланысты орын алып отыр.

Ал, Алматы қаласы экономикалық сотының қызметкерлері радио тілшісіне нақты жауап беруден бас тартты.

«Сөз» газеті былтыр күзде өткен парламент сайлауы кезінде “Ақ жол” партиясының сол кездегі тең төрағалары Алтынбек Сәрсенбайұлы, Ораз Жандосов, Болат Әбілов және саясаткер Ғани Қасымов түн мезгілінде Алматыдағы бір кафеде отырғанда, ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оларды сырттай бақылап, таспаға түсірді деп жазған болатын.

Осыдан кейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті «Сөз» газеті шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты деп сотқа шағымданып, Алматы қаласының экономикалық соты газет редакциясын ұлттық қауіпсіздік комитетіне 5 миллион теңге төлеуге шешім шығарды. Ал бұл қаржы төленгенше басылымның есеп-шоты тұтқында болды.

Газет заңгері Сергей Уткинның айтуынша, газеттің есеп-шоты тұтқында болғандықтан жаңа бір компания келіп, өз қаржыларына газет шығаруға, басылымды таратуға көмектескен, бірақ, бұған ұлттық қауіпсіздік комитеті келіспей, олар бұл шешімді қайта қарауын сұраған.

Ал газет редакторы Шәріп Құрақбай болса, мұның саяси астары болып отыр деп санайды. Қазіргі кезде «Сөз» газетінің ұжымы Алматы прокуратурасы мен ішкі істер басқармасынан және қаржы полициясынан жауап күтіп отыр.
XS
SM
MD
LG