Accessibility links

Саддам Хусейіннің соты алдағы екі айдың ішінде болуы мүмкін


Ирақ премьер-министрі Ибрахим әл-Жаафаридің жоғары кеңесшісінің айтуынша, Ирақтың бұрынғы диктаторы Саддам Хусейнге 12 айып тағылмақ.

Оған тағылатын айыптардың ішінде Ирақ Күрдістанында 1980 жылдардың аяқ кезіндегі қарсылықтарды үкімет күштерінің басып-жаншуынан ондаған мың адамның қаза табуы сияқты қылмыстар бар деп атап көрсетті Ибрахим әл-Жаафаридің кеңесшісі. Ирақтың бұрынғы басшысы өмір бойы түрмеге болмаса өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Бағдадтағы АҚШ басқаруындағы қамау орнында ұсталып отырған Саддам Хусейіннің соты нақты қай күні болатындығы турасында ешнәрсе айтылмаған. Дегенмен де Саддам сотының тым жақын арада басталатындығының белгілері де аңғарылып қалды.

Жексенбі күні Саддам сотының екі айдың ішінде болатыны жөнінде алдымен Ирақ бас министрінің өкілі Лэйс Куба айтқан болатын. Ол, сондай-ақ, Ирақтың бұрынғы жетекшісіне прокурорлар тағып отырған айыптың саны 500-ден асады, алайда оның бәрін жіпке тізу уақытты босқа өткізу болар еді, сондықтан ол 12 айып бойынша жауапқа тартылатын болады деген.

Лондондағы Соғыс және Бейбітшілік институтының Ирақ бойынша талдаушысы Аммар Шабандер Саддамға тағылатын айыптар негізінен 1980 жылдардың соңындағы күрд көтерілістерінен, 1991 жылғы шиит көтерілістерінен кейінгі адамдардың жаппай қырғынға ұшырауы, сондай-ақ, белгілі деген саяси отбасылары мен оппозициялық топтар мүшелерінің жазалануы сияқты қылмыстарға бағытталатын болады деп айтқан:

- Саддамның «Баас» партиясы билік жүргізген кезде жасалған қылмыстық істер саны 500-ден асады. Бірақ, мұндағы проблема - Саддамның соның нақты қайсысын жүзеге асыруға бұйрық бергенін немесе олар туралы оның қаншалықты білгендігін анықтауда тұр. Олар сол істердің 12-сі дәлелдеуге оңай және халықаралық айыптау талаптарына сай келеді дегенді айтады, - дейді сарапшы.

Ол «Баас» партиясы жүзеге асырған жазалаулардың көпшілігі ешқандай қол қойылмай-ақ атқарыла берген деп атап көрсеткен. Дегенмен де Саддамға қарсы деректерді айғақтайтын құжаттар кездеседі екен.

- Сондай құжаттың бірі Саддам 1980 жылдары оппозициялық «Дауа» партиясының барлық мүшелеріне өлім жазасын кесу турасындағы Революциялық кеңестің бұйрығына қол қойған, ол бойынша аталған партияға мүше болған адамның бәрі - қылмысы болса да, болмаса да ұсталып, түрмеге жабыла беретін болған, - деп атап көрсетеді талдаушы.

Ирақта Саддам режимі тұсында өлтірілген адамдар көмілген ортақ молалар осы күнге дейін табылуда. Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын елдің оңтүстігінде 18-ге жуық көпшілік бейіті табылған. Ирақтың адам хұқтары министрі Бақтияр Амин журналистерге берген сұхбатында мұнда Ирақтағы күрд көтерілістерін басу кезінде қаза тапқан 1500-дей құрбан көмілген болу керек деп айтқан.

- Олардың көпшілігі балалар мен әйелдер, арасында тек бес қана ер адамның мәйіті көмілген. Олар Күрдістанның күрдтері. Біз олардың Саддам Хусейін режимі жүргізген Әл-Анфал науқанының құрбандары екеніне сенімдіміз, - деген.

Осы кезге дейін Саддамның заңгерлер тобының оны соғыс қылмысы мен адамзатқа қарсы қылмыс деген айыптаулардан қорғау үшін қандай стратегиялық амалдарға баратыны айқын емес. Дегенмен де, Саддамды қорғаушы адвокаттың иорданиялық өкілі Зияд Хасауини соттың Ирақ жетекшісін соттауға хұқы бар ма деген мәселені талқылау мүмкіндігін беруді ұсынған болатын.

- Сот заңды емес, оны АҚШ-тың Ирақтағы әкімі Пол Бремер халықаралық заңдарға қайшы келе отырып тағайындаған болатын. Сондықтан да ол заңсыз, - дейді ол.

Бұны ол наурыз айында Токиода болған баспасөз-мәслихатында ескерткен еді. Егер айыптары дәлелденетін болса, Саддамға өлім жазасы шығарылады. 2003 жылы сәуірде АҚШ күштері Саддамды тақтан құлатқаннан кейін, американдық азаматтық әкімшілік күшін жойғанына қарамастан, Бағдад өлім жазасын қайта енгізген болатын. Саддам мен оның жақын одақтастарының сот алдында жауапқа тартылуын Ирақ жұртшылығы, әсіресе шииттер мен күрдтердің қауымдастығы қатты талап еткен болатын.

Биылғы жылы наурыз айында Бағдадта Саддам режимінің құлауының екі жылдығын атап өту барысында мыңдаған шерушілер де осындай талап қойған еді.

Шииттердің діни жетекшісі Мұхтада ас-Садрдың жақтастары да Саддам сотқа берілсін, ал АҚШ бастаған шетелдік әскерлер Ирақтан кетсін деген талаптарды алға тартқан. Сот болатындығы айқындалып, өзі жасаған қылмыстар үшін жауап беру керектігін түсінген сайын, Саддамның көңіл-күйі төмендеп кетті деп айтқан Лондондағы «Ашарқ әл-Аусат» газетіне берген сұхбатында судья Раид Джухи.
XS
SM
MD
LG