Accessibility links

Баспасөзге шолу. 7 маусым 2005 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Сейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген бірқатар басылымдар маусымның 4-күні Астанадағы президенттік мәдениет орталығында өткен Қазақстан мұсылмандарының 4-ші құрылтайында сөз болған көкейкесті мәселелерге назар аударыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті өзінің сейсенбілік санында редакцияның «Діні күшті елдің іргесі берік» деген тақырыппен бір бет көлемді мақаласын жариялапты. Мақалада, осыдан 5 жыл бұрын Қазақстан мұсылмандарының 3-ші құрылтайы өткеннен бері діни басқарма тарапынан қандай жұмыстар жүргізілгеніне қысқаша шолу жасалыпты.

«Ең бастысы, 5 жыл ішінде ынтымақ пен бірлік нығайды, діни тұтастыққа, діни істерді бір орталықтан басқаруға, діни кадрларды даярлауға, дін ағартушылық жұмыстарды жандандыру ісінде алға басушылық бар» деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.

Бүгінгі күні Қазақстанда 1700-ге жуық мешіт бар, ал оның 1500-ден астамы Діни басқармаға қарайды, ал өзі жеке діни бірлестік ретінде қалып отырған 150-ден астам мешіттің 100-ден астамы Оңтүстік Қазақстан облысында, қәзір халық ата-баба дініне бет бұрды, бұл рухани сұраныстан туып отыр, мешітке келушілер саны күн санап көбеюде әсіресе жұма күндері көбірек келеді және олардың басым көпшілігі жастар деп жазады «Егемен Қазақстан».

Сондай-ақ, газет Қазақстан мұсылмандарының 4-ші құрылтайында сөз сөйлеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Мешіт - қасиетті орын. Оны белгілі бір ру, тайпа өкілдері немесе ұлт меншігіне айналдыру түбірімен қате. Ондай жағдайда мұсылман үмметі жіктеліп, ыдырап, өз ынтымағынан айырылмақ. Бұған әсте жол беруге болмайды. Мешітті кім салса да, кімнің қаражатына салынса да, ол Алланың жердегі үйі» деген сөзін келтіріпті.

Қазақстан мұсылмандары осы жолғы 4-ші құрылтайда Әбсаттар қажы Дербісәліні бірауыздан екінші мерзімге ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти етіп сайлады деп жазады «Еегемен Қазақстан» өзінің сейсенбілік санында.

«Экспресс К» газеті де өзінің сейсенбілік санында осы дін тақырыбын қозғапты. Газет тілшісі Ильяс Құсайынов «Имамдарға оқу керек, ал секталарға жол берілмей жабылу керек» деген мақаласында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы имамдардың білім дәрежесіне көңіл бөлгендіктен, тек өткен жылы 24 имамның Мысыр елінде арнайы білім жетілдіріп қайтқанын, ал биылғы жылы 40 имам Мысырға аттанғалы отырғанын жазады.

«Өйткені, діни басқарма тарапынан Қазақстандағы барлық имамдарды арнайы тестіден өткізіп сын алғанда олардың 90 процентейі қанағатсыз деген баға алған. Ал соңғы жылдары Түркия үкіметінің қаржылай көмегімен Алматыда жас имамдарды даярлайтын Ислам институты ашылып отыр. Ал Қазақстандағы діни секталарға қатысты имамдар тарапынан халыққа зиян тигізетін осындай діни таралымдарды жабу туралы ұсыныс көтеріп отыр, бірақ та бұл мәселені бәрібір үкімет қарап шешуі тиіс» деп жазады газет тілшісі Иляс Құсайынов.

«Жас Алаш» газеті өзінің сейсенбілік санында «Кешегі күннің күркірі» айдарымен «Әлихан Ақтауға келді, кетті» деген тақырыппен Ақтаулық азамат А.Әбішевтің газетке жолдаған хатын жариялапты. Өз хатында автор «Ақтауға Әлихан Бәйменов келеді деген хабар бір апта бұрын естіле бастады. Бұл хабарды естіген соң Бәйменов «Ақ Жолдың» жалғыз төрағасы ғой, билік қандай қарсылық жасар екен деп қауіптендік. Бірақ та ондай ештеңе болған жоқ.

Қала ортасындағы мәдениет үйі алдында айқайлаған студенттер болмады, Шымкенттегідей «Дикий Арман» да төбе көрсетпеді, қойшы, бәрі тыныш, бірақ, шамамен 50-60 адам ғана жиналды, Бәйменов бұрын келгенде зал толып отырушы еді, бұл жолы басқаша болды» деп жазыпты. Оның айтуынша, залға жиналғандардың өздері сол жерде екіге бөлініп, залды тастап шығыпты, бір ақсақал «айналайын Әлихан, ақылың бар азаматсың ғой, ана достарыңа барып қосыл» деген ақыл кеңес беріпті. «Кездесу де аяқталды, сыртқа шықсақ көше тым-тырыс» деп жазыпты Ақтаулық газет оқырманы.

Ал «Алтын орда» апталығы «Нағыз Ақ Жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының Әлихан Бәйменовке жолдаған ашық хатын жариялапты. А.Сәрсенбайұлы «Ақталғың келсе ақ сөйле –адаспайсың, Әлихан, осыны еске тұтқайсың» деп Әлиханды бар шындықты айтуға шақырыпты. Сондай-ақ, А.Сәрсенбайұлы Әлихан Бәйменовке арнаған өз хатын саяси көзқарастарымыздың қарама-қайшылығы, ұстанған бағыттарымыздың әрқилылығы үшін адамгершілік деген үлкен қасиеттен аттап кетіспейік, жамандасып жау болыспайық деген мағынада жазыпты.
XS
SM
MD
LG