Accessibility links

«Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева Қырғызстандағы оқиғалар Қазақстанда қайталануы мүмкін деп санайды.

Маусымның 7-інде Астанада өткен «Асар» партиясының кезектен тыс съезінде партия төрайымы Дариға Назарбаева Қырғызстандағы оқиғалар Қазақстанда да болуы мүмкін деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, әлемдік саясатта жаңа экспансия, яғни демократия экспорты пайда болған. Бұл стратегиялық қызығушылық оятатын аймақтарда жетекке жүретін үкіметтер енгізудің жаңа технологиясы деді ол. Ал, оппозиция өкілдері бұл пікірмен келіспейміз деп отыр.

«Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева, қазақстандық оппозицияның нақты жоспары жоқ, ал, Қырғызстандағы оқиғалар Қазақстанда да болуы мүмкін деген пікір білдірді:

- Бізде де Қырғыз еліндегідей болуы мүмкін бе? Оған иә, мүмкін деп жауап беруге тура келеді. Мүмкін болатындығы әлемдік саясатта экспансияның жаңа түрі - демократия экспорты пайда болды. Бұл, анығын айтсақ, стратегиялық қызығушылық бар аймақтарға жетекке жүретін үкіметтер әкелудің жаңа технологиясы.

Дариға Назарбаеваның пікірінше, қазір күштемелі ішкі демократия қауіп төндірмей тұрған ел жоқ.

- Көп жағдайда оның демократия мақсаттарымен де, ел мүдделерімен де еш ұқсастығы жоқ, - дейді «Асар» партиясының төрайымы.

Ал, «Әділетті Қазақстан» қозғалысының мүшесі, оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов, Қазақстанда, шынымен, демократиялық принциптер батыс елдеріне жақындауы мүмкін, бірақ, бұл бір жақты пікір дегенді айтады:

- Әрине, біздің батыс елдерінің демократиялық принциптеріне жақындауымыз мүмкін. Кезінде, Конституцияны қабылдағанда, Назарбаевтың маңындағылар біз Франциядан, басқасынан үйрендік деген болатын. Сондықтан, демократияны экспорттау деген, басқармалы үкіметті енгізу деген пікірлерді осы демократиялық ойлардың халық санасына сіңуден үйрейлену деп білеміз.

Саясаткер Болатхан Тайжан, Қырғызстандағы жағдай Қазақстанда қайталанбағаны дұрыс деп санайды, бірақ, оған Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы әсер етуі мүмкін дейді ол:

- Қырғызстандағы жағдай бізде болуы мүмкін дегеннің түпкі себебі шет елден революция әкелу емес, халықтың жағдайы. Әсіресе, ауылды алсаңыз, оның жағдайы белгілі. Бірақ, мен өз басым, оның беті әрі болсын деймін.

Сейсенбі күні Астанада кезектен тыс съезін өткізген «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева «Демократия үшін Қазақстанның халықтық одағын» құруды ұсынды. Алдымызда тұрған мақсаттарды бірде бір партия жалғыз шеше алмайды, біздің қоғамымыз бірігуі қажет деді ол. Дариға Назарбаева осы одаққа келешегі бар барлық партияларды қосылуға шақырды. Оның айтуынша, Қазақстанда да Қырғызстандағы оқиғалар болуына бірнеше себеп бар:

- Мүмкін болатыны - мемлекеттік машинаның икемсіздігінен және қарапайым адамдардың мәселелерін сезіне қоймауынан, парламент пен маслихаттардың елдегі ахуалға ықпал ететін мүмкіндігі жоқтығынан көріп отырмыз.

«Әділетті Қазақстан» қозғалысының мүшесі Әміржан Қосанов болса, жаңа одақ құратындар биліктің тапсырмасын орындауы мүмкін деген болжам айтады:

- «Демократия үшін Қазақстанның халықтық одағын» құрамыз дегендерге айтатын бір нәрсе бар: Қазақстанның шынайы демократиялық күштері «Әділетті Қазақстанға» енді. Екіншіден, олар биліктің тапсырмасын орындауы мүмкін. Яғни, алда президенттік сайлау келе жатыр. Сондықтан, оппозициялық партияны екіге бөліп, саяси клон жасаған сияқты, осындай клон жасамақ ниетте шығар.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева басқаратын «Асар» партиясының басшылығы өздерін президентті жақтаушы партияға жатқызады. Бақылаушылардың айтуынша, қазір Қазақстанда осыған ұқсас 4 партия бар: “Отан” партиясы мемлекеттік аппаратқа кіретін шенеуніктермен кәсіпкерлерді біріктіреді; «Аграрлық» партия ірі жер иеленушілер мен агроөнеркәсіп кешені өкілдерін қосады; «Азаматтық» партиясында шикізат саласындағы компания өкілдері шоғырланған; ал, «Асар» партиясы негізінен зиялы қауым мен жастарды біріктіруге мүдделі деген пікір айтылады. Саясаткер Болатхан Тайжанның айтуынша, жаңадан ұсынылып отырған одаққа негізінен президентті жақтаушы партиялар енуі мүмкін, ал, оларды біріктіру қиын емес дейді ол:

- Елдің саяси күштерінің одағын құру жалпы жаман емес. Бірақ, негізі қандай, әңгіме сонда. Жалпы, оларды біріктіру қиын емес. Олар үлкен партия емес, президент әкімшілігі айтса болды, біріге салады.

«Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева билікке жақын партиялардың басын қосу керек деген ұсынысты бұған дейін де айтқан болатын. Кейін, «Аграрлық» және «Азаматтық» партиялары ортақ блок құрған еді. Ал, маусымның 7-күні Астанада кезектен тыс съезін өткізген, президентті жақтаушы тағы бір саяси ұйым - «Қазақстанның демократиялық партиясының» басшысы Мақсұт Нәрікбаев өзі басқаратын партияның «Асармен» одақтасатын ниеті барын мәлімдеді.

Сондай-ақ, сейсенбі күні «Асар» партиясының жетекшісі Дариға Назарбаева Қазақстанда президенттік басқару жүйесін парламенттік басқаруға өзгертуге қарсы екенін айтты.
XS
SM
MD
LG