Accessibility links

Астанада мүгедек балалардың фестивалі өтіп жатыр

  • Ескендір ЕРТАЙ

Маусымның 7-сінде Астанада мүмкіндіктері шектеулі балалардың республикалық фестивалі ашылды. Онда бейнелеу қол өнері, ән күй және басқа да өнер салалары бойынша 300-ден астам бала қатысып отыр.

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының кіре беріс залына фестивалға қатысушы балалардың жүзден астам туындылары қойылған. Талдықорғандық суретші мұғалім Абылай Әміреев облыстық байқауда озған 12 баланы алып келіпті.

- Төлепбаев Нұрлан деген баламыз бұл байқауға бесінші рет қатысып отыр, үш рет «Көгілдір құс» фестивалінің жеңімпазы атанды. Төлепбекова Жәнел деген қызымыз натюрморт шебері, - дейді ол.

Шымкенттік Сара есімді мұғалім қаржы қиындығына байланысты фестивалға ең үздік екі тәрбиеленушіні ғана алып келуге мүмкіндік тауыпты. Алтынай Ибраймова мен Светлана Кимнің құрақ көрпе, қоржын, кілем, гобеленін ала келіпті. Светлана Кимнің анасы Александраның айтуынша, қызының үш жасында дене қызуы көтеріліп ауырған кезінде жергілікті дәрігерлердің жас балаға уыты күшті дәрілерді артық егуі салдарынан бірте-бірте есту қабілеті кеміген. Кейіннен Мәскеу дәрігерлері 30 пайыз қабілетін қалпына келтірген екен. Бірақ, Света сөйлеу қабілетінен айырылған. Әлі де өнерімен көзге түссе, анасы көпшілік көмегімен қызының айығып кетуінен үмітті.

Мұғалімдердің айтуынша бұл талантты балалардың әрі қарай оқығысы, білімін, машығын жалғастырғысы келеді. Ал, Абылай Әміреевтің айтуынша, республикадағы жоғары оқу орындарында олардың білімін жетілдіруіне мүмкіндік қарастырылмаған.

- Мүгедек балалар орта білім алған соң, оны әрі қарай жалғастыра алмайды. Себебі, жоғары оқу орындарында қол қимылдарымен түсінідіретін оқытушылар жоқ, - дейді ол.

ЮНИСЕФ өкілі Гүлназ Кенекеева мүгедек балалардың кәсіби шеберлігін шыңдай түсу үшін қаржы бөліп отырғандығын, алдағы уақытта үш қалада мүгедек баласы бар отбасыларды қолдау орталықтарын ашу көздестіріліп отырғандығын айтады. Ал, Астана қалалық «Қамқор» қайырымдылық қоры жыл басынан бері қалада тұратын екі мүгедек балаға Ресейдің Новосібір және Башқұртстанның астанасы Уфа қалаларында жасалған күрделі оташылық қызметіне ақысын және жол шығынын төлеген көрінеді.

Биыл Астанада бесінші рет ұйымдастырылып отырған мүмкіндігі шектеулі балалардың фестиваліне республиканың 16 қаласынан 300-ден астам бала қатысуда.
XS
SM
MD
LG