Accessibility links

Қоғамдық ұйымдар азаматтық форумға әзірленіп жатыр


Қазақстанда бірқатар бейүкіметтік ұйымдар қоғамды демократияландыру мен азаматтық қоғамның алғышарттарын қалыптастыру мәселелерін көтеріп, ел президенті мен үкіметіне, парламент депутаттарына ашық хат жолдады.

Маусымның 6-сы күні Алматыда БАҚ өкілдерімен жүздескен үкіметтік емес ұйым өкілдері өздерінің кеңейтілген мәжілісін өткізіп, онда қоғамды демократияландыру мен азаматтық қоғамның алғышарттарын қалыптастыру мәселелерін қарастырғанын жеткізді.

Үкіметтік емес ұйымдар конфедерациясы қоғамдық ұйымының жетекшісі Валентина Сиврюкова 2005 жылдың күзінде өтетін ІІ-ші Азаматтық форумға дайындық басталды деді. Ол алдағы күзде өтетін форумда 2003 жылы өткен І-ші форумның шешімдерін қорытындылау, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдардың, саяси партиялардың байланысын нығайту мәселелері қарастырылады деді.

В.Сиврюкова өздерін бүгінгі таңда мазалап отырған негізгі мәселе - Қазақстан аумағында жұмыс істейтін халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қызметіне байланысты дайындалып жатқан екі заң жобасы екендігіне тоқталды.

- Маусымның 8-і күні Мәжілістің жалпы отырысында талқыға түсетін «Қазақстан аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдардың мәселесі жөніндегі кейбір заңнамаларға өзгеріс енгізу туралы» заң жобаларына әзірленіп жатқан өзгерістер мақұлданатын болса оның қоғамды демократияландыру мен азаматтық қоғамның алғы шарттарын қалыптастыруға айтарлықтай кері ықпалы болады. Сондықтан үкіметтік емес ұйым өкілдері Қазақстандағы әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерді бірігіп шешу үшін мемлекеттік құрылымдармен сындарлы диалогқа отыруға дайын, - деді В.Сиврюкова ханым.

Ал Қазақстан Тұтынушылар лигасы қоғамдық ұйымының президенті Светлана Савченко:

- Конституцияның 5-бабында мемлекеттік құрылымдар коммерциялық емес ұйымдардың іс-әрекеті мен қызметіне араласпайды деп жазылған. Ал, жоғарыда аталған заң жобаларындағы үкіметтік емес ұйым өкілдіктері іс-шаралар өткізу үшін жергілікті атқарушы биліктен рұқсат алу, ұйымның жыл сайынғы шығыны мен кірісі жөнінде есеп беріп тұру сынды баптары үкіметтік емес ұйымдардың қызметін тарылтады, - дейді.

Үкіметтік емес ұйымдар конфедерациясы қоғамдық ұйымының жетекшісі Валентина Сиврюкова Қазақстан аумағында жұмыс істейтін халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қызметіне байланысты дайындалып жатқан екі заң жобасын кері шақырып алу жөнінде Қазақстан президенті мен үкіметіне және парламент депутаттарына барлығы 144 коммерциялық емес және 8 халықаралық ұйым жетекшілері қол қойған ашық хат жолдағандарын жеткізді. Саясаттанушы Ерлан Қарин осы мәселеге байланысты былай дейді:

- Халықаралық сарапшылар қарастырылып жатқан жаңа заң жобасын демократияға қауіп деп қарастырса, жергілікті сарапшылар бұл заң жобасының белгілі-бір деңгейде қоғамдық ұйымдардың қызметіне кедергі келтіретінін мойындағанымен демократияға үлкен шабуыл деп қабылдамаймыз. Менің ойымша, кез-келген осындай заң жобаларын оның тиімділігі мен сәйкестілігі жағынан алып қарастыруымыз керек. Үкіметтік емес ұйымдар қандай іспен айналысса да олардың құқығы жергілікті ұйымдармен қатар болу керек. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне байланысты заң жобаларына өзгерістер енгізу тек Қазақстанда ғана орын алып жатыр деген түсінік қалыптаспау керек.

Қазақстандағы ІІ-ші Азаматтық форумды 2005 жылдың күзінде Астана қаласында өткізу жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG