Accessibility links

Қазақстан биіліг Орталық Азия одағын құруға мүдделі

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы істер министрлігінде өтккен жиында Орталық Азия одағын құру туралы идеяны тағы да қайталады. Ол Орталық Азия одағының тұжырымдамасын көпке созбай әзірлеп, оны көрші мемлекеттерге ұсыну қажеттігін айтты.

Маусымның 7-күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы аймақтардағы қалыптасып отырған жағдайларға байланысты сыртқы істер министрлігінің қызметкерлерімен жиын өткізді. Қазақстан президенті қандай жағдай болмасын, Қазақстан көп векторлық саясатты ұстанатынын айта келіп, Орталық Азия одағын құру қажеттігін тағы да еске салды.

Президент Назарбаев Орталық Азия одағының тұжырымдамасын көпке созбай әзірлеп, оны көрші мемлекеттерге ұсыну қажет деді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, ең басты мәселе ортақ валюта, еркін сауда аймағын құрып және кеден одағын қалыптастыруды қарастыру қажет. Қазақстан президентінің бұл мәлімдемесіне қазақстандық сарапшылар әр-түрлі көзқарас танытып отыр. Бірі бұл қаупті жағдай десе, енді бірі түркі тілдес мемлекеттер түбінде бірігуі керек дейді.

Қазақстан президенті Орталық Азия Одағын құру туралы ұсынысын үстіміздегі жылдың ақпан айында өзінің халыққа арнаған жолдауында мәлімдеген еді. Алайда, көп ұзамай, Қырғызстандағы парламенттік сайлаудың соңы түрлі-түсті төңкеріске әкеліп, ал Өзбекстанның жағдайы Әндіжандағы қанды оқиғаға тірелді. Осыдан кейін қазақстандық, соның ішінде мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында Орталық Азия Одағын құру туралы мәселе басылып қалған еді.

Есесіне Қазақстан президенті сарапшылардың Орталық Азия одағын құруға қарсы деген Ресейдің президентімен кездесуді жиілетті. Бірақ, Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы істер министрлігінің алқа отырысында сөйлеген сөзінде өзінің Орталық Азия одағын құру жөніндегі бастамасынан айнымайтынын байқатты. Керісінше, ол бұл мәселе тездетіп шешімін табу қажеттігін айтты.

Бұған дейін Қырғызстанның сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Роза Отынбаева Қазақстанға келген сапарында Қазақстан Президентінің бұл бастамасын қолдайтындығын білдірген еді. Ал ресми Өзбекстан бұл идеяны ең алдымен Өзбекстан президенті айтқан деген ақпарат таратқан болатын. Сонымен Қырғызстандағы, Өзбекстандағы жағдайдан кейін қазақстандық сарапшылар Орталық Азия Одағын құру бастамасына қалай мән беріп отыр?!

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, Орталық Азия одағы керек, бірақ әзірге бұл мәселені көтерудің қажеті шамалы. Өйткені оның бірнеше қауіптері бар дейді Әзімбай Ғали.

- Қырғызстан мен Қазақстан авторитарлық мемлекет. Өзбекстан мен Түркіменстан тоталитарлық мемлекет. Ал Тәжікстан авторитарлықтан тоталитарлыққа өтіп жатыр. Олардың аурулары Қазақстанға жұғуы мүмкін. Демократия үрдісі тоқтап қалуы мүмкін. Екіншіден, Орталық Азия мемлекеттердің экономикасы әр деңгейде. Мәселен, Өзбекстанда реформа жасалмаған, Қырғызстанда - шала жасалған. Ондай мемлекеттермен жұмыс істеу қиын. Мысалы, қазір Қырғызстанға капиталды кіргізудің орнына, олар Қазақстан азаматы Тойғанбаевты соттау керек деп отыр. Үшіншіден, егер Орталық Азия одағы құрылатын болса, онда көрші кедей мемлекеттерді Қазақстанның асырауына тура келеді. Себебі, Орталық Азия мемлекеттері тым кедей, жұмыссыздығы өте жоғары. Бір одақта болсақ, олардың жұмысшыларын Қазақстанға еркін жіберуімімз керек. Олар бірден қалаға келеді, орнығып қалады, өзбек мәселесі қайтадан күшейеді. Қазір өзбектер төртінші орында, екінші орынға шығып кетеді. Демографиялық баланс бұзылады, - деген тиұжырым жасайды саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Алайда, кәсіби дипломат, саясаткер Болатхан Тайжан қазақ мәдениетін, тілін, әдет-ғұрпын сақтап қалу үшін Орталық Азия Одағы қажет деп санайды. Оның пікірінше, одақ құрылса, Қазақстанда кедейшілік кең етек алады деген бекер сөз:

- Одақ құрғаннан кейін, бірден шекараны ашып жіберіп, жұмысшылардың барлығы көшіп келеді деп айта алмаймын. Ал пікірін айта алмай, халыққа жеткізе алмай жүрген адамдар қилы болады. Сол барып, терроризмге апарады, - дейді Болатхан Тайжан.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың ойынша, қазіргі уақытта Орталық Азия Одағын құру Қазақстанға тиімді емес:

- Ол одақты құратындай алғышарттар әлі дайын емес, себебі, экономикалық, саяси хал-ахуалдың жағдайы да, халықтың әлеуметтік жағдайы да әртүрлі болғандықтан бүгінгі күні шешілуі мүмкін емес деп ойлаймын, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Ал сарапшы Әзімбай Ғали болса, қазір көрші мемлекеттерде болу қаупі бар азаматтық соғыстан сақтануды ойлау керек деп ескертеді.
XS
SM
MD
LG