Accessibility links

«Хьюман райтс уотч» Әндіжандағы қырғын туралы деректер жариялады


«Хьюман райтс уотч» адам құқықтары ұйымы өткен айда Өзбекстанның оңтүстігіндегі Әндіжан қаласында болған үкіметтік күштердің шабуылында көптеген бейкүнә жандар қырылғаны туралы дерек таратты.

Халықаралық ұйымның айтуынша, Өзбекстан ресми үкіметі түрмеге және үкіметтік ғимараттарға шабуыл жасаған қарулы топты тоқтатуға мүмкіндіктері бар болған. Бірақ, куәлардың айтуынша және құрбан болғандардың санына қарағанда, үкімет асыра сілтеу нәтижесінде жұртты қырғынға ұшыратқан деп тұжырым жасайды «Хьюман райтс уотч» ұйымы.

«Хьюман райтс уотчтың» есепті баяндамасында Әндіжанда өткен айда болған толқулар, шабуылдар және қантөгіс бойынша әлі жауабын күткен талай мәселелер бар екені айтылған. Бірақ, бұл ұйым сұхбаттасқан 50 шақты құрбан мен куәлардан алынған деректер үкіметтік күштердің өте көп санды қарусыз адамдарға үлкен күш қолданғандығы, сондай-ақ, қаза тапқандардың саны осыған дейін жарияланған ресми деректен әлдеқайда көп екенін көрсетіп отыр.

Бұл мәселеге орай пікір білдірген аталмыш халықаралық ұйымның Өзбекстан бойынша сарапшысы Алисон Джилдың айтуынша, куәлар берген деректер Әндіжан қырғыны туралы көптеген сырды ашады.

- Біз Әндіжандағы толқулардан кейінгі қантөгісті жағдай жөнінде бірталай сенімді деректерге ие болдық. Бұл дерек-мәліметтер, тікелей алынған бейнесуреттер арқылы Өзбекстан ресми үкіметінің қаншалықты ауыр қылмысқа барғандығын байқаса болады. Дегенмен әлі талай анықталатын нәрселер бар. Үкіметтік күштердің қатардағы азаматтарға қаншама күш қолданғаны жөнінде сенімді де анық деректер қажет, - дейді сарапшы.

Джилдің айтуынша, Адам құқықтары ұйымының қазіргі соңғы баяндамасы қарулы күштер мен полиция келгенше Әндіжандағы негізгі алаңда қанша халықтың болғанын және жаңбырдай жауған оқтан қанша адамның қырылғаны жөнінде толық мәлімет бере алмайды.

Бірақ, Өзбекстан ресми үкіметі қаза тапқандардың саны - 173, оның да көп бөлігі тәртіп қорғау қызметкерлері дейді. Ал, «Хьюман райтс уотч» ұйымына Әндіжандық куәлардың айтуынша, үкімет күші алаңнан қашып бара жатқан халықтың 400-дейінің артынан оқ жаудырып, қырған жасаған.

Халықаралық ұйымда журналистерден жинақталған бірталай сурет бар. Оларда Бабыр алаңындағы шеру кезінде түрлі жастағы адамдар, соның ішінде әйелдермен қатар балалардың да көп болғаны бейнеленген. Джилдің айтуынша, қарулы күштер онша көп болмаған.

- Алаңда, әрине, бұрынғы күндері қарулы шабуыл жасағандар емес, бейбіт шерушілер көп болған, - дейді сарапшы.

Өзбек үкіметі ә дегеннен бұл қантөгісті оқиғалар үшін айыпты исламшыл әсірешілдерге жапты. Оған себеп, қарулы топтың үкіметтік үйлер мен түрмеге шабуылы еді. «Хьман райтс уотч» ұйымы үкіметтік ғимараттарға шабуыл болғанын растайды, бірақ ол шабуылды мұсылман экстремистері жасады дегенге күман келтіреді.

Ұйымның айтуынша, Әндіжан толқулары 23 бизнесменді исламдық экстремизмге қатысты деп айыптап соттаудың салдарынан орын алған. Бірақ, сарапшы Джилдің пікірінше, Әндіжандағы шерулер кедейшілік пен үкіметтік репрессияға қарсы наразылық көтерілісінің нәтижесі.

- Біз сөйлескен адамдар Ислам мәселесін алға тартқан жоқ, - дейді Алисон Джил.

Ал жоғары дәрежелі үкіметтен басқа түрлі деңгейдегі өзбекстандық ресми, зиялы қауым Өзбекстандағы бұл қырғын жөнінде не дейді? «Хьюман райтс уотч» Вашингтондағы Өзбекстан елшілігіне барғанда ол жабық болып шыққан. Ал Тәшкендегі тәуелсіз саяси талдаушы Қамран Әлиев болса үкімет те, ресмилер де мұндай сауалға ешқашан жауап бере қоймас деп санайды.

- Өзбекстан үкіметі халықаралық ұйымдардың сынына, талаптарына ешқашан жауап берген емес. Бұл жолы да «Хьюман райтс уотчтың» осы баяндамасын назарға алмайды, тіпті, оны өзі сынай бастауы мүмкін, - дейді Қамран Әлиев.

Ал енді Әндіжанға халықаралық ұйымдарды жібермесе, онда ол қырғынның құпиясы сол күйінде жабық қала бере ме? Әзір оны тап басып айту қиын, дегенмен, Өзбекстан парламенті Әндіжандағы қырғынды егжей-тегжейлі зерттеп, тексеретін комиссия құрды. Ал «Хьюман райтс уотч» ұйымы болса Әндіжандағы қанды қырғынды түбегейлі зерттейтін тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізу қажет дейді.
XS
SM
MD
LG