Accessibility links

Ақтөбе ауруханаларында туберкулез науқастарға орын жетіспейді

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында диспансерлік есепте туберкулез дертіне шалдыққан 5 мыңға жуық адам тіркелген. Ал, облыс бойынша ауруханаларда туберкулез ауруынан емдеуге арналған орын саны - 830.

Бұл аздық етеді дейді облыстың туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Мұхамедияр Аманғали мырза. Оның айтуынша, Ақтөбе облысы туберкулез ауруынан республика бойынша Қызылорда облысынан кейін екінші орында тұр екен. Ал, 2003 жылы Ақтөбе облысы аурудың бұл түрінен республика бойынша бірінші орында болыпты.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының үш ауданында туберкулезге қарсы ауруларды емдейтін аурухана салынып жатыр. Алайда, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылдан бастап туберкулез ауруына шалдыққандар саны азайғанын айтып, жақын жылдарда жағдай жақсарады деп отыр.

- Туберкулез – тек медициналық қана емес, әлеуметтік, экономикалық проблема. Облыста туберкулезбен ауыратындар саны өткен жылғы деңгейде, бірақ, биылғы жылы ауру саны азаяды деп нақты айта алмаймын. Туберкулез ауруы балалар арасында азайғанымен үлкендер арасында көбейіп отырған секілді, - дейді Ақтөбе облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Мұхамедияр Аманғали.

М.Аманғали мырза аталған аурудың таралуының бір себебі - әлеуметтік мәселелерге байланысты, яғни, жұмыссыздықтың да салдарынан туындайды деп санайды.

- Сондай-ақ, түрмеден шыққандардың 30-40 пайызы ғана ауруын емдеуді жалғастырады. Алайда, олардың өзі кейін емделу тәртібін бұзады, - дейді дәрігер.

Парламент Сенатының депутаты, мамандығы дәрігер Бексұлтан Тұтқышев қазіргі уақытта туберкулезбен ауыратындар санының артуын оны анықтау, табу ісінің жақсаруында деп отыр. Ал, Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев Маңғыстау облысында басқа аурулармен қатар аталған ауру түрінің көбейгенін айтып алаңдайды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Айқан Ақанов мырза республикада туберкулез ауруының ахуалы бойынша жағдай 2006-2007 жылы жақсаруы керек деп отыр.
XS
SM
MD
LG