Accessibility links

Өзбекстан Еуропа одағының өкіліне кіру визасын бермеді

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Өзбекстан үкіметі Еуропа одағының арнайы өкіліне кіру визасын беруден бас тартты. Арнайы өкілдің сапарының мақсаты - кейбір хабарлар бойынша жүздеген, тіпті мыңдаған бейкүнә адам қаза тапқаны айтылып жатқан Әндіжандағы нақты жағдайды айғақты дерек-мәлімет негізінде білу еді.

«Хьюман райтс уотч» халықаралық адам құқықтары ұйымы сейсенбі күні жариялаған жаңа есеп-баяндамасында Әндіжандағы оқиғаны адам қырғыны деп тасқа таңба басқандай етіп жазды. Міне, енді Еуропа одағының атынан Хавиер Солана Өзбекстан әкімшілігіне арнайы ресми хат жолдағанда олар қырын қабақ танытты. Еуропа одағы болса енді Өзбекстанның бұл ұйыммен өзара әріптестік және ынтымақтастық келісіміне күдіктене қарап отыр.

Бұл жағдай өзара екіжақты байланысқа кесір болуы да мүмкін. Әйткенменде Еуропа одағы әзірге сабыр сақтап, Өзбекстанды санкциялармен қорқытып отырған жоқ. Бірақ, Өзбекстандағы қырғыннан кейінгі соңғы апталарда орын алып жатқан өзге де оқиғалар көрсеткеніндей, Еуропа одағы түбінде бәрібір қатаң шараларға баратын түрі бар. Мәселен, осыдан екі күн бұрын Әлем банкы Өзбекстандағы өз миссиясын тоқтатқаны туралы ақпарат тарады.

Ал бұл жолы Маттиссен Әндіжанға барып жергілікті жағдаймен тікелей танысып, президент Кәрімовке кездесіп, мамырдағы қанды оқиғаларға тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізуге рұхсат сұрамақ болған. Жалпы, Еуропа одағы сыртқы істері министрлері де өткен айдың өзінде, мамырдың 13-інен кейін-ақ, сол оқиғаларға зерттеу қажет деп талап қойған еді. Бірақ, Өзбекстан ресмилерінен оған бірден қарсылық білдірілген болатын.

Сейсенбі күні Брюссельде тілшілермен кездескенде Хавиер Солана әлі де болса Ислам Кәрімовтен бірер дұрыс жауап алармыз деген үмітін айтқан-ды.

- Мен президент Кәрімовке хат жібердім. Әзірше жауап жоқ. Дегенмен, мен өз өкілімді қазірдің өзінде Өзбекстанға жіберуге дайынмын, түбінде Маттиссен мырза баратын да болар, - деген еді ЕуроОдақ ұйымы сыртқы саясатының басшысы.

Солананың Кәрімовке жазған хатында, ЕуроОдақ жіберілген дипломаттар келіссөз жүргізу үшін әрқашан, кез-келген жағдайда қабылдануы тиіс деп есептейді деген. Ал өзара байланыстар кезінде ашық мәмілелі болу бұл өзара Әріптестік және Ынтымақтастық келісімінің негізі болып саналады.

Бірақ, ЕуроОдақтан бір ресмидің айтуынша, Өзбек тарапы ұйым өкілінің баруына қарсы болардай ешқандай бір жөнді себеп келтіре алмаған. Қазіргі кезде Одақ сыртқы істер министрлері көтерген мәселелерді талқылаудың ешқандай қажеттігі жоқ дей салған.

Ал енді, егер президент Кәрімов ЕуроОдақ ұйымының өкіліне виза бермей отырған соң, ЕуроОдақ жариялауы ықтимал санкцияларының ішінде, Беларусь елінің ресмилеріне жарияланған виза сакциясының кезегі Кәрімов әкімшілігіне де келіп қалуы мүмкін емес пе екен деген сауал туады.
XS
SM
MD
LG