Accessibility links

Ана мен бала денсаулығы жақсартуды қажет етеді

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Ана мен бала денсаулығы Қазақстандағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сырқат аналардан туған балалардың шетінеу оқиғалары көп тіркеледі. Бір Астананың өзінде 2005 жылдың соңғы төрт айында 2683 бала дүниеге келсе, 1238 адам қайтыс болған, оның ішінде 1-жасқа дейінгі 39 бала бар.

Үстіміздегі жылы 20-34 жас аралығындағы әйелдерді алдын-ала медициналық тексерулерден өткізуге 847 млн теңге бөлініп отыр. Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Айқан Ақановтың айтуынша, қазір емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда әйелдерді дәрігерлік тексеруден өткізу жүріп жатыр. Оның бәрі ақысыз жасалады.

Әйелдер дәрігері Гүлбану Құсманқызы бүгінде әйелдер арасында бедеулік көп кездесетінін айтады:

- Қазірде көбейіп кеткен жекеменшік емханалар сізге мынандай ем жасау керек деп емдеу бағасын аспандатып көтеріп қояды, бірақ сонда да, қаншама жыл емделіп жүрген әйел бұл емнен еш нәтиже көрмей жатады. Бүгінде әйелдердің сексен пайызы бедеу.

Мамандығы дәрігер, сенатор Бексұлтан Тұтқышев бюджеттен бөлініп отырған қаражат ана мен бала денсаулығының жақсаруына көп көмек болады дейді:

- Әсіресе, ауыл әйелдері арасында әйелдер ауруы көп кездеседі. Олар суыққа көп шығады. Бюджеттен бөлінген қаржымен медициналық тексеру өткізу барысында әйелдердің тегін емделуіне көп мүмкіндік туады. Қазір екіқабат әйелдер арасындда қаны аздарға арнайы дәрі-дәрмектер тегін таратылады.

Ал әйелдер дәрігері Гүлбану Құсманқызы, үкімет қанша қаржы бөлгенімен, әйелдер денсаулығы жақсарту үшін бүгінде ең әуелі дәрігерлердің жауапкершілігін көтеру керек деп санайды:

- Үкімет берген қаржы ештеңені шешпейді. Бүгінде өз ісіне жауапты дәрігерлер азайды. Көптеген дәрігер әйел денсаулығына жауапкершілікпен қараса бұл жағдай орын алмас еді. Он жыл бойы бедеуліктен емделген әйел еш нәтиже көрмей жатса оған дәрігер жауап беруге тиіс.

Ал сенатор Тұтқышев Қазақстанда бала өлімі көрсеткіші көп болып отырғанын айтады:

- Басқа елдермен, соның ішінде Балтық бойындағы елдермен салыстырғанда Қазақстанда бала өлімі екі-үш есеге жоғары.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығының бас директоры Қазбек Төлебаев республика бойынша, әрбір бесінші баланың көзі ауырады. Сүйек бұлшықтарымен балалардың 15 пайызы ауырады.

- Сондай-ақ, балалар арасында асқазан ауруы белең алып отыр. Ол 14 пайызды құрайды. Осы аурулар бүгінде қазақстандық балалар арасында көп кездесіп отыр, - дейді Қ.Төлебаев.

Астана қаласының статистика басқармасының маманы Жеңіс Кәрібаев ана мен бала денсаулығына қатысты мынандай деректер келтіреді:

- 2004 жылы 7972 сәби дүниеге келсе, 3353 адам қайтыс болды. Оның 93-і бір жасқа дейінгі балалар. Ал 2005 жылдың соңғы төрт айында 2983 бала дүниеге келсе, 1238 адам бақилық болып, бір жасқа толмағандар бала саны 39-ды құрады.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2006 жылы арнаулы сауықтыру-емдеу бағдарламасы бойынша елде 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, 35-49 жас аралығындағы әйелдерге медициналық тексеру жүргізуге республикалық бюджеттен 4 млрд теңге қаржы бөлініпті.
XS
SM
MD
LG