Accessibility links

Ресми түрде тіркелмеген «Айбат» қозғалысы жетекшілерінің мәлімдеуінше, олар жүргізген зерттеулерге тартылған студенттердің 40 пайызы оқытушыларға пара беретінін мойындаған.

Ал, «Трансперенси Қазақстан» ұйымының зерттеулеріне қарағанда, оқытушылар параны заттай да, ақшалай да алады, сондай-ақ, мұғалімдердің кітаптарды студенттерге мәжбүрлеп сату, сынақ кездерінде қыз балаларды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу сияқты әрекеттер де кездеседі екен.

Қазақстан студенттері альянсының» ұйымдастыруымен маусымның 1-інде басталған «Жемқорлыққа жол бермейік!» акциясы мәреге жетті. Жастар сарайында болған бұл шараға негізінен елордадағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Ресми тіркелмеген «Айбат» жастар қозғалысының өкілі Жанбота Қарашолақтың айтуынша, мұғалімдердің пара алатын себебі бар:

- Мен білемін, мұғалімдер бірнеше жерде жұмыс істейді, себебі, еңбекақысы аз. Ана жерден 15 мың, мына жерден 13 мың, сөйтіп 30 мыңға жеткізеді. Сондықтан, олар амалсыздан пара алады.

Астанадағы заң академиясының қызметкері Әсемгүл Ғазизқызының айтуынша, болашақ заңгерлер оқитын оқу орнында да пара алушыларға қатысты күдік жазылған шағымдар түсіп тұрады екен.

Ресми тіркелмеген «Айбат» жастар қозғалысының өкілі Жанбота Қарашолақтың айтуынша, студенттердің пара беруінің белгілі себептері бар:

- Пара беретін себебі, шын мәнінде көбі оқымайды, оны мойындау керек. Себебі, олар оқудың ақысын төлеу үшін түнімен жұмыс істеп, сабақта ұйықтап отырады. Сондықтан, олар амалсыздан пара береді.

«Трансперенси Қазақстан» ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, республикадағы оқу орындарындағы жемқорлықтың басты себебі ретінде мұғалімдер еңбекақысының төмендігі айтылады. Сондай-ақ, бұл себептерге студенттердің өз құқықтарын білмеуі де жатқызылған. «Трансперенси Қазақстан» қоғамдық қорының жетекшісі Сергей Злотниковтың айтуынша, білім беру саласында жемқорлық үйреншікті құбылысқа айналған. Ал, жеке меншік оқу орындарында жемқорлық аз дейді ол.

«Трансперенси Қазақстан» ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, әр түрлі оқу орындарының мұғалімдері параны ақшалай және заттай алған. Оның сыртында, әлеуметтік зерттеуде мұғалімдердің студенттерге әртүрлі кітаптарды мәжбүрлеп сатқандығы айтылады.

Пара беруге жатқызылған тізімде студенттердің мұғалімдердің қажеттілігі үшін жұмыс істеуі және баға үшін қыздардың мұғалімдерімен жыныстық қатынасқа түскендігі жатқызылған. «Трансперенси Қазақстан» қоғамдық қорының жетекшісі Сергей Злотниковтың айтуынша, диплом сату, кандидаттық және докторлық диссертация сату сияқты проблемалар бар және жемқорлық құны білім сапасының төмендеуімен бағаланады дейді ол.

Бұған дейін «Айбат» жастар қозғалысы Қазақстан бойынша оқу орындарындағы жемқорлық жөнінде зерттеу жүргізген болатын. Аты-жөндерін айтпай анкеталарды толтырған барлық студенттердің 40 пайызы өз мұғалімдеріне пара бергендігін айтқан. Және бұл студенттердің көбі сырттай оқығандар. Аты-жөнін айтқысы келмеген Алматыдағы бір жоғары оқу орнының сырттай оқу бөлімінде оқитын студент оқытушылар да пара алудың түрлі тәсіліне баратынын айтады:

- Бағаны қоймайды, көп жүреді. Студенттер оны түсінгендіктен ақша берулеріне тура келеді. Сынақ кітапшасына салып береді немесе оның үйінде, саяжайында жұмыс істейді.

Кейбір студенттердің ата-аналары балаларымыздың оқулары үшін екі есе артық қаражат төлейтінімізді білгенде басқа оқуға берер едік дейді. Өйткені, ресми түрде жыл сайын оқу орындарына бір төлейміз, содан соң әр ұстазға тағы қосымша шығын шығарамыз дейді олар. Өз есімін айтқысы келмеген, отбасында студент баласы бар ана бұл туралы былай дейді:

- Қазір төлемақы қымбат. Жыл сайын 150 мың төлесек, тағы оған қосымша әр сабағының емтиханына бөлек төлейміз.

Студенттің айтуынша, қаражатты старосталар жинайды, сондықтан, мұғалімнің пара алғанын көрген куәлар кемде-кем:

- Бір топта 30 студент оқимыз. Әр топта староста болады. Ол мұғаліммен сөйлесіп, кімге қандай баға керек екенін айтып, қойдыртады.

Ал, «Қазақстанның болашағы үшін» деп аталатын жастар қозғалысы пара алатын мұғалімдердің аты-жөндері жазылған веб-сайт ашамыз деген болатын. Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, сайтқа кірген студенттер осы тізімдегі адамар жайлы өз пікірлерін жазуына болады.
XS
SM
MD
LG