Accessibility links

Маңғыстау облысында табиғат тосын мінез танытты


Ақтау қаласында соңғы үш күн бойғы жауында кемінде бір жылдық жауын мөлшері түскен. Қаланың бір көшесінде жарты метрден асатын су жиналған. Тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ. Алайда, толассыз жауған жауын қала құрылысының табиғаттың мұндай тосын мінезін ескермей салынғанын көрсетті.

Бұл туралы Азаттық радиосына Ақтау қалалық әкімшілігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы Жұмабай Қожаев мырза хабарлады. Қазіргі уақытта жиналған суларды бұрып әкету жолдарының жобасы қаралып жатыр екен.

Қожаев мырза төбесінен және жертөлесіне су кеткен үйлердің есепке алынып жатқанын айтады. Сонымен бірге, Ж.Қожаевтың айтуына қарағанда, соңғы үш күнде толассыз жаңбыр жауғандықтан, қаладағы ағаштарды, көгалдарды суаруға жұмсалатын қаржы үнемделген. Шенеунік үнемделген қаржының көлемі 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін деп отыр.

Ал, Ақтау қаласындағы Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Серік Қосдәулетов толассыз жауын болған күндерде қосымша электр бригадасы ұйымдастырылғанын және жиналған суларды тазартуға көмек жасалғанын айтады.

Маңғыстау облысынан Парламент Мәжілісі депутаты болып отырған Зейнолла Алшымбаевтың айтуынша, Ақтау қаласының жоспарын кезінде Кеңес одағының белгілі сәулетшілері жасапты, сол кезде қаланың жолға жиналып қалатын суларын ағызу, оларға канализация жасау, тағы басқа шаралар жоспарланбаған екен.

Депутат Алшымбаев Ақтау қаласында болашақта жолды сәл дөңестеу етіп салып, орта жерінен қапталына су ағатындай жағдайларды ойластыру керек дейді. Депутаттың айтуынша, Ақтау қаласы шөлейт жерде салынған. Оның алғашқы қазығы 1957 жылы қағылған.
XS
SM
MD
LG