Accessibility links

АҚШ-та терроршылар деген күдікпен екі азамат тұтқындалды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

АҚШ федералдық тергеу бюросы Калифорния штатынан террорлық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен әкелі-балалы екі адамды тұтқынға алды.

Тегі пәкістандық әкелі-балалы АҚШ азаматтары қазір абақтыда отыр. Олардың айыбы - ұлы Пәкістандағы әл-Қайда лагерінде дайындықтан өткендігін мойындаған. Бұл 2001 жылғы қыркүйектің 11-індегі АҚШ-қа қарсы террорлық шабуылдардан кейінгі тұтқындаудың бірі болып есептеледі.

Қазіргі кезде абақтыда тұтқында отырған екеудің үлкені Калифорниядағы бір университетте компьютер саласының маманы, профессор Умер 45 жаста, ал оның ұлы Хамид Хайаттың жасы 23-те. Хамид кезінде Пәкістандағы әл-Қайда лагерінде дайындықтан өткен деген айыппен өткен аптада оны Лоди қаласының полициясы тұтқынға алған болатын.

Сәрсенбі күні АҚШ прокуроры Скот МакГрегор, Хамид Хайат Америкаға қарсы террорлық шабуылдар жасау мақсатындағы дайындықтардан өткендігін мойындады деп хабарлады.

- Хамид Пәкістандағы «жихадшілердің» дайындық лагерінде 2003-2004 жылдары жарты жылдай жаттыққанын растады. Профессордың ұлы ол лагерді әл-Қайдалықтардың басқарғанын және американдықтарды қалай өлтіруге үйреткенін айтты, - деді МакГрегор.

Бұған дейін АҚШ-та 2001 жылғы 11-қыркүйек террорлық шабуылдарына байланысты айыпталып отырған басқа да адамдар бар. Флорида штатында Кувейтте дүниеге келген, тегі пәкістандық Сами әл-Ариян және оның 3 әріптесіне шетелдік террорлық ұйымдарына көмектескен деген айып тағылған болатын. Ол іс бойынша сот басталған. Егер олардың айыбы дәлелденсе, төртеуі де өмір бақи түрмеге жабылуы ықтимал.

Федералдық тергеу бюросы әл-Ариянның соңынан АҚШ-тағы қыркүйек шабуылдарынан 8 жыл бұрын, яғни 1993 жылы түскен екен. Осыдан 2 жыл бұрын оған бұлтартпас айыптар тағылғанға дейін, барлау қызметі оның 400 мыңдай телефон сұхбатын тыңдап, таспаға түсірген екен. Оған ақша операциялары, Израильдің Палестинадағы басқыншылығын ашық қаралауы тағы қосылған. Әл-Арианның адвокаттары ол жинаған ақша Палестинадағы ізгілік шараларына арналған, ал Израильдің Палестинадағы әділетсіздіктерін сынағаны үшін оны қылмысқа тартуға болмайды деген уәж айтады.

Президент Буштың Әділет министрлігі қыркүйектегі шабуылдан кейін бірер нақты қылмыскерді ұстап, жазалай алмағаннан кейін, енді, бұл сот ісінде жеңісті болуға әрекет етеді деген ой айтады вашингтондық талдаушы Райед Тайех.

- Міне, енді бұлар сотталып, өкімет қолымен жасалған айыппен құрбандыққа шалынуы мүмкін. Ал, егер сот әділ болса, онда әділдік салтанат құруы мүмкін, - дейді Райед Тайех.

Ал, Вашингтондағы «Херитидж Фаундейшн» жекеше саяси зерттеулер орталығында ұлттық қауіпсіздік және терроризм мәселелерімен шұғылданатын Джеймс Филлипстың пікірі өзгеше.

- Әл-Ариянның мәселесінде ол жөніндегі мәлімет екі агенттіктің арасында бөлек-бөлек қаралған. ФТБ қылмыс зерттеу бөліміне ақпарат бермеген. Себебі, ол екі агенттік арасында қауіпсіздік қорғаны болған, - дейді Филлипс.

Оның айтуынша, ол қабырға 2001-жылғы АҚШ патриоттық акты ратификациядан өткеннен кейін жойылған. Филлипстың пікірінше, әл-Ариянның адвокатының «айыпталуышының сөз еркіндігі құқы бұзылып отыр» деген уәжі негізсіз.

- Профессор әл-Ариян өз ойлары немесе академиялық ғылыми зерттеулері үшін емес, оның лаңкестерге көмектескендігі, адамдарды өлтіруге қатысқандығы үшін айыпталып отыр, - дейді вашингтондық зерттеуші.

Джеймс Филлипстың айтуынша, енді бірер тарапты айыптағанша, соттың шешімін, соңғы кесімін күткен жөн. Бірақ, ол сот кемінде 6 айға созылуы мүмкін екен.
XS
SM
MD
LG