Accessibility links

Ашық хат авторлары кейбір діни ұйымдардың қызметіне тиым салуды сұрайды

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Маусымның 9-ы күні қазақстандық бір топ қоғам қайраткері республикалық “Ана тілі” газетінің бетінде республика президенті Н.Назарбаевқа, ел үкіметі мен парламентіне және Қазақстан халқына елдегі кейбір діни ұйымдар мен секталардың қызметіне тиым салынсын деген ұсыныспен ашық хат жолдады.

“Ана тілі” газетінің маусымның 9-ы күнгі санында жарияланған “Адастың бауырым, енді өз дініңе орал” атты ашық хат авторларының бірі, саясаткер Дос Көшім хаттың жазылуына Қазақстандағы діни секталардың қызметі себепші болды дейді:

- Соңғы уақытта секталар мәселесі аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Біздің ашық хат сол мақсаттағы жұмыстың бірі ретінде қабылдануы керек.

Ашық хат авторлары “Қазақстандағы будда, кришна, христиандық, тағы басқа секталар миссионерлерінің іс-әрекеттеріне тиым салынсын” деген талап қойып отыр. Және хаттың соңында оған қол қоюшылар, өзге діндерге кірген мұсылмандарды Ислам дініне қайта оралуға шақырады.

Конституциясында “әркімнің діни наным, сенім бостандығына құқы бар” деп жазылған, діни төзімділікті жариялаған Қазақстанда мұндай талап қою діни нанымдар жөніндегі заңдарға қарсы келмей ме деген сұраққа Дос Көшім былай деп жауап берді:

- Менің ойымша, қарсы келмейді. Себебі, секталардың ішінде халыққа рухани сенім әкелетін емес, керісінше, ата-бабадан келе жатқан діни құндылықтарды жоюға бағытталған іс-әрекеттермен айналысатын секталар бар. Ондай секталарға, менің ойымша, Қазақстанда ғана емес, өркениетті елдерде, мәселен, Францияда да тиым салынған.

Ашық хат жарияланған «Ана тілі» газетінің жауапты хатшысы Салтанат Өтеуғалиева бұл мәселеге қатысты ойын былайша білдірді:

- Қазір неше түрлі миссионерлер бар, секталар пайда болуда. Қазақ бауырларымыздың көпшілігі сол діндердің жетегінде кетіп бара жатқандықтан, «мен – қазақпын» деген азаматтар қазақ халқына жаны ауырғандықтан, ұлттың ертеңін ойлағандықтан, бұл хатты жазып отыр. Елімнің болашағы маған жат емес дейтін жан мұны түсінуге тиіс деп ойлаймын.

Ашық хат авторларының айтып отырған талаптары заң баптарына қайшы келеді дейді заңгер Серікқали Жақанұлы. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 1992 жылы қабылдаған “Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы” заңында “Қазақстан Республикасының азаматтары кез-келген дінді ұстануға немес ұстанбауға құқығы бар” деп жазылғандықтан, хаттағы талаптардың заңдық негізі әлсіз, сондықтан бұл талап тек қағаз жүзінде ғана қалуы мүмкін деп есептейді ол.

- Өйткені, азаматтардың бір дінге деген қатынасын тікелей немес жанама түрде шектеуге, оған кедергі жасауға, бір діннің басқа діндерден үстемдігін дәріптеуге заң бойынша тиым салынған, - деп түсіндіреді заңгер.

Дегенмен, Қазақстан парламентінде де діни ұйымдардың мәселесі көтеріліп жатқанға ұқсайды. Мәжіліс депутаты Ғаділбек Шалахметовтың айтуынша, парламентте қаралып жатқан үкіметтік емес ұйымдар туралы заң жобасына бірқатар депутаттар діни ұйымдар мен секталардың қызметін бақылау жөнінде бап енгізу жөнінде ұсыныстар айтыпты.

- Кеше бір үлкен әңгіме болды. Бірқатар депутаттар қауіпсіздік мәселесін ескеріп, заң жобасына секталар жайлы да енгізейік деп ұсыныс айтты. Өйткені, қаптаған секталарды тергеп, зерттеу керек. Мен бұл ұсынысты толық қолдаймын, - деді депутат Ғ.Шалахметов маусымның 9-күні Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, қазір Қазақстанда 45 түрлі діни конфессиялар мен ағымдарға қарайтын 3259 діни ұйым бар екен. Жоғарыда аталған ашық хат авторлары қарсы болған Алматыдағы “Кришнаны тану қоғамының” өкілі Читанья Чандра Чарандас діни ұйымдарға күшпен тиым салу - заңсыз әрекет болады деп санайды.

- Заңдылық жағынан да, қоғамдық, діни, рухани жағынан да мұндай тиым салулар мен бір діннің алдында екінші діннің үстемдігін орнату дұрыс емес деп ойлаймын. Әрине, кейбір діннен аулақ, пиғылдары рухани құндылықтардан алыс жатқан, бірақ діннің атын жамылған ұйымдар бар. Ал мәселе тек солармен күресу деген желеумен басқа діндерге кедергі келтірмеу керек. Бұл мәселеге байланысты шағын сауалнамамызға қатысқан жұртшылық арасында да пікір екіге жарылып отыр.

- Мен түрлі діндердің қаптап кетуіне қарсымын. Олар адамдарды адастырады.

- Әркім өзіне жақын дінді ұстанған жөн ғой.

- Менің ойымша, біздің дініміз Ислам болғандықтан, сол дін ғана елдегі бір дін болуы керек.

- Кеңес үкіметі кезінде дінге тиым салғанымен, кейін оның өзі сол үкіметке таяқ болып тиді ғой. Сондықтан басқа діндерге тиым саламыз деп жүріп, оларды ерегестіріп алмайық.

Кейбір мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанның 80 пайыздан астам азаматы өзін дінге сенуші адаммын деп көрсеткен екен. Елдегі 3 мыңнан астам діни ұйымдардан бөлек, Қазақстанда әлемнің 22-ден артық елінен келген, ресми түрде тіркелген 334 миссионер қызмет етеді.
XS
SM
MD
LG