Accessibility links

Астанада алғаш рет «Еуразия аруы» халықаралық байқауы өтті


Маусымның 10-ы Астана осымен сегізінші жыл қатарынан қала күнін тойлады. Биыл тұңғыш рет өткен «Еуразия аруы-2005» халықаралық конкурсына қатысқан 29 қыздың ішінде Қырғыз елінен келген 20 жастағы Зарина Турдубаева жеңімпаз атанды.

Тұңғыш рет өткен «Еуразия аруы-2005» халықаралық байқауына қатысқан 29 үміткер Беларусь, Грузия, Ресей, Өзбекстан, Молдова, Қырғыз Республикалары секілді сырт мемлекеттерден және Қазақстанның Астана, Алматы және басқа қалаларынан, сондай-ақ, Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласы мен өзге да көптеген қалаларынан болды. Ал, байқауды сараптаған қазылар алқасының шешімі Қырғыз Республикасынан келген аруға бұйырды.

«Еуразия аруы» тәжін киген Зарина Турдубаева өз туысқандық тегінде араб, өзбек, француз, қырғыз, әзірбайжан халықының аралас жатқанын айтады. Ол бұған дейін де сұлулық конкустарына қатысып жүріпті және сый-құрметтен кенде болмапты. «Еуразия аруы» атағмен бірге Зарина 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақыны иеленді. Алғашқы ондыққа енген өзге де аруларға 1 мың, 3 мың, 4 мың доллар көлемінде сыйақылар табыс етілді.

Алайда, конкурсқа қатысушылардың тек киім үлгілерін көрсетіп қана жүргенінен көңілдері толмаған көрермендердің бірі Айгүл есімді қыз, сынға қатысқан бойжеткендер өнер жағынан да сайысқа түсуі керек еді деген пікір айтады. Ал, Қостанай қаласынан келген Астана мейманы Бақыт қызықты сәттер болды, бірақ айтарлықтай тиянақты дайындық байқалмайды, бұдан да жақсы етіп өткізуге болар еді, байқау көңілді басталғанымен соңы қызықсыз аяқталды дейді.

Меруерт есімді көрермен де халықаралық конкурс атауын иеленген бұл сынның ұйымдастырылуы орташа деңгейде деген пікірін айтты. Көрермендердің көпшілігі сайысқа қатысушылардың төрт рет киім ауыстырып шығуындағы аралықтағы уақыттың тым ұзақ болғандығын айтты. Қазылар алқасының мүшесі болған Әзірбайжан елінен келген Зулейха Акчурина да конкурстың кемшіліктері ойында екенін, алайда, оны жариялауға ықыласты емесін білдірді.

Ал, Астана қаласы әкімінің орынбасары, осы конкурсты ұйымдастыру комитетінің төрағасы Марат Толыбаевтың конкурстың өтуіне көңілі толып отыр және ол бұл байқау енді жыл сайын өткізілетінін айтады. Оның айтуынша, бұл конкурс демеушілер күшімен өткізіліпті.

Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, қазіргі Мәжіліс депутаты Төлеген Мұхамеджанов қандай шаралар өтсе де қала күні үшін керек дейді. Ал, Сенат депутаты Зәуреш Батталова халықаралық деңгейде сұлулық конкурсын өткізудің әзірге қажеті жоқ деп санайды.
XS
SM
MD
LG