Accessibility links

Қазақстанда аса ірі көлемде есірткі тасымалдаушылар тұтылды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресей мен Тәжікстанның арнаулы органдарымен бірлесіп Ауғанстан мен Тәжікстан арқылы Қазақстанға, одан әрі Ресейге өтетін халықаралық есірткі тасымалының жолын кескені туралы ақпарат таратты. Бұл жолы есірткінің басқа түрлерімен бірге 67 кило героин тәркіленіпті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Мұхтар Анарбековтың айтуынша, маусымның 2-сінен бастап Ресей, Тәжікстан және Қазақстанның арнайы қызметтері бірлесіп көпбағытты операция өткізген. Нәтижесінде Ауғанстан мен Тәжікстан арқылы Ресейге өткізілмек болған ірі мөлшердегі героин мен апиынды контрабандалық жолмен тасымалдаушылар тобының жолы кесіліпті. Олардан 67 кило героин, 217 кило апиын шикізаты және 583 дана экстази түйіршігі тәркіленген екен.

Астанадағы медициналық сауықтыру және емдеу орталығының меңгерушісі Елена Новикованың айтуынша, есірткіге қарсы күрестің ғылыми дәлелденген екі түрі бар. Оның бірі - білім және денсаулық сақтау ұйымдары арқылы есірткіге сұранысты азайтуы болса, екіншісі – есірткіні жеткізушілермен күресті күшейту. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Мұхтар Анарбеков бұған дейін де екі рет ірі көлемдегі героин тасымалдаушылардың тұтылғанын айтады. Олардан да 65 кило героин, 262 кило апиын шикізаты алынды дейді қауіпсіздік қызметкері.

Астанадағы наркологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Марат Сарбасовтың айтуынша, қазірде қазақстандықтар арасында есірткінің ауыр түрін тасымалдаушылардың да, тұтынушылардың да қатары өсіп келе жатқаны байқалып отыр екен.

- Оның басты себебі - жастар арасындағы жұмыссыздықтың көптігі, - дейді дәрігер.

Астанадағы медициналық сауықтыру және емдеу орталығының меңгерушісі Елена Новикованың айтуынша, қазір қоғамдық ұйымдардың мәліметі бойынша елдегі нашақорлар саны ресми тіркеуде тұрғаннан бірнеше есе жоғары.

- Астана қаласының өзінде ресми тіркелген нашақоры саны 2700, бірақ шын мәнісінде олар одан бес есеге дейін көп. Және олардың жасы 13-14-ке дейін төмендеп кетті, - дейді Елена Новикова.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, ел аумағына Ауғанстан, Тәжікстан арқылы ғана емес, Еуропадан да есірткі тасымалданатыны анықталып отыр. Бұған дейін қазақстандық арнайы қызмет өкілдері мамырдың 19-ына қараған түнде Германиядан Қазақстанға есірткі тасымалдап келген топты ұстағанын хабарлаған болатын.

Ұсталған топтың синтетикалық экстази есірткісімен Алматы, Астана, Қарағанды қалаларының түнгі клубтарын жабдықтап келгені анықталғаны айтылған еді. Астанадағы наркологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Марат Сарбасов, соңғы кездері қалада кәмелетке жетпеген жастар арасында, әсіресе түнгі ойын-сауық орындарында экстази және психостимулятарды пайдалану өрістеп бара жатыр дейді.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Мұхтар Анарбековтың айтуынша, көршілес бірнеше мемлекеттің арнайы қызметтерінің бірлескен іс-шараларының нәтижесінде, Қазақстан аумағында заңсыз айналымнан 134 килограмнан астам героин, 486 килограмм апиын, 583 дана экстази түйіршіктері тәркіленіпті.

Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзінің шетелдік әріптестерімен бірлесіп, осы ұсталған топтардың үстінен қылмыстық іс қозғап, тергеу әрекеттерін жүргізіп жатқанын хабарлап отыр.
XS
SM
MD
LG