Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11 маусым 2005 жыл


Сенбі күнгі басылымдар Қазақстанда электр энергиясы саласын жекешелендіріп алған шетелдік компаниялар төңірегіндегі келеңсіз жағдайларға қатысты және жуырда Ресейде болған электр апатының Қазақстанда қайталануы мүмкін екендігін ескерткен саясаткерлердің ой-пікірлерін беріпті.

«Жас Алаш» газеті өзінің сенбілік санында «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбайдың осы тақырыпқа қатысты «Алматы» мен «Қазақстаннан» айырылып қалмайық деп Қазақстан үкіметінің басшысы Даниал Ахметов пен Қазақстан бас прокуроры Рашид Түсіпбековке жазған арнайы хатын жариялапты.

Ж.Тұяқбай өз хатында Қазақстандағы ең ірі қала мен оған таяу аймақтағы энергиямен қамтамасыз ету саласында қалыптасып отырған келеңсіз жағдайдың осы хатты жазуға мәжбүр еткендігін жуырда Мәскеуде орын алған энергетикалық тығырықтың да Алматы және оның маңайындағы аймақ үшін орын алу мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайтындығын жазыпты.

Сондай-ақ ол Алматы мен Қапшағай қалаларында орналасқан энергетикалық кешендердің 1996-шы жылы биліктің жабық есік жағдайында өткізген тендерінде бельгиялық «Трактабель» компаниясына бар жоғы 7,2 миллион долларға сатылғанын, ал Прага қаласындағы дәл сондай энергетикалық кешен үшін «Трактабель» 1,2 миллиард доллар төлегенін салыстырады. Алайда, қоғам тарапынан қысым күшеюіне байланысты үкімет «Трактабельмен» арадағы келісімді бұзып, Алматы электр кешенін өзі сатып алуға мәжбүр болса да оның бүгінгі қожайыны «Трактабельдің» құрамдас бөлігі саналатын «Алматы Пауер Консолидейтед» болып табылады.

Тұяқбайдың жазуынша, «АПК»-нің мүліктік кешені негізгі акционерлері Тимур Құлыбаев пен Динара Назарбаева болып табылатын «Қазақстан Халықтық Банкі» акционерлік қоғамына кепілдікке қойылыпты. Осындай іс-әрекеттерге байланысты Алматы энергетика кешені құрылымын «Энергетика туралы» заң талаптарына сәйкес қайта құрылуы қажет депті. Ж.Тұяқбай өзінің Қазақстан үкіметі басшысы мен бас прокуроры атына жолдаған хатында.

«Егемен Қазақстан» газеті де өзінің сенбілік санында жариялаған тілші Оңдасын Елубайдың «Іс бітпеді, қу кетпеді» деген мақаласында Шығыс Қазақстан өңірінің өндірістері мен тұрғындарын жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған Өскемендегі АЕС компаниясының ұзақ жылдар бойы салық төлеуден жалтарып келгені туралы айтылыпты. ШҚО бойынша қаржы полициясы департаменті 1999 жылы АЕС Қазақстан және АЕС-СТ Екібастұз компанияларының бас директорлары - Британия азаматы Гарри Левесли мен Пәкстан азаматы Навид Ысмайл «АЕС Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 172,5 миллион теңге кірісін салықтан жасырып қалған басқа да заң бұзу фактілері бойынша тексеру жалғасып жатыр деп жазады газет тілшісі.

«Айқын» газеті өзінің сенбілік санында шекера асып, құлдық пен зорлық торына түсіп, тағдыр тауқыметін тартып жүрген қазақстандық азаматтар тағдырына қатысты Тұрсынмәмет Нүсіпханұлының «Жалған жарнамаға жығылып құрбандыққа айналмасын құрбылар» деген мақаласын жариялапты. Қазақстан үкіметі жыл сайын осындай арбауға түсіп шетел асып кеткен өз азаматтарын елге әкелу үшін 100 мыңдай АҚШ долларын жұмсайды екен.

Шетелдерде құлдықта не траффиктің тұзағына түскен азаматтарды елге қайтару ісімен сол елдердегі елшіліктер не консулдықтар немесе халықаралық ұйымдар айналысатын көрінеді. 2003 жылы 24, 2004 жылы 16 Қазақстан азаматы елге оралды деп жазады газет тілшісі. Жуырда Қазақстан соты кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды жыныстық қатынасқа итермелеген екі әйелге сот үкімін шығарыпты.

Олар 15-16-ға енді толған жас қыздарды алдап-арбап, 20-22 жасқа толды деген жалған құжаттар жасап беру арқылы Біріккен Араб Әмірлігіне жөнелтіп отырған. Осындай жолмен әр қыз үшін 600-800 доллар пайда түсіріп келіпті. Енді бұл «жеңгетайлар» осы қызметтері үшін заң алдында жауап береді деп жазады газет тілшісі.

Ал «Ақ жол Қазақстан» газеті өзінің сенбілік санында Қазақстанның оңтүстігінде, сонымен бірге Алматыдағы «Көк базарда» өзбек мигранттарының саны көбейгені туралы жазыпты. «Алматының көкбазарын кілең өзбектер жаулапты, сірә, бұл Өзбекстен елінің басшысы Ислам Кәрімовтың саясаты салдары болуы керек, әйтпесе еңбекқор өзбек диқаны өз елінде де жұмысын істеп жүре бермес пе еді» деп жазады «Ақ жол Қазақстан» басылымы.
XS
SM
MD
LG