Accessibility links

Дамыған елдер Африкадағы ең кедей елдердің қарызын кешірмек


Әлемдегі ең дәулетті 8 елдің қаржы министрлері Лондонда бас қосып, Африкадағы ең кедей елдердің қарызын жою мәселелерін талқылaды.

Лондонда әлемнің ең бай саналатын 8 мемлекетінің қаржы министрлері жиналып, Африкадағы жағдайы аса нашар кедей елдерге тағы да кезекті рет көмек ретінде, олардың өзге елдерге қарызының мәселесін талқылады. Британия өзінің төрағалық кезегін пайдаланып, Африкадағы кедейлік мәселесін бас болып көтеріп, сол құрлықтағы аса кедей елдердің қарызын түгел жойып, тіпті жоспардағы көмек қаржысын екі есеге көбейту мәселесін қойды.

Бұл мәселеге байланысты Ақ үй өкілі Скот Маклеллан АҚШ пен Британия келісімі және олардың ұсынысы жөнінде төмендегіні айтты:

- АҚШ пен Ұлыбританияның ұсынысы бойынша, Африка елдеріне берілген Әлем банкі, Африка даму банкі және Халықаралық валюта қорының қарыздары 100 пайызға, яғни түгелдей жойылуы керек. Сондай-ақ, өз мойындарына алған міндеттемелерді орындағандығы үшін 18 елдің екіжақты қарызы да жойылуы тиіс.

Британия қаржы министрі Гордон Браунның айтуынша, бұл ұсыныс іске асса, онда алдағы апталарда әлгі кедей елдер 40 млрд доллар қарыздан құтылған болып шығады. Оның үстіне Африкадағы 20 мемлекет өздеріне қойылатын халықаралық келісім талаптарын орындаса, онда тағы 55 млрд доллар қарыз берілуі мүмкін екен.

Ал оның қандай талаптар екені жөнінде Ақ үй өкілі Маклеллан былай дейді:

- Олар - үкіметтік басқару жүйесін жақсарту, коррупцияны азайту, Халықаралық валюта қоры ұсынған жоспарға сәйкес тұрақты экономика саясатын іске асыру.

АҚШ пен Ұлыбританияның бастамасын енді Франция, Германия, Италия, Канада, Жапония және Ресей қолдаса, жетіп жатыр. Сондықтан, осы 8 елдің қаржы министрлері Лондонда екі күннен бері қызу жұмыс істеді. Жалпы, қарыз беру, одан кейін оны қайтарып алмастан жою, яғни кешіру - бұл сирек кездесетін құбылыс.

Хабарларға қарағанда, Лондондағы кездесу тақырыбы болған мәселеде алға басу бар, бірақ, кейбір көзқарас алшақтығы да жоқ емес. Германия үкіметтік әділетті басқару мен коррупцияны жоюды талап етсе, Жапония қарызды бірден жоя салу қауіпті дегенді айтады.

Әйткенмен, 8-дікке мүше елдер мәмілеге келгеннің өзінде, БҰҰ үміттенетіндей әлемдік кедейлікті тіпті 50 пайызға азайту мүмкін бола қоймас дейді талдаушылар. Дегенмен де, бәрібір, 8 елдің бұл шарасы үлкен жетістік болмақ дейді олар.

Кедей елдерге көмекті қолдаушылардан бірі, ирландиялық музыкант Боно өз ойын былайша білдіреді:

- 21-ғасырда жер бетінде аштан бала өліп жатса, бұл шараға қалайша жоқ дей аласың! Қазіргі ұрпақтың назарына, қаржы министрлеріне айтарым - бұл мүмкіндікті қолдан бермеңдер, ұлттық туларыңды алға қоя отырып, сан-санақты болашақ үшін пайдаланыңдар демекпін.

Ал енді Британияның бастамасымен, Африкаға беретін көмекті екі есеге көбейту қажет деген ұсынысы бойынша, бәлкім, үлкен 8-дік елдері биылғы жылғы шілде айында Шотландияда өтетін кездесуде талқылап шешетін болар дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG