Accessibility links

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дерегі бойынша, елдегі 1700-ден астам мешіттің 200-ден астамы әділет министрлігінде тіркелмеген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерінің айтуынша, қазір Қазақстанда неше түрлі діни ағымдар көбейіп барады. Осыған алаң болған Қазақстан діни басқармасы 2000 жылдан бері жер-жерлердегі мешіттердің барлығын өзінің бөлімшелері етіп қайта тіркеуден өткізіп жатыр. Бірақ, бірқатар мешіттер әзірге бөлек заңды тұлға болып қалған. Қазақстанның бас мүфтиінің көмекшісі Сүлейменқажы Жаңбырбайдың айтуынша, кейбір мешіттер басқармаға бағынудан бас тартқан:

- Қазақстанда 1700-ден астам мешіт бар. 200-ден астамы діни бірлестіктер өздерінше бір тұлға. Олар өздерін бізбен тең құқылы санап, өздерінше заң шығарып жүрген қауіптері бар.

Дінтанушы Мұртаза Бұлытай осындай мешіттердің біреуін мысалға келтірді:

- Алматы облысы Жалаңаш ауданында «Отан» партиясының басшылығы Амангельді Ермегияев өз қаражатымен мешіт салдырған екен. Бұл мешітті діни басқармаға берейік деген кезде бергізбей қойған екен. Имамның өзі зікіршілер деген сектаның мүшесі көрінеді және діни басқарманы мен мойындамаймын деген әңгімелер айтылатын көрінеді.

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, мешіттерді бақылау дұрыс. Бірақ, бұл жұмысты басқаша жүргізу керек, дейді саясаттанушы:

- Жаңа бір зиялы ағымның еніп кетпеуін бақылау керек сияқты. Бірақ, мұны мен діни басқармаға тапсырудан бас тартар едім. Себебі, бұлардың өзі мемлекеттің толық қарауында. Бас мүфтиді мемлекет басшысы келіп қойып кеткен масқаралықты бәріміз білеміз. Бұл жерде жергілікті халық және бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан анықталуы керек.

Қазақстан діни ұйымдар бірлестігі өкілдерінің айтуынша, ауыл-аймақтарда ашылып жатқан мешіттердің барлығын тіркеуде үлкен мән жатыр. Бір жағынан, имамдар орталыққа атқарған шаруалары және қаржы жағынан есеп береді, екіншіден, елдегі мешіттер орталықтандырылған түрде діни әдебиеттермен және маман кадрлармен қамтамасыз етіледі. Дінтанушы Мұртаза Бұлытайдың айтуынша, кейбір мешіттердің тіркелмей отырғандығының бір себебі жемқорлық:

- Біздің еліміздегі жемқорлыққа байланысты. Бір жерден мысалы имамды алып тастаймыз десе, жергілікті әкім не басқалар телефондап тиіспеңдер деген сияқты әңгіме қойып, жергілікті жерде басып қалатын себебі осы. Ал, бұл неге әкеп соғады әркім өзінше мешіт ашып, дін тарататын болса, елде береке-бірлік болмайды.

Қазақстанның бас мүфтиінің көмекшісі Сүлейменқажы Жаңбырбайдың айтуынша, Қазақстан заңдары бойынша, діни бірлестіктерді бағындыру қиын:

- Себебі біздің конституциямызда әр бір діни бірлестік өзінше жеке тұлға. Сондықтан біз үкіметтен де сұрағанбыз соларды бізге бағынышты етіп беру. Оларға біз айтсақ олар сендердің шаруаларың не, біздің құқықтарымыз бір деп жауап береді. Бізге президент тіркетеміз, деген уәдесін берді.

Ал, саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, қаржы қызығушылығы болғансоң мешіттерге жала жабу сияқты деректер болуы мүмкін:

- Егер, мешіт бағынышты болмаса, сонда не бульдозермен қиратады ма? Бұл жерде сол жердегі адамдардың ақшасы шығар, және билік тарапынан белгілі бір бағыт бар. Сәл-пәл еркін істейтін мешіттерге жала жабу деген сияқты, вахаббит немесе зікіршілердің мешіті деп. Өйткені, мешіттер құран жолымен жұмыс істей береміз десе, діни басқарманың тас- талқаны шығатыны анық.

Ал, діни басқарма өкілдерінің айтуынша, қазір көптеген елді мекендерде Құран Кәрімді қолға ұстап көрмеген адамдар имам болып жүр дегенде ақпарат шыққан. Нағыз имам болатын жан арнайы сараптаудан өтуі тиіс дейді діни басқарма өкілдері.
XS
SM
MD
LG