Accessibility links

Баспасөзге шолу. 15 маусым 2005 жыл

  • Гүлмира ХАМЗА

Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдарда Алматыда өтіп жатқан халықаралық бизнес-конференцияға назар аударылыпты. Сонымен қатар, Қазақстан астанасының 8 жылдығына арналған мақалалар жарық көрген екен.

«Алматыда өтіп жатқан халықаралық бизнес-конференцияға 600 елдің өкілі қатысып жатыр. Бұл кездесуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республиканың инвестицияға кепілдік беретін арнайы заң қабылдағанын және дайын бұйымдар шығару саласына инвестиция салатындарға жеңілдік барын әңгімелеп берді» деп жазады “Айқын” газетінде жарық көрген мақаласында Жұмабек Жанділдин.

Автордың хабарлауынша, халықаралық бизнес-конференцияда “Азия қауымдастығының” президенті Ричард Холбрук сөз сөйлеп, мәжіліске қатысып отырған 600-ден астам әр ел, әр кәсіп өкілдерін конференцияда жемісті жұмыс істеуге шақырған. Себебі, Украина, Грузия, Өзбекстан және Қырғызстандағы оқиғалардан кейін бұл аймақты зерттеуге, түсінуге ерекше көңіл аудару керек деген өз сөзінде “Азия қауымдастығының” президенті Ричард Холбрук.

Ал “Егемен Қазақстан” газетінде жарық көрген “Қазақстан инвестицияның жаңа толқынын тартуда” атты мақалада Ричард Холбрук Нұрсұлтан Назарбаевқа Билл Клинтон мен үлкен Джордж Буштың сәлемдерін жолдағаны жазылған. Өз хатында АҚШ-тың бұрынғы президенттерінің бірі Билл Клинтон Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауын оқып шыққанын жеткізген.

Сондай-ақ, “Қазақстан инвестицияның жаңа толқынын тартуда” атты мақала авторы Мейрамбек Төлепбергеннің айтуынша, АҚШ-тың экс-президенттерінің бірі үлкен Джордж Буш өз хатында конференцияға шақыру алғанын, бірақ, оған белгілі бір себептермен келе алмай қалғанын жазған.

“Казахстанская правда” газетінің жазуынша, халықаралық бизнес-конференцияға қатысушыларды республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетке тартылып жатқан инвестиция көлемімен де таңғалдырған. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 40 миллиард долларға жуық ақшаны құрап отыр. Сонымен қатар, өз сөзінде республика жетекшісі елдегі саяси ахуалдарға тоқталып кетті деп жазады “Казахстанская правда” газеті.

Таяу арада Астанада көп қабатты “Мәскеу” атты әкімшілік-тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. Бұл туралы “Труд” газеті жариялап отыр. “Труд” басылымының жазуы бойынша, Астананың 8 жылдығына келген Мәскеу қаласының әкімі Юрий Лужков Астана әкімі Өмірзақ Шүкеевпен кездесуі барысында Мәскеуде қазақстандық бизнестің дамуына ерекше жағдай жасалатындай жүйе болатынын атап өткен.

“Известия-Казақстан” басылымында жарық көрген “Туған күніңмен, Астана!” деген мақалада басылым тілшілері Астананың 8 жылдығы қалай тойланғанын атап жазған. Бұл күнге орай Астанада гүлден жасалған сағат іске қосылған екен. Бұл күндері Абай Құнанбаевтың ескерткіші маңына жиналып, өлең оқушылар да көп болған. Мұныман қоса басылым тілшілері “Мүшайра” байқауының өткенін, Астана күніне орай түрлі көрме ұйымдастырылғанын жазған.
XS
SM
MD
LG