Accessibility links

«Linux» бағдарламасын қазақ тіліне көшіру жобасы


Шымкенттегі «Мирас» институтының мамандары дербес компьютерлерге арналған «Linux» жүйесін қазақ тілінде қолдану жобасын ұсынды. Олар институтта барлық компьютерлік бағдарламалар осы жүйемен қазақ тілінде кедергісіз жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Шымкенттегі «Мирас» институтының мамандары әзірлеген өнімнің тұсаукесерінде қолдаушылар Қазақстанда мемлекет көлемінде іске асыру белгіленген «электронды үкімет» құрылмай тұрып, осы жаңа жүйені іс жүзіне асырып үлгеру, барлық басқару органдары мен мекемелерге енгізу және аталған мақсаттарға арнайы қаражат бөлу қажеттілігі айтылды. Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі тіл комитетінің маманы Қарақыстық Сланқожаның айтуынша, қазір Қазақстандағы тұтынушылар қазақ тілінде 15 түрлі үлгідегі компьютерлік қаріптерді пайдаланады екен.

- Соның салдарынан мекемелер арасында бір-біріне қазақ тілінде жолдаған электронды ақпараттарын оқу қиынға түсіп отыр. Сондықтан, Қазақстанда компьютерлік қаріптер бірізділікке түсірілуі тиіс, - дейді ол.

Қорғаныс министрлігінің аудармашысы Сыпабек Айтбозымов болса, осы министрліктегі барлық компьютерлер орасан көп қаржы бөлініп мемлекеттік тілге аударылғанымен, оны қайта-қайта бір жүйеден екіншісіне көшіре беру тиімсіз деп есептейді. Шымкент қаласындағы «Мирас» университетінің президенті Болат Мырзалиев Қазақстанның авторлық құқық туралы халықаралық конвенцияға қосылуы туралы заң шілденің 1-нен бастап күшіне енетіндігін ескертеді.

- Яғни, ендігі жерде барлық жүйе ақылы негізде жүзеге асырылады. Соған байланысты республика мемлекеттік тілге көшудің ең арзан және тиімді компьютерлік жүйесі ретінде «Linux»-ке көшуі тиіс, - деген пікір айтады Болат Мырзалиев.

Алайда, Қазақстан Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы болса, тым арзан және оңтайлы болса барлық мемлекеттер неге Windows бағдарламасынан осы Linux жүйесіне көшіп алмайды деген ой айтады. Ал, «Мирас» университетінің президенті Болат Мырзалиев болса, қазіргі таңда Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және АҚШ-тың ресми орындары осы бағдарламаға біртіндеп көше бастағандығын айтып отыр.

Қазақстан Парламенті инженерлік орталығының директоры Қизат Сламбеков республика бойынша белгіленген ортақ компьютерлік мемлекеттік тіл нұсқасы - халықаралық деңгейде мойындалуымен қатар сол стандарттарға сәйкес болғаны жөн дейді.

«Мирас» университетінің ректоры Болат Мырзалиевтің айтуынша, компьютерлерді Linux бағдарламасына көшіру үшін 10-15 ғалым-аудармашы және тілшілердің тобы екі ай көлемінде табан аудармай жұмыс жасауы тиіс. Оны компьютерге енгізу мен көбейту мәселелерін қосқанда жобаның жалпы құны 12 миллион теңге шамасында болмақ.

Бұл бастаманы қолдап отырған Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Шаханов аталған жүйені ұсынушылар ғалымдар мен мамандардың алдында жобаның Қазақстанға қажеттігін дәлелдеп бере алса, оны қолданысқа енгізу үшін бюджеттен қаржы бөлгізуге күш салатындығын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG