Accessibility links

Тың игеру қазақ жерін құнарсыздандырып жіберді

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Мамандардың айтуынша, тың игеру кезінде қазақ даласында 25 миллион гектар жер жыртылғандықтан көп жердің құнарлығы төмендеген. Қазақстан үкіметі мен Бүкіләлемдік банк бірігіп қолға алған жобада құнарлығы төмен, шөлейт жерлерді қалпына келтіру мақсаты көзделген болатын.

Экологтар Қазақстан жерінің 66 пайызы құрғашылық болып кеткен дегенді айтады. Сондай-ақ, бұрын полигон болған аймақтардағы жерлердің болашағы да қоғам өкілдерін алаңдататын мәселеге айналып отыр. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан үкіметі және Бүкіләлемдік банктің қолдауымен Қазақстанда алғаш рет Қарағанды облысындағы Шет ауданының шөлейт жерлерін құнарландырып, шаруашылыққа пайдалану жобасы жасалған болатын.

Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау министрлігінің халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары Эльвира Ибраеваның айтуынша, министрлік аясында қуаңшылық жерлерді басқару жөніндегі жоба іске асырылуда.

- Жобаның негізгі мақсаты «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасындағы міндеттерге, экологиялық қауіпсіздік концепциясына, сондай-ақ БҰҰ-ның биологиялық әралуандылық жөніндегі конвенциясының міндеттеріне және климаттың өзгеруіне байланысты қуаңшылыққа қарсы күреске мәселелерін қамтиды, - дейді Эльвира Ибраева.

Оның айтуынша, 2004-2008 жылдар аралығын қамтитын жобада қуаңшылыққа ұшырап азып-тозған жерлерді ауыстыру, өзгерту, сондай-ақ шаруаларға алғашқы көмек көрсету және басқа да мақсаттар қамтылған.

- Бұл жоба өткен жылдың наурызынан бастап жұмыс істеуде. Жерді пайдалануды тұрақты дамыту жүйесі, шаруаларға көмек - барлығы Қарағанды облысының Шет ауданының аясында жасалуда, - дейді Элвира Ибраева.

Қарағанды облысына қарасты Шет ауданындағы шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы Тілеуғабыл Есенбекұлы Шет ауданының таңдап алынуы себебін оның егін егілетін солтүстік аймақтармен шекаралас орналасуында деп санайды. Алайда, Қарағанды облысынан Сенат депутаты болып отырған Уәлихан Қайсаров жобаның қаржыландырылуы биылғы жылы күзден басталады деп отыр.

Тәуелсіз эколог Мэлс Елеусізовтың айтуынша, Қазақстан жерінің 66 пайызын құрғақшылық жайлаған.

- Бұның көбі Кеңес Одағы кезінде қолдан жасалған, тың игеру жылдарында көп жерлер шаруашылыққа жарамсыз болып қалды, мұнай шығып жатқан аймақтар мен полигон болған жерлер де осы жарамсыз жерлердің кебін кимесе неғылсын, - дейді ол.

Экологтың пікірінше, Қазақстанда қуаңшылық жерлер болашақта көбеюі ықтимал. Ал, парламент Мәжілісінің депутатты Ұзаққали Елеубаев Атырау облысының аумағындағы Азғыр полигонында сынақтан қалған металдардың барын, ол жерде адамдардың өмір сүру жағдайының қаншалықты зиянды немесе зиянсыз екендігі туралы мәселенің ұзақ жылдар бойы шешімін таппай отырғанына алаңдаушылық танытады.
XS
SM
MD
LG