Accessibility links

Атырау кеденшілері «Halliburton» компаниясына іс қозғады

  • Гүлмира ХАМЗА

Атырау кеденшілері «Halliburton» компаниясы кеден төлемдерін төлеуден жалтарды деп тауып, компаниядан 30,5 миллион теңге өндіріп алмақшы болып отыр.

Осыған байланысты Атырау облысындағы кедендік бақылау департаментінің мамандары американдық «Halliburton» компаниясына қатысты іс қозғағанын растап отыр. Қазіргі кезде компанияның қызметіне қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кеденшілердің айтуынша, американдық компания Қазақстан кеден кодексіндегі 14-ші баптың талаптарын орындамаған. Сол себепті «Halliburton» компаниясы Қазақстанға 30,5 миллион теңге немесе 230 мың долларға жуық көлемдегі ақша төлеуі тиіс деп тауып отыр кеденшілер.

Атырау облыстық Кедендік бақылау департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Айсұлу Төлеушева, маусымның 13-күні «Азаттық» радиосының сұрағына жауабында бұл іске қатысты тергеу жұмыстары біраз уақыт алуы мүмкін екенін айтты:

- Іс қозғап, өзіміз енді тергеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл іс әлі сотта қаралады, бұл ұзаққа созылатын процесс болатын түрі бар.

Ал сол күні осы іске байланысты «Halliburton» компаниясының пікірін білуге тырысқанымызбен, компания қызметкерлері әзірге ешқандай да ақпарат бермейтінің айтты.

«Halliburton» Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі Қашаған кен орнын игеріп жатқан «АGIP» консорциумы құрамында жұмыс істеп келе жатқан компания. Өз қызметін атқару барысында «Halliburton» Қазақстан заңымен мұнай компанияларына белгіленген бірқатар жеңілдіктерді пайдалану құқығына ие болатын. Алайда, қазақстандық кеденшілер компанияның тарапынан ол жеңілдіктерді пайдалану үшін қойылатын талаптар орындалмаған деп тауып отыр.

- Кезінде, 1993 жылы, Қазақстан үкіметі мен “Шеврон” компаниясы келісімге қол қойып, 40 жылға бірлескен кәсіпорын құрған. Осы келісім бойынша, «АGIP» және «Теңізшевроил» салық пен кедендік төлемдерден босатылған болатын. Қазақстан заңына сәйкес бұл жоба бойынша арнайы әкелінетін құрал-жабдықтарға да салық салынбайды. Алайда, егер компания бұл жобадан өзге жобаларға тауарлар мен заттар әкелетін болса, оларға міндетті түрде салық салынады. «АGIP» және «Теңізшевроил» жобасы бойынша әкелінетін тауарлар арнайы кедендік бақылауда болуы қажет. Біздің арнайы топ тексергенде бұл заттар орнында болмай шықты. Бұл, өз кезегінде, кедендік кодекстің 14-ші бабын бұзу болып саналады, - деді Кедендік бақылау департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Айсұлу Төлеушева.

Кеденшілердің бұл ісін Қазақстан парламенті Мәжілісінің депутаты, «Отан» партиясының мүшесі Серік Әбдірахманов қолдап отыр.

- Шет елдік болсын, басқа компаниялар болсын, барлығы Қазақстан заңдарын орындауы тиіс. Сол себепті Кеден комитеті бұл жолы дұрыс жасап отыр. Болашақта табыстарын тығып жүрген басқа да компанияларды жауапқа тартуы тиіс.

Ал оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов бұның артында саясат мақсат болуы мүмкін деген ой айтады:

- Себебі, бұл компанияның артында қандай күштер тұрғаны белгілі, ол адамдардың, керек болса, геосаяси тұрғыда қандай шешім қабылдайтын мүмкіндіктері де белгілі. Сол себептен мұны қазіргі билік басындағылар сол адамдарға, сол адамдардың маңында жүрген қаржылық топтарға белгілі бір шешімді қабылдату арқылы, саяси шантаж, саяси қадам да болуы мүмкін, бірақ, оны дөп басып айту қиын.

Бұған дейін Қазақстандық және шетелдік басылымдарда жарық көрген мақалаларда АҚШ-тың вице-президенті Чейни мен өзге де лауазымды тұлғалардың кезінде «Halliburton» компаниясының басшылығында болғаны туралы жазылған еді.
XS
SM
MD
LG