Accessibility links

Шымкентте әділдік іздеген ер адам өзін-өзі өртеп жіберді


Маусымның 18-і Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратура алдында Мырзабек Тотынбаев есімді азамат өзін-өзі өртеген. Осылайша жергілікті заң орындарының назарын өз мәселесіне аудармақ болған Тотынбаевтың денесінің 60 пайызын күйік шалып, қазір ол Шымкент ауруханасында жатыр.

Сенбі күні таңертең облыстық прокуратура алдына шыққан 43 жастағы Мырзабек Тотынбаев үстіне жанар май құйып, көпшіліктің көзінше өз-өзін өртеген. Өрт қояр алдында ол мұндай қадамға әлдебір алаяққа жем болып, отбасымен үйсіз қалғандықтан барып отырғанын айтыпты. Бұл туралы Шымкенттен жергілікті журналист Мира Сүлейменова сенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында хабарлады:

- Ол өзінің және өзі секілді басқа да ондаған адамның басындағы жайтқа заң орындарының назарын аударуды көздеген. Олардың барлығы заңнан хабары бар бір алаяқтың алдауына түскеніне шағымданып жүргендер. Өсімге ақша беруді кәсіп еткен әлгі адам кепіл ретінде олардың үйлерін, көліктерін алған. Белгілі болғандай, М.Тотынбаев өткен жылдың желтоқсан айында әлгі адамнан 600 мың теңге қарыз алып, өзінің 4 бөлмелі үйін сату жөніндегі құжатқа кол қойған екен, ол келіссөз күші қарыз қайтарылғаннан кейін жойылуға тиіс болған. Алайда, берешегін қайтара кезде Татымбаев өз пәтерінің басқа біреулерге сатылып кеткенін бір-ақ білген, - дейді Мира Сүлейменова.

Бұл даулы мәселені қараған Шымкент қаласының соты үйді сатушының ісі заңға сай деп тауып шешім шығарады да, азамат Мырзабек Тотынбаев екі баласы және әйелімен үйсіз қалған. Мырзабектің басынан түскен жайтқа Шымкенттегі тағы 14 отбасы тап болыпты. Олар бұл мәселе жөнінде арыз жазып, бірнеше рет жергілікті заң орындарына шағымданған.

Бірақ, заң органдары Мырзабек Тотынбаевтың үйін алған азаматқа қарсы іс қозғаудан бас тартқан. Мұның себебін Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова былай деп түсіндірді:

- Өйткені, бұл іске қатысты сот шешімі шықты. Сот барысында анықталғандай, Тотынбаев мырза Есшанов мырзамен келісім жасаған кезде пәтерді сатып алуға арналған құжатқа өз еркімен қол қойған.

Ал Мырзабек Тотынбаев болса өзін алданып қалғанын айтып, сот шығарған шешіммен келіспей, наразылық білдірген. Әділдік іздеген ол ақыр соңында өзін өртеп, өз басындағы жайтқа қоғам назарын аударуға бел байлапты. Ал өртелерден бұрын ол Шымкенттегі бірқатар билік орындарына бұл жайында ескертіпті.

Қазір денесінің 60 пайызын күйік шалған Мырзабек Тотынбаев Шымкенттегі ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Ал заң орындары бұл мәселе бойынша тексеру шараларына кірісіпті.
XS
SM
MD
LG