Accessibility links

Теміртаулық кеншілер жалақыларына риза емес

  • Ескендір ЕРТАЙ

Нұрсұлтан Назарбаев Қарағандының Шахтинск кенішінде болып, жұмысшылардың айлық жалақысы шілденің 1-нен бастап 10 пайызға, жаңа жылдан бастап тағы да он пайызға өсетінін айтты. Бірақ, жұмысшылар бұған толық қанағаттанбай отыр.

Маусымның 17-сінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысындағы «Миттал Стил-Теміртау» компаниясына қарасты Шахтинск кенішінде болып, қаңтар айында шахта астындағы жарылыста қаза болған 23 кеншінің отбасына жарты жылдан соң көңіл айтты. Президент Назарбаев Шахтинск жұмысшыларымен кездесіп, бұған дейін осы кеніш иесі миллиардер Лакшми Миттал мен жұмысшылар арасында туған келіспеушілікті жұмысшылардың жалақысын 10 пайызға көтеру арқылы шешу жолын ұсынды.

Қарағанды облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Александра Мадиярова, қазірде кейбір жұмысшылар 15 мың теңге көлеміндегі айлық жалақығы жұмыс істеп жүргенін айтады. Ал, «Миттал Стил-Теміртау» компаниясының кәсіподақ комитетінің төрағасы Вячеслав Сидоровтың айтуынша, республикадағы барлық мекемелерде Қазақстан бойынша «Бюджет туралы» заңға орай жалақы мөлшері 32 пайызға өседі.

- Сонда тарифтік ставка 7 мың теңге болса, 1-ші разряд 9 мың 200 теңге болады. Сондықтан, Миттал мырза, Қазақстан Президентінің айтқанындай он пайыз емес, оған қосымша 32 пайыз, яғни жалпы алғанда 42 пайызға қөтеруі тиіс, - деген пікір білдіреді кәсіподақ ұйымының жетекшісі.

Ал, Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бас маманы Серік Шормановтың айтуынша, Қазақстан Президентінің Жолдауында көрсетілген биылғы жылғы шілде айының 1-інен бастап 32 пайызға жалақыны өсіру - тек бюджеттік мекеме қызметкерлеріне қатысты ғана жайт.

- Ал жұмысшылардың жалақысын өсіруге келсек, ол жұмыс берушінің құзырындағы мәселе болып табылады, - дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі.

Қарағанды облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Александра Мадиярова, бұған дейін Қазақстан үкіметі мен Миттал Стил арасындағы келісім-шарт жұмысшылармен ақылдаспай, олардан құпия жасалғандықтан, осындай түсініксіз жайттар жалғаса береді деп санайды. Ал, Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова болса, бұл Қазақстан Президентінің сайлау қарсаңындағы жарнамалық акциясының бірі ғана деп есептейді.

Қазақстан Президенті теміртаулық кеншілермен кездесуде Лакшми Миттал басқаратын компания 1995 жылдан бері комбинатқа бір миллиард доллар инвестиция бөлгенін айтты. Ал, биылғы жыл басында «Форбс» журналы өткен жылы дәулеті бірнеше есе көбейген әлемдегі ең бай адамдар қатарында үшінші орында тұрған Лакшми Митталдың жеке байлығы 25 миллиард долларды құрағанын жазған болатын. Қарағанды облысындағы кәсіподақ жетекшісі Александра Мадиярова айына 15 мың теңге алатын жұмысшыға бір жарым мың теңге қосу оның жыртығын жамай алмайды дегенді айтады. Комбинаттың кәсіподақ жетекшісі Вячеслав Сидоров болса, Президент әкімшіліне хат жазып, он пайыз бен 42 пайыздың ара жігін ашып беруді сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG