Accessibility links

Астанада бос орындарға еңбек жәрмеңкесі өтті

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Жастардың қалаған мамандықтары бойынша жұмысқа тұруына еңбек тәжірибелері жетпейді, ал ондай тәжірибесі бар азаматтардың, оның ішінде әсіресе, әйелдердің жұмысқа тұруы қиын.

Маусымның 16-ы күні Астанада өткен бос орындар жәрмеңкесіне келген астаналық жас тұрғындар осындай қиындықтардың барын айтты. Бұл еңбек жәрмеңкесіне студенттер, институт, колледж бітіргендер, тіпті, мектеп оқушылары да үмітпен келіпті.

Жәрмеңкеге 408 кәсіпорын қатысып, 4380 бос орынға қажетті мамандықтар бойынша қызмет ұсынды. Алайда, ұсынылған бос қызмет орындарының 70-80 пайызы жұмысшы мамандықтарына сұраныс болды. Ал, жұмыс іздеушілер экономист, заңгер және басқа да сала мамандары болып отыр.

Еңбек жәрмеңкесіне келген жастардың қай-қайсы да жұмысқа орналасуда еңбек тәжірибесінің жоқтығы үлкен қиындықтардың бірі дейді. Темір жол колледжін биыл бітірген Кәмшат пен Гүлжанның еңбек жәрмеңкесіне келгендегі үміттері ақталмапты.

- Осы жәрмеңкеден жолымыз болады деп келген едік, бірақ біздің мамандық бойынша ештеңе таппадық. Жұмысқа орналасу қиын, ол үшін негізінен таныстарың болуы керек деп жатады. Өзімізге де тырысуға болады, бірақ қиын. Әке-шешесі темір жолда істейтін курстастарымыз бірден жұмыс тапты, ал біздің жұмыс іздеуімізге тура келеді, - дейді Кәмшат.

Оның құрбысы Гүлжан жәрмеңкеге негізінен жеке меншіктегі кәсіпорындар қатысып отырғанын айтады:

- Біз не істерімізді білмей тұрмыз. Темір жол саласы бойынша да мамандықтарға сұраныс болғанда ғой, бізге де жұмыс табылып қалар еді.

Бірінші курсты бітірген Әсел есімді жас та еңбек жәрмеңкесіне үміт артып келіпті. Алайда, ол жұмысшы мамандығынан гөрі кеңсе жұмысын ұнататынын айтады. Ал биыл дәрігер дипломын алған Талғаттың еңбек жәрмеңкесіне бірінші рет келуі екен. Екі жыл бұрын заңгер мамандығын алған Ерлан есімді жас та еңбек жәрмеңкесіне жұмыс табыла ма деген мақсатпен келіпті.

- Ең бастысы - жұмыс табу, ал оның еңбекақысы қандай болатыны мені аса қызықтырмайды, - дейді ол.

Ал, Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің қызметкері Татьяна Васильева диплом алған жастар үшін төменгі еңбекақы көлемінде мемлекеттік және жеке меншік мекемелерде 3 айдан 6 айға дейін тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасалатынын айтады.

- Алайда, кейде жастар төмен жалақыға жұмыс істеуге келісе бермейді, - дейді Т.Васильева.

Еңбек жәрмеңкесіне келгендердің бірі, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің үшінші курс студенті Әсем, қазіргі заманда жастар үшін жұмыс табу қиын деп есептейді. Сондай-ақ, ол жұмыс берушілер жастарды арзан жұмыстарға алуға ықыласты дегенді айтты. Еңбек жәрмеңкесіне келгендер арасында мектеп жасындағылар да кездесті.

Биыл ғана 9-шы сыныпты бітірген Бауыржан еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келген оқушы. Ол жазғы демалысты босқа өткізбей, өзінің киім-кешегіме қаржы табуды, ал егер одан артылып жатса, отбасы бюджетіне аз да болса табыс енгізіп, ата-анасына болысуды мақсат етіп келіпті. Әскери борышын жақында өтіп келген Мұраттың да еңбек жәрмеңкесінен жұмыс тапсам деген үміті зор.

Астана қалалық әкімдігінің департамент директорының орынбасары Галина Криничнаяның айтуынша, маусымның басындағы мәлімет бойынша Астанада 2800-ден аса адам жұмыс сұрап өтініш жасапты. Ал, статистикалық басқарманың мәліметі бойынша Астанада ресми тіркеуде тұрған 25 мың жұмыссыз бар екен.
XS
SM
MD
LG