Accessibility links

Қазақстандық «Seimar Social Fund» жекеменшік қайырымдылық қоры жер бетінде жойылып кетудің алдында тұрған ақбөкендерді қорғау үшін, «SOS-ақбөкен» деп аталатын арнайы жобаны қолға алып отыр. Жобада екі грант қарастырылған. Қор бөлген ақшаға бөкендерді қорғау үшін көлік алынып, бейнероликтер түсіріледі. Санақ мәліметтеріне қарағанда, бөкендердің саны соңғы 10 жылда 40 есеге азайған.

«SOS-ақбөкен» жобасы шеңберінде екі шара қарастырылған. Алдымен қор мамандары ақбөкендердің басын көбейтумен және қорғаумен айналысатын аңшылық инспекциялар мен орманшы-қорықшыларға арнап 13 миллион теңгеге 10 «УАЗ» автокөлігін және 10 спутниктік байланыс құралын сатып алды. Аңшылық және орман шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Наурызбай Қадіркеев бұл іске жолсыз жермен жүре алатын толық жабдықталған «УАЗ» көліктері өте керек дегенді айтады:

- Қазақсанда киік жүретін жердің территориясы үлкен. Оның үстіне олар көлікті толық жабдығымен береміз деп отыр.

Ал, құны 100 мың АҚШ доллары шамасындағы екінші грант арнайы телехабарлар жасауға, соның ішінде бес әлеуметтік ролик пен бір-екі фильм түсіруге жұмсалмақ. Аңшылық және орман шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Наурызбай Қадіркеевтің айтуынша, Қазақстаннан тыс жерге қыстап кеткен бөкендердің біразы адамға жем болып қайта оралмайды екен. Ал, бөкендерді қорғау жұмыстарын насихаттағандары үшін арналар көп қаржы талап етеді:

- Қыстыгүні бөкендер Өзбекстанға қыстап кетеді. Көп болмайды - 2 ай. Бірақ, онда киік қорғау жұмыстары нашар, сондықтан тағы аңның біразы атылып кетеді. Браконьерлер ұсталады. Бірақ, халық оны білмейді. Теледидардан көрсетейін десек, барлығы ақша сұрайды.

Бөкендерді қорғап келген ұйым мүшелері бұған дейін қалталы азаматтардың кейбіреуі қымбат машиналар алып, бөкендерді атуға шықса, енді қаражаттарын бөкендерді қорғауға жұмсайтындар шыға бастады дейді. «Seimar Social Fund» қорын құрған компания мүшелері бөкендерді қорғаудан басқа мақсатымыз жоқ деп отыр. Бірақ, тиісті орындар тарапынан қандай шаралар қолданса да, браконьерлік азаяр емес деген пікір бар. Әйтсе де, осыған қарамастан орман және аңшылық комитеті киіктерді Қызыл кітапқа кіргізбей отыр дейді «Киік» бағдарламасының менеджері Аманай Мырзабаев:

- Киік, өкінішке орай, Қызыл кітапқа тіркелмей отыр, ауыл шаруашылық министрлігінің аңшылық және орман шаруашылығы комитетіне берген біздің ұсынысымызға қарамастан, осындай жағдай орын алып отыр.

Ал, аңшылық және орман шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Наурызбай Қадіркеев болса, бұл мәліметті теріске шығарып отыр. Күрес шаралары да жалғасып келеді дейді ол. Қазақстанда браконьерлердің ең көп ұсталатын аймағы - Ақтөбе облысы екен. Облыстық аңшылық және орман шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Аябаевтің айтуынша, жуырда 6 ұрғашы және 2 еркек бөкенді өлтірді деп күдіктелгендер ұсталған:

- Өзбекстанның 2 азаматы ұсталды. 9 киікті заңсыз атқаны үшін сот екеуін де 2 жылға бас бостандығынан айырды.

«Киік» бағдарламасының мамандары, «осы уақытқа дейін бөкендерді есептеумен оған аңшылық жасап келген ұйымның өзі айналысқан. Сондықтан, оларға бөкендердің санын көбейтіп жазған тиімді» дейді. Оның үстіне табиғатқа келтірілген шығынның орны толмайды деген пікірлер айтылады. Ақтөбе облысының аңшылық және орман шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Аябаевтің айтуынша, әр бөкен шамамен 200 мың теңгеге бағаланған. Бірақ, бөкендерді өлтіргендердің барлығы бірдей келтірген шығындарын өтей алмайды дейді ол:

- Былтыр да болды төлей алмайтындар. Ақшалары жетпейді, әлеуметтік жағдайы төмен. Сол сот шешімдері аяғына дейін орындалмай қалады.

Бөкендерге аңшылық жасауға салынған тиым биылғы жылдың жазында аяқталады, оны ұзарту тек желтоқсан айында жүзеге асуға тиіс. Ал, ресми мәлімет бойынша, 2004 жылы Қазақстанда бөкендерді қорғау үшін 99 миллион теңге бөлініпті.
XS
SM
MD
LG