Accessibility links

АҚШ ресми өкілдері Өзбекстанға қатысты ортақ ұстанымда емес

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

АҚШ президенті Джордж Буштың әкімшілігі Өзбекстанға байланысты түрлі көзқарас білдіріп жатыр. Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райс Әндіжанда мамырдың 13-інде болған оқиғаға байланысты халықаралық тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырды. Алайда, Пентагон бұл сауалға орай әзірге үнсіз қалып отыр.

АҚШ Мемлекеттік департаменті Әндіжанда болған қантөгісті қырғынды халықаралық дәрежеде дербес зерттеу қажеттігін талап еткен болатын. Бұған жауап ретінде Өзбек президенті Ислам Кәрімов Ханабад әскери базасын АҚШ күштерінің пайдалануына шектеу жариялаған еді. Кәрімовтың бұл қадамына Құрама Штаттардың ресми өкілдері өткен аптада түрліше жауап берді.

Азаттық радиосының Вашингтондағы тілшісі Андрю Тюли хабарласқан кезде Пентагон мен Мемлекеттік департамент өкілдері дәл анықтама беруден жалтарды. Ал, АҚШ қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд болса, НАТО тарапынан Өзбекстандағы сол қырғынға байланысты болуы мүмкін зерттеулердің алдын алып, оған тойтарыс беруге көмектесіп те үлгерген екен.

Ал, Әндіжан оқиғасын халықаралық тұрғыда зерттеуге шақырған пікірін Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райс маусымның 16-сы күні тағы қайталаған болатын. Дей тұрғанмен, АҚШ әскерилерінің Ауғанстандағы шаралары үшін Ханабад базасының айрықша рөл атқаратындығын ол мойындап та отыр.

- Өзіңіз айтқандай, біз осы мәселелермен бетпе-бет келген тұста, президент Буш біздің ұзақ мерзімге арналған стратегиялық мақсаттарымыздың ашық саяси жүйе арқылы және демократияландыру үдерісі барысында жүзеге асатындығына біздің сенетінімізді айқын түрде мәлімдеді деп ойлаймын. Сондықтан да біз бұл мәселені одан әрі күн тәртібіне қоюдамыз, - деді Райс ханым

Ол сондай-ақ, өз мақсатына жету үшін Кәрімовтың Ханабад базасына байланысты мәселені пайдалануға тырысуы жеміссіз болмақ деген пікірін қоса білдірді. Стефан Шварц есімді сарапшы Кәрімовке қатаң түрде қарсы тұру идеясын ұсынған мақала авторларының бірі еді. Ол мақала “Уйкли Стандард” деп аталатын консервативтік бағыттағы саяси басылымда жарық көрген болатын.

«Ресми Ташкентпен АҚШ байланысын үзуге шақырмайды, әрине. Дей тұрғанмен, Америкамен байланыс мәртебесін сыйлауды Кәрімовтен талап ету ресми Вашингтонның міндеті» деп санайды сарапшы Шварц.

- Шынын айтқанда, Ауғанстандағы соғыс негізінен аяқталған кезде, Өзбекстанда қандай да бір база орнатудың АҚШ үшін еш қажеті жоқ. Демек, Құрама Штаттарының өз базаларын бұл елден көшіруіне болады, - дейді Шварц мырза.

Вашингтонда орналасқан Қорғанысқа байланысты ақпарат орталығының сарапшысы Маркус Корбин бұл пікірмен келіседі. Яғни, Буш әкімшілігі Ханабад базасынан өз әскер күштерін алып шығуы тиіс деп біледі ол. Азаттық радиосына берген сұхбатында Корбин мырза әскери қажеттіліктер мен адам хұқықтарын қорғау міндетін үнемі сәйкестікте ұстау - Құрама Штаттар үшін тарихи тұрғыда оңайға соқпай келгендігін айтты.

Нақтылай айтқанда, Құрама Штаттар кей жағдайда адам хұқықтарын өрескел түрде аяққа таптаушы өкіметтермен одақ құруға барып отырған. Корбиннің пікірінше, Орта Азияда АҚШ күштерінің қолдануына болатын басқа да базалар бар. Мысалы, Кәрімов тарапынан жоғарыда айтылған тиым жарияланған тұста Американ күштері Қырғызстанның базаларын пайдалануда еді.

Ол базалар Ханабадпен салыстырғанда аса қолайлы да бола қоймас. Алайда, бұл Кәрімовпен әріптестікті жалғастырғаннан гөрі, бірден-бір оңтайлы жол болып отыр деді сарапшы Корбин Азаттық радиосына берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG