Accessibility links

Шығыс Қазақстан облысының шекарасынан 25 шақырымда орналасқан Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр ауданында құс тұмауы ауруының ошағы пайда болғаны туралы хабар тарап отыр. Осыған байланысты Астана мен Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында, шекаралық байланыс бекеттерінде келім-кетім адамдарды тексеру шаралары қолға алынды.

Бұл туралы маусымның 20-сы күні Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоног мәлімдеді. Сондай-ақ, Қазақстан аумағына құс өнімдерінің әкелінуін бақылау, құс тұмауы анықталған елдерден мұндай өнімдердің импортын шектеу жұмыстары атқарылуда.

Құс тұмауы ауруынан Въетнам, Комбоджа және Тайландта тұратын халық арасында 54 адам қайтыс болған. Бүгінде аталған аурудың ошағы Шығыс Қазақстан облысына 25 шақырым қашықтықта орналасқан Қытай Халық Республикасының солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің аумағында болып отыр.

Осыған орай Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі алдын-алу шараларына кіріскен. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері, денсаулық сақтау вице-министрі Анатолий Белоног мырзаның айтуынша, Қытайда құс тұмауы белгісі бар деген бір мыңнан астам қаздың 460-сы өлген көрінеді. Бас санитарлық дәрігер жабайы құстардың Оңтүстік-Шығыс Азиядан Қытайға Қазақстан арқылы ұшып шығуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

- Оңтүстік Шығыс Азиядан келетін құстар біздің Қазақстан арқылы ұшады, - дейді А.Белоног.

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, республиканың барлық өңірінде Мемлекеттік шекарадан өту пункттерінде, ҚХР және басқа да елдермен көлік байланысы бар халықаралық әуежайларда санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілген. Емдеу, алдын-алу ісі департаменті директорының орынбасары Дүйсебай Жаңабаев бүгінде аса қауіпті саналатын дертті Қазақстан территориясына енгізбеу шаралары қолға алынып жатқанын айтты:

- Құс тұмауынан пайда болған өкпе қабынуы жақсы ауру емес. Егер шекарада қатаң бақылау жүргізіліп тұрса, аурудың алдын-алуға болады. Бүгінде құс тұмауына қарсы қолданылатын вакцина болмағандықтан, ондай ауру жұқтырған адамды емдеп-жазу қиын, тек симптоматикалық көмек көрсетуге ғана мүмкіндік бар. Симптоматикалық көмек көрсету дегеніміз – қызуы болса түсіру, жөтелі болса басу, т.с.с. Егер шетелдерде болған адамдар болса, әсіресе Комбоджа, Қытай аймақтарынан келгендердің бойынан аурудың белгілері байқалса, тез арада дәрігерге көрінуі керек, - дейді Дүйсебай Жанабаев.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің карантиндік және жұқпа аурулар бөлімінің бастығы Аймағанбет Жолшорынов қазіргі кезде құс тұмауын дер кезінде анықтайтын арнайы лабораториялардың дайындалып жатқандығын айтады:

- Аурудың алдын алу мақсатында республикалық СЭС мен Ұлттық ғылыми орталықта лабораториялар салынып жатыр, олар таяуда іске қосылады.

Қазіргі таңда медицина ұйымдарының, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, темір жол және әуе көлігі қызметкерлерін құс тұмауы анықталған немесе күдік тудырған жағдайларға даярлау жүргізіліп, эпидемиологиялық асқынулардың өршуін болдырмау мақсатында жедел шаралар қабылдауға арналған хабарлаулар мен іс-шаралар үлгісі әзірленген.

Мамандар, жұқпалы аурудың алдын алудың тиімді жолы ретінде Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің арасындағы сауда және басқа да мақсаттағы барыс-келіс, сауда-саттық қатынастарын мейлінше шектеу қажет екендігін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG