Accessibility links

Оппозиция қайраткері Азаматтық партияны жабуды талап етті


Маусымның 20-сы күні Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында «Әділетті Қазақстан» демкоратиялық қозғалысының төралқа мүшесі әрі әлі ресми тіркелмеген «Алға, ҚДТ» халықтық партиясының жетекшісі Асылбек Қожахметовтың жеке талабы бойынша, Қазақстанның «Азаматтық партиясы» мен оның төрағасы Азат Перуашевқа қатысты басталған сот ісінің алғашқы отырысы болды. Талапкер Қазақстандық оппозициялық саясаткер Асылбек Қожахметов Қазақстанның Азаматтық партиясын экстремистік деп танып, партияны жабуды талап етіп, сотқа жүгінді.

Оппозициялық саясаткер Асылбек Қожахметов Азаматтық партияның жетекшісі Азат Перуашевты үстіміздегі жылдың наурыз айының 25-інде Астана қаласында Қазақстанның Азаматтық және Аграрлық партияларының жетекшілерінің бірлесіп өткізген баспасөз мәслихатында саяси экстремизм туғызатын ортақ мәлімдеме жасады деп айыптап отыр.

Маусымның 20-сы күні судья Гүлбаршын Пірімбетованың қарауында басталған сот ісінде талапкер, «Әділетті Қазақстан» қозғалысының төралқа мүшесі Асылбек Қожахметов сотта алғаш рет өзінің жеке талабын жария етті.

- Қырғызстандағы саяси биліктің ауысуына әкелген оқиғаларға байланысты, наурыздың 25-күні, Астана қаласында Қазақстанның “Азаматтық” және “Аграрлық” партиялары бірігіп өткізген баспасөз мәслихатында, “Аграрлық партия” төрағасының орынбасары Чалышев, “мұндай жағдайлар Қазақстанда қайталанбайды. Егер қажет болса, егемендігімізді қолымызға қару алып қорғаймыз” десе, осы партияның төрағасы Ромин Мадинов “Оппозицияны ол пайда болғаннан тұншықтыру керек, билікке қарсы кез-келген әрекет жазалануы тиіс” деген мәлімдеме жасады. Бірлескен мәлімдемеге Қазақстанның “Азаматтық партиясының” төрағасы Азат Перуашев қол қойған, бірлескен баспасөз мәслихатына қатысқан және ол, өзінің бірлескен мәлімдеме мен журналистердің сұрағына берген жауаптардың мазмұнымен келіспейтіндігі туралы ештеңе айтқан жоқ. Яғни, бұл оның жоғарыда айтылғандармен толық келісіп отырғанын білдіреді.

Өз талабының себебін осылай түсіндірген талапкер Асылбек Қожахметов Қазақстанның «Аграрлық» және Қазақстанның «Азаматтық» партиялары жетекшілерінің бірлескен мәлімдемесінен саяси экстремизм аңқып тұр деген тұжырым жасайды.

- Осыған байланысты мен соттан Қазақстанның “Азаматтық” партиясын экстремистік деп тануды, “Экстремизмге қарсы әрекет туралы” заңға сәйкес, оның қызметіне тиым салуды және прокуратураға партияның төрағасы Азат Перуашевтың үстінен қылмыстық іс қозғауды бастауды тапсыруды сұраймын, - деді Асылбек Қожахметов.

Сотқа басты жауапкер, Қазақстанның «Азаматтық» партиясының төрағасы Азат Перуашев келмеді. Сотта оның және партияның құқығын қорғаған, өзін “Азаматтық” партияның өкілімін деп таныстырған Әсет Атабаев, Азат Перуашевтың бірлескен мәлімдемеге қол қоймағанын айтты. Ал талап қоюшы жақтың дәлел ретінде келтірген баспасөз мәлімдемесіне өзінің күдігі барын жеткізді. Талапкер А.Қожахметовтың аталған баспасөз мәслихатынан түсірілген бейнесюжеттің барлығы жайлы айтқан дәйегіне қорғаушы Әсет Атабаев, Қазақстанның “Азаматтық” партиясының жетекшісі Азат Перуашев талапкер айтқан мәлімдемелерді жасаған емес және оған қатысты айтылған пікірлерге де қосылмаған деп жауап берді.

- Журналистер “Аграрлық” партияның жетекшілері Чалышев пен Мадиновтың айтқан кей сөздерінің өңін аударып берген. Әскерилендірілген топтар құру туралы, оппозицияны тұқншықтыру жайлы айтылған сәттер баспасөз мәслихатында болмаған, олар белгісіз бір күштердің әсерімен кейін қосылып кеткен тәрізді, - деді Әсет Атабаев.

Оппозициялық саясаткер әрі осы соттағы талапкер Асылбек Қожахметов келесі сот отырысына өз сөздерін бұлтартпайтын дәлелдер алып келетінін айтады.

- Келесі сот отырысына біз айтылған баспасөз мәслихаты өткен Ұлттық баспасөз клубының өкілін алып келеміз. Ол жауап беруші жақ мойындамай отырған баспасөз мәлімдемесінің шын екендігін нақты дәлелдеп бере алады. Өйткені, бұл баршаға жарияланған нәрсе.

Екі жақтың сөздерін тыңдап болған соң, судья Пірімбетова, аталған іске байланысты сот отырысында шілденің 1-іне дейін үзіліс жариялады.
XS
SM
MD
LG