Accessibility links

Баспасөзге шолу. 21 маусым 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Газеттерде алдағы президенттік сайлаудың қашан өтетіндігі туралы сөз болыпты. Оппозициялық басылымдар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтың президент сайлауы 2006 жылдың желтоқсанында өтеді деген пікіріне күдік келтіріп отыр.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген мақалада Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтың алдағы президент сайлауының 2006 жылдың желтоқсанында өтуге тиіс деген көзқарасты ұстанып отырғаны баяндалыпты. Оңалсын Жұмабековтың айтуынша, ауыл әкімдерінің сайлауы өтпеуі де ықтимал. Газет тілшісінің хабарлауынша, оның себебін ОСК төрағасы О.Жұмабеков “Жергілікті өзін-өзі басқару” туралы заң жобасының дайын болып қалғандығымен, ол заң қабылданған кезде, ауыл әкімдері институтының мүлде болмауы мүмкін екендігімен түсіндіріпті.

“Республика” басылымында жарық көрген мақаласында Мұхаметжан Әділов Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтың президент сайлауы 2006 жылдың желтоқсанында өтуі мүмкін екендігіне қатысты айтқан пікіріне күдік келтіріпті. Мақала авторының айтуынша ресми биліктің оппозицияға қарсы жасалған репрессиялық тәсілдерін ақтап алу және билік басында қалып қойып, оны өз адамының қолына табыс етіп кетуі үшін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз қарсыластары санының тым аз екендігін дәлелдеуге бар күшін салады.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, қазіргі уақытта президент әкімшілігіндегі саяси технологтар оппозициядан түсетін ортақ кандидат Жармахан Тұяқбай аз дауыс алуы үшін қатты жұмыс жасап жатыр. Сол себептен де мақала авторы келешекте қазақстандық оппозиция алдағы өтетін президент сайлауына қатысудан бас тартуы да мүмкін деп есептейді.

“Айқын” басылымына берген сұхбатында “Отан” партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов президент сайлауының биыл өтуі қажет екендігі туралы өз көзқарасын білдіріпті.

Ақын Олжас Сүлейменов “Мегаполис” апталығына берген сұхбатында өткен жылдың соңында баспасөз арқылы президент сайлауына түспейтіндігін анық білдіргеннен соң және билік үшін теке-тірестің соңы қайғылы оқиғалардың орын алуына мұрындық болуы мүмкін екендігін мәлімдегеннен кейін, өзін сынаушылар қатарының көбейіп кеткендігін тілге тиек етіпті. Олжас Сүлейменовтың айтуынша, нағыз оппозиция режимнің жетістіктері мен ерекшеліктерін бағалай білуі және халықтың жағдайының жақсаруына ықпал етуі тиіс.

“Литер” басылымында жарық көрген Игорь Неволиннің мақаласында алдағы президент сайлауына кімдердің қатысуы мүмкін екендігі туралы сараптама жасалыпты. Мақала авторының айтуынша, “Асар” және “Қазақстанның демократиялық партиясының” бірігуінің арқасында құрылған демократиялық блоктың басшыларының бірі Мақсұт Нәрікбаев алдағы президент сайлауына өз адамдарын ұсынатындарын мәлімдепті.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Ақ жол” партиясының басшысы Әлихан Бәйменов та газетке берген сұхбатында билік үшін бағын сынап көру ойы бар екенін мәлімдепті. Сондай-ақ, Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымовтың да алдағы президент сайлауына қатысатындығы белгілі болып отыр. Сонымен қатар, мақалада ұлттық-патриоттардың алдағы президенттік сайлауға Кәрішал Асан-Атаның кандидатурасын ұсынуды көздеп отырғаны да айтылыпты.

Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, егер де белгілі бір себептерге байланысты “Әділетті Қазақстан” қозғалысы ыдырайтын болса, онда бұрынғы ақпарат министрі де президенттік сайлауға қатысуы мүмкін.

“Жас Алаш” басылымында жарық көрген Жұлдыз Әбділданың мақаласында президент жолдауын жасап, зейнетақының өсетіндігі белгілі болғаннан кейін базардағы бағаның күрт көтеріліп кеткені айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, соңғы кездің өзінде ғана азық-түлік өнімдерінің бағасы екі жарым есеге шейін көтеріліп кеткен екен.
XS
SM
MD
LG