Accessibility links

Иранда президент сайлауының екінші кезеңі өтетін болды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Иран ішкі істер министрі өкілі Ханжанидің айтуынша, дауыс беру кезінде орын алған көптеген заңсыздық және келеңсіздіктер алдағы жұмаға белгіленген сайлаудың екінші айналымында кері әсер етуі ықтимал.

Иран ішкі істер министрлігі өткен жұмада болған дауыс беру үдерісі кезінде бірталай заңсыздықтар мен келеңсіздіктер орын алды деп ресми жариялады. Бірақ, ол аптадағы сайлаудан кейін Исламшыл Күзетшілер кеңесі келеңсіздік жөніндегі ондай шағымдарды мойындамаған болатын. Қайта сайлау кезінде президент орны үшін Теһран қаласының әкімі Махмуд Ахмадинежад пен бұрынғы президент Акбар Рафсанжани 19,5 және 22 пайыздық межемен 1-ші және 2-ші орынды иеленіп, енді келесі кезеңде қайтадан бәсекеге түскелі отыр.

Бақылаушылар болса, егер бұл жолы бұрынғы министр, қазірде Теһран қаласының әкімі қызметіндегі консерватор саясаткер жеңіске жетсе, онда антибатыстық діни қатаңқолды жетекшілерге барлық басқару орындарындағы билік тізгінін беріп қояюы ықтимал деген пікір айтып жатыр.

Дүйсенбі күні қатарынан 4 газет елдің Жоғарғы рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменейге сынға толы хат жолдаған. Оның авторы осы сайлау нәтижесінде 3 орынды иемденген үміткер Мехди Қарруби екен. Бірақ, Теһран прокуратурасы ол газеттердегі жазылған сындарды жалған және қауесетті мәліметтер деп айыптаған. Бұған ол газеттер де өз жауаптарын беріп жатыр. «Еқбал» деген тиым салынған, бірақ реформистік бағыттағы газеттің бас редакторы Теһраннан «Ройтер» агенттігінің тілшісіне былай деген:

- Полиция офицерлері келіп прокуратурадан жолданған қағазды көрсетті. Ол - газетімізді бір күнге жабу туралы прокурордың шығарған шешімі екен. Бірақ, оның себептері жөнінде ештеңе жазылмапты. Біздіңше, оған түрткі болған нәрсе - газетте президенттіктен үміткер Қариби мырзаның Жоғарғы рухани жетекшіге жазған хаты болар деп түсіндік.

Сонымен «Еқбал» газеті сейсенбі күні шықпай қалды. Хабарларға қарағанда, енді бұл науқан әбден қызайын деп тұрғаны байқалады. Президент қызметінен үміткерлер - Акбар Хашеми Рафсанжани мен Теһран мэрі Махмұд Ахмадинежад арасындағы үгіт-насихат шайқасы жұма күнгі қайта сайлауға туп-тура бір тәулік қалғанда аяқталуы тиіс.

Ирақ жаңалықтар агенттігі таратқан хабарларға қарағанда, қос үміткерге бүйрегі бұратын топтар мен партиялар, беделді қайраткерлер өз қалаулыларын қолдап, үгіт жүргізуді қыздыруда.

Акбар Рафсанжани Иранды 1989 жылдан 1997-жылға дейін 8 жыл басқарған болатын. Ол Иранға айтарлықтай әлеуметтік және экономикалық реформалар әкеле білген басшы. Оны жұрт прагматист деп біледі. АҚШ пен Иран арасында өзара байланысты біршама жөндеуге, Ирандағы даулы ядролық қару мәселесін шешуге атсалысқан президент.

Ал Ахмадинежад мырза Төңкерістік күзетте және ерікті милиция күштерінде нұсқаушы болған. Оны қолдаушылардың айтуынша, Ахмадинежад халықпен өзара жақындаса алатын, оларға қатысты мәселені жедел шеше алатын фундаменталист. Сондай-ақ, ол Ислам шариғат заңына өте берік жетекші ретінде танымал. Парламенттегі консервативтік топтан 132 мүше халықты Амадинежад үшін дауыс беруге шақырып отыр.

Ирандық белгілі журналист, адам құқықтарын қорғаушы Емадеддин Бағи, егер Рафсанжани жеңілсе, онда Ирандағы адам құқықтары жағдайы нашарлайды десе, Нобель сыйлығының иегері Ширин Ебади ханым бұл сайлау еркін және әділетті өтпейтіндіктен, оған қатыспаймын деп мәлімдеген.

- Заңгер, адам құқықтары заңдарын жақсы түсінетін азамат ретінде айтарым, мен тек қана таза, еркін және адам құқықтары талаптарына сай сайлауға ғана қатыса аламын, - дейді Нобель сыйлығының иегері Ширин Ебади.
XS
SM
MD
LG