Accessibility links

Баспасөзге шолу. 22 маусым 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбі күнгі газеттер осыдан 64 жыл бұрын басталған совет-герман соғысы тақырыбына айрықша тоқталыпты. Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар мен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырау облысына жасаған екі күндік сапары да мерзімді басылымдардың назарынан тыс қалмапты.

Маусымның 22-сі – совет-герман соғысы басталған күн. Биыл осы күні жарық көрген “Айқын” басылымында осы тақырыпқа арналған мақалалар топтамасы орын алыпты. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының докторы Тілеу Көлбаевтың “Ұлы Отан соғысының айтыла бермейтін шындығы” атты мақаласында, не себептен советтер одағында екінші дүниежүзілік соғыс барысында адам шығыны басқа елдермен салыстырғанда едәуір көп болғандығына байланысты сараптама жасапты.

Тарихшының келтірген сараптамасына сүйенсек, егер советтер Одағы дер кезінде соғысқа дайындала білсе, фашистер Ленинград пен Мәскеуге, Сталинград пен Кавказға жетпейтін еді. Сондай-ақ, тарихшы өз мақаласында соғысқа дейінгі жылдары совет қоғамына төнген жаппай репрессиялар ССРО-ның қорғаныс мүмкіндігіне кері әсерін тигізді деп пайымдайды. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, 1935 жылдың 1 қаңтарынан 1941 жылдың 22 маусымына дейін, 19 миллион 840 мың адам халық жауы ретінде тұтқындалған.

Олардың 7 миллионы ату жазасына кесіліп, қалғандары лагерде өлген. Мұрағаттағы мәліметтер бойынша, 1938 жылдың 27 қарашасы күні НКВД Сталиннен, Молотовтан және Кагановичтен 28 679 әскери қызметшіні ату жазасына кесу туралы санкция алған. Мақала авторының айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға шейін жазықсыз өлген әскерилердің саны 50 мыңға жақындайды.

“Комсомольская правда” газетінің “ҚАЗАҚСТАН” қосымшасында жарық көрген Қарлығаш Нұралиеваның мақаласында екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Голландияда қаза тапқан 865 солдаттың арасында 8 қазақстандық жауынгердің болғандығы айтылыпты. Автор өз мақаласында голландиялық журналист Ремко Рейдингтің және Нидерландыдағы Қазақстанның бас консулдығының арқасында екінші дүниежүзілік соғыс кезінде осы жақта қаза тапқан үш қазақстандық жауынгердің туыстарының табылғандығын да тілге тиек етіпті.

“Литер” басылымында жарық көрген Сергей Борисовтың мақаласында соңғы жылдары екінші дүниежүзілік соғысты ең алдымен кімнің бастағаны туралы пікірталастың жиі-жиі айтылып жүргені баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, қазіргі кезде Ұлыбританияда тұратын тәжірибелі барлаушы Владимир Резунның кітабында соғыстың басталуына Сталиннің өзінің мұрындық болғаны туралы дерек бар көрінеді.

Сондай-ақ, сәрсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдар Қырғызстан мемлекетінде орын алған соңғы оқиғаларға да баса назар аударыпты. “Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген Зарина Бахаутдинованың мақаласында күн ысып, жаз маусымы басталғанымен, көптеген қазақстандық азаматтардың Ыстықкөлдің жағалауында демалып қайтуға бармайтындығы айтылыпты.

Мақала авторының айтуынша, оған ең алдымен Қырғызстан мемлекетіндегі саяси оқиғаның шиеленісіп кетуі себеп болып отыр. Газет тілшісінің хабарлауынша, Ыстықкөл жағалауында демалуы қауіпті емес пе, билік ауысқаннан кейін ол жерде демалудың бағасы қандай болады, шекарадан өту үшін қандай құжаттар қажет деген сыңайдағы сауалдар қазіргі күндері қазақстандық азаматтардың алаңдаушылығын туғызуда. Осыған орай мақала авторы, Қырғызстанда төңкеріс орын алғанымен, Ыстықкөлдің жағалауындағы тұратын халықтың қалыпты жағдайда өмір сүріп жатқандығына да тоқталыпты.

“Газета kz” апталығында жарық көрген мақалада соңғы кездегі Бішкектегі тәртіпсіздіктердің орын алуына мұрындық болғандар туралы Қырғызстан Ішкі істер министрлігі олардың жалдамалылар екендігі туралы мәлімде жасағаны хабарланыпты. Қырғызстан Ішкі Істер Министрлігінің мәліметіне сүйенсек, шеруге қатысқандардың әрқайсысына 20 доллардың көлемінде ақша төленген.

Ал, “Егемен Қазақстан”, “Экспресс К” және “Казахстанская правда” басылымдары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырау облысына жасаған екі күндік жұмыс сапарының қалай өткендігіне тоқталыпты.
XS
SM
MD
LG